Түркістанда анимациялық фильмдер фестивалі өтті

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістанда халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалі  өтті. Қазақ мультфильмінің негізін қалаған өнер қайраткері  Әмен Қайдаровтың құрметіне арналған бұл фестиваль биыл үшінші рет өтіп отыр.  Айтулы шараның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Тәжмағамбетова, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ардагер режиссер-мультипликатор Тамара Мұқанова қатысты. Сонымен қатар  білікті түрік анимация режиссері Мусаб Гүндүз бен заманауи комикс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара фестиваль төрінен көрінді.

 Салтанатты жиынның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат 
Тілепов жиылған жұртшылықты құттықтай келе,  фестивальді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол дарындылардың еңбектері әділ бағаланады деген сенімде екенін де  назардан тыс қалдырмады. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Мақпал  Тәжмағамбетова  фестивальдің маңызына тоқталып, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»  деген заманауи мақалға аталған шараның сыйып тұрғанын айтты.
 Өз кезегінде «Сақ» кино-студиясының режиссер-сценарисі, мәдениет қайраткері  Батырхан Дәуренбек  ертеңгі ел болашағы балалар  үшін және оларды тәрбиелеуде анимациялық фильмдердің алар орны ерекше екенін айтып, мұндай басқосулар жиірек болып тұрса деген тілегін де жасырмады.   
 Байқауға барлығы 57 өтінім келіп түссе, оның 49-ы іріктеуден өтіп, әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандардан өз бағасын алды. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен Disney студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов,  мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан сынды өнер тарландары бар.
 Екі күнге созылған фестиваль аясында   түркістандық  көрермендер түркі елдерінің үздік мультфильмдерін тегін тамашалап қана қоймай, анимациялық жоба жасаудың қыр-сырымен  де танысты.

Пікір қалдырыңыз