Төрт миллион тоннадан астам мал азығы әзірленді

Тышқан жылында елді пандемия деген пәлекет титықтатып, қалың ел аса қауіпті індеттің салдарынан айлар бойы «інінен» шықпай, бұғып жатты. Әр жылдың өз «иесіне» қарай «мінезі» болатынын мәністеген қазақ ежелден даладай дархандығы бар сиыр жылынан күткені де көп еді. Бірақ, бұрын-соңды болмаған қуаңшылық жердің шаңын көкке суырып, өріске кеткен малдар от жеп емес, топырақ жалап қайтып жүрді.
Салдарынан тек Маңғыстау облысының өзінде бір жылда мыңнан астам мал көтерем боп құлады. Бұл қуаңшылық тек еліміздің батыс өңірін ғана емес, сонымен бірге шөбі шүйгін, жері құнарлы делінетін оңтүстік өлкесіне де ауыр тиді. Әсіресе, Түркістан облысының күнгей бетіндегі Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Отырар аудандары мен Арыс қаласында құрғақшылық болып, шөп жылдағыдай бітік шықпады. Бірақ, бұл облыстағы егістікті әртараптандырудың арқасында жем-шөптен айтарлықтай қиыншылық болған жоқ. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде биыл мал азығы дақылдарының көлемі 4 мың гектарға ұлғайып, 216,8 мың гектарға орналастырылған. Нәтижесінде биыл облыстағы мал басына қажетті 3,9 миллион тонна мал азығын дайындау туралы жоспар артығымен орындалды. Жүйелі жоспар мен диқандардың еселі еңбегінің нәтижесінде 4,1 миллион тонна (108%) мал азығы жиналды. Атап айтсақ, 2,1 миллион тонна жоңышқа, 195,1 тонна сабан, 103,2 мың тонна пішендеме, 1,7 миллион тонна шөп және 39,1 мың тонна сүрлем әзірленген.
Бұдан бөлек, орман қорындағы жайылым алқаптарды шаруалардың уақытша пайдалануына беру жұмыстары да ұтымды пайдаланылды. Жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастыруымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Төлеби, Шардара, Отырар аудандарының орман қорындағы жайылым жерін және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалынды. Осы арқылы 736 агроқұрылымға 842,1 мың гектар жайылым жер, шөп шабу үшін 47 агроқұрылымға 3 мың гектар шабындық жер берілді.
Биыл 216 мың гектар жерге егілген астықтың әр гектарынан 15 центнер өнім алу жоспарланды. Алайда, жауын-шашынның аз түсуінен әр гектардан 10 центнер өнім түсті. Облысқа 742 мың тонна мал азықтық жем қажет болса, жинақталғаны – 426,3 мың тоннаны, яғни 60 пайызды құрап отыр. Жерге қар түсіп, күн суытқанға дейінгі бір-екі айда тағы 158 мың тонна жем жиналады деген жоспар бар.
Сонымен қатар, аудан, қалалардағы 2244 агроқұрылымнан 56 мың тонна азықтық жемге сұраныс түсті. Осы сұранысты орындау мақсатында Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және тағы басқа да өңірлерден бидай, кебек, арпа сатып алу үшін операторлар белгіленді. Түркістан облысына азықтық жемді жеткізетін бес бекет анықталды. Олар Шымкент, Сары-ағаш, Түркістан қалалары және Түлкібас, Отырар аудандарының теміржол бекеттері.
Жем-шөп тасымалдау шығынын 75 пайыз жеңілдетілген бағамен жеткізу бойынша облыс әкімдігі мен «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ арасында келіссөз жүргізілуде.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау мақсатында биылғы жылы жергілікті бюджеттен 8195,3 миллион теңге қаралған. Оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 5 177,8 миллион теңге, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруға 3 017,5 миллион теңге жоспарланған.
Иә, сұраныс артқан сайын бағаның да мың құбылатыны бар. Сол үшін жергілікті әкімдерге бағаны бақылауда ұстап, негізсіз көтерілуіне жол бермеуге тапсырма берілді. Сондай-ақ, қысқа қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етуге және шөптің бағасын көтермеу бойынша тапсырмалар беріліп, қысқа дайындық жүргізіліп жатыр.
Биыл облыстың ерікті жастары, кәсіпкерлері, жанашыр тұрғындары мен «Nur Otan» партиясының өкілдері Түркістан облысы әкімдігінің бастауымен, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның қолдауымен өңірімізден Маңғыстау облысына 100 вагонға жуық шөп жібергенін де айта кетейік.
Қысқасы, мал-жанымыз амал болсын десек, оның өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ал, оның жолдарын қарастыру – ел ертеңіне, мемлекет болашағына немкеттілеу қарай алмайтын, ел-жұртқа жаны ашитын әрбір азаматтың борышы деп білеміз. Бұдан да қиын жағдайлардан, түйіні күрмеулі тығырықтардан жол тауып шыққан халқымыз бұл қиындықтарды да еңсереді деген сенім бар.