Жаз дәуренін аңсай ма екен күз аспаны...

Гүлсара Расулқызы Ташкент облысы, Жаңажол ауданында дүниеге келген. 1995-1999 жылдары Ташкент қаласы, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алған. 16 жыл ұстаздық қызмет атқарып, 2012 жылы отбасымен Түркістан облысына қоныс аударған.
Қазіргі таңда денсаулығына байланысты үй шаруасында. Әлеуметтік ақпараттық сайттар мен газеттерге түрлі тақырыпта мақала жариялап тұрады. Отбасылы, бір ұлдың анасы. «Айға сыр» атты жыр жинағының авторы.

МЕН

Талайға кек пен кетті есем,
Ол үшін досым сөкпе, сен.
Ұят та шығар, кім білер,
Басқалай ғұмыр көксесем…
Кеудем де емес асқақ тым,
Жеңілдеу бақтан бас тарттым.
Кедергілерден өте алмай,
Тегістеу жерде ақсаппын.
Қолымнан келер сыр сақтау,
Қолымнан келер мұң шақпау.
Қатал да болғым келеді,
Болмысым бірақ, жұмсақтау.
Жүрегім менің тым нәзік,
Мінезім де жоқ ұрда-жық.
Әркімге сеніп, алданып,
Көңілім содан жүр қажып.
Жүрегім мұңмен жамалған,
Кемшілігім көп тән алған.
Өзгере қойман, өйткені,
Осылай тудым анамнан.
Емеспін тіпті, тым кекшіл,
(Болмыспен, бәлкім үндес бұл).
Тәңірім, мына пендеңе,
Күнәсі аздау күн кештір!

АЙҒА СЫР

Тағы отырмын өзіңменен сырласып,
Жүрген кезім ақ көңілді мұң басып.
Түсінетін сен ғанасың көктегі Ай,
Дәрменсізбін,
Жүргеніммен жер басып.
Өзіме тән естісем деп үнімді,
Сәуле төккен тыңда боз ай мұңымды.
Көктен біреу түсінер деп жанымды,
Үнсіз ғана жазып жүрмін жырымды.
Ой бөлісер жан таппадым сырыммен,
Ала таңдай ару едім түрілген.
Жер шетінен мені бір жан ұға ма,
Ғашықпын мен жеткіз оған жырыммен.
Оған деген көңілім бар қанатты,
Қиялдау мен армандаумен таң атты.
Сезіміме куә бол да Ай Ару,
Оған жетсем тоқтата сал сағатты…

ОБРАЗ...

(Шығыс мақамы)
Қанекей, 
Әлемді ұмытып бір сәт,
Мен сонау көктемнің өзіне қайтсам.
Жазмыштың бар мұңын бір сілкіп тастап,
Телміріп көзіңе сырымды айтсам....
...Тыңдар ма едің, айт?!
Тыңдасаң
Түсініп мұңын жанымның,
Бұлқынған күзгі жел келіп жылатса...
Бәзбіреу
арманын жеңіп бағымның,
Мөлтілдеп көзімнен тамшы құлатса...
...жұбатар ма едің, айт?!
Жұбатып...
«Мен сені сүйемін» десең,
Көңілде қайтадан шимайлап сурет.
Тәп-тәтті қиялға енемін келсең,
Қуансам жарылып кеткендей жүрек...
...Сүйер ме едің, айт?!

КҮЗ...

Күз аспаны 
неден екен көп жылайды,
Қыз секілді
мөлдір көзден жас құлайды.
Күлімдесе қайтеді-ей, кербез Күнім,
Кәрі ағаш ертегідей мың тулайды.
Бұлт сұңқылдап,
«жаңбыр вальсін» тауып түрлі,
Жаз қоштасып, көкте құстар сауық құрды.
Сені ойлауға мұрша бермей ақ қайыңның, 
Жапырағы дәл төбемнен жауып тұрды.
Неге сонша жылайды бұлт ыдыраған,
Талай дертті көтерсек те жүрміз аман.
Жаз дәуренін аңсай ма екен күз аспаны,
Білмейді ме?!
Өмір-өзен зымыраған?!
Жаңбыр жауса шаяды деп мендік мұңды,
Сенен алыс кеткелі ме? 
Күз де мұңлы....
... Сенсіз өткен, мұң жамылған күндерде де,
Жабырқағам...
...жылағам жоқ жаңбыр құрлы...

ОСЫ КҮЗ БЕ, 
ӘЛДЕ БАСҚА КҮЗ БЕ ЕДІ?

Мендік жүрек үйлеседі күзбенен,
Сол себепті жазғым келіп ізгі өлең.
Сарғыш тартқан күздің өңі тұр сынып,
Мен сияқты жаннан жылу іздеген.
Әлденені іздеп жүрер күрсініп,
Жабырқаулы, жан-жарасы мың сызық,
Күз екеуміз ұқсап бара жатырмыз,
Кәрі талдар болады ғой құр сырық.
Күрең күзді өлең етем еріксіз,
Болса-дағы мұңды мезгіл көріксіз.
Әр төгілген жапырағың ғұмырым,
Сол себепті екеуміз де серікпіз.
Кете барды тырналардың тізбегі,
Жүрер жолым сол баяғы із бе еді?!
Келем күзде дегеніңе неше күз...
...Өтіп жатыр, жүрек күдер үзбеді...
Әр күз сайын сұрақ берем өзіме,
Осы жыл ма, әлде басқа Күз бе еді?!

***
Табиғатсың,
мен үшін сыры тұнық,
Үнсіздікпен тұрғандай сыр ұқтырып.
Көңіліммен сеземін гүл әлемді,
Үндемейсің, жайымды біліп тұрып.
Сыйлағансың жүрекке жарық нұрды,
Сары таптай сағыныш, жалықтырды.
Әсемдікке құштар ем, Һәм қияли,
Талмаусырап өткізем тамық түнді.
Тамашалап түндіктен, ауған айды,
Сыр айтуға жүрегім дауламайды.
Тамыз желі үп етсе тереземнен,
Өзің барда жүрегім жаурамайды.
Махаббатқа баладым айлы түнді,
Байқадың ба жүзімнен ойлы мұңды?!
Көмкерілген әдемі сөздеріңмен,
Қуанышқа толтырдың айдынымды.
Күзден дерек,
есіп тұр түн самалы,
Жапырақтар сыбдырлап ән салады.
Ай бетінде ару қыз маған қарап,
Жүзімдегі күлкіме тамсанады....
Кем етпесе Жаратқан шапағатын,
Ғашықтардың өшірмес атақ, атын.
Адам талай сәттерді өткергенмен,
Сақтап қала алсыншы махаббатын... 

***
Сылбыр түннен бүгін тағы жерідім,
Түн күрсінді:
- Мейлі, қалқам жылап ал!
Сыр айтатын ең сенімді серігім,
Боз Ай тұрды түн пердемнен сығалап....
Тағы отырмын торғын мұңды жамылып,
Ай қарайды көздеріме үңіліп.
Жымиямын... жүрсем-дағы қамығып,
Мендік дертті жатыр дейсің кім ұғып?!.
...Бала кезім, алаңсыз ем бал шырын,
Өтті күндер бал күнімнен қашықпын... 
Жылдам жылдар иіріп тұр ұршығын,
Есеюге неге сонша
асықтым...
Жүрегімде жабығу мен алаң көп,
Таң бозарды...
Қайдасың Сен, кел, жұбат!
Қарап қалсам,
... аспан жақтан алаң боп,
Қимастықпен Ай қарап тұр тұнжырап...

ӨЛЕҢ – ОБРАЗ!

Адасып келгендеймін мен ғарыштан,
Жабығып кетсем-дағы Айға барам.
Жанымды үнсіз ғана ұғады Ай,
Әйтпесе, қайда барам?!
Іздеймін,
Келбетіңді жанарыммен,
Ешкімнен демеу таппай көп жалықтым,
Сезімің маған деген шамалы екен,
Әттең-ай, кештеу ұқтым...
Кеш ұқтым!
Сырласым деп ойладым ба?!
Мазасыз күй кешемін мен қайтадан.
Сұлбамды таппай жүріп қиналдым ба,
Япырмай, саф айнадан!
Ырқыма көндіре алмай сыр әлемін,
Көздерің арбады ма әлде мені?!
Жазғаным өкпе емес сірә менің,
... Әншейін, өлең еді!
Тоғыттым кірпігіме лағыл мұңды,
Шұғыла секілденіп кері қайтам.
Күз еді...
Табыстырған
... енді күзді,
Сүйем деп қалай айтам?!

...СЕНІ ҚАЙДАМ?!.

Торғыннан 
мұң жамылар мен емес құр,
Өлең де 
жаза алмаймын керемет бір.
Қатулы 
қабағыңдай қарашы әне,
Аспаннан 
мұздай жаңбыр себелеп тұр...
Қоштасу 
емес те еді қалағаным,
Өзіңсіз 
таныс бақты араладым.
Өзіне 
Ғашық еткен айдын көлге,
Сенсеңіз...
қайырылып та қарамадым....
...Тағдырды
жазбайды ғой адам ойдан,
Бір сызатқа 
толықты көңіл айнам.
Сезімім 
әлде жүрек шытынаған?!
Енді мен 
ұмытайын,
...сені қайдам?!.

Мейлі, мүлде кездеспейік ғұмырда,
Осы ізетің жетеді.
... Жолығуды жазбаса да жуырда,
Біздің Әлем - ертегі...

Шөкімдей бұлт аспанымда тулайды,
Жаз да кетіп бара ма?
...Жанарымнан бір тамшы жас құлайды,
Сыймай кетсем далама.

Ең ауыры сезім дерті, ар жүгі,
Тоқтата алман уақытты.
Өзіме де жұмбақ өлең тағдыры,
... Бәрібір мен бақытты...

Не айтса да айта қойсын мына жұрт,
Бүгін тағы күрсіндім.
Көңілімді жіберетін көктем ғып,
Сен екенін түсіндім.

Мәресі жоқ, ұшан-қиыр жол жүріп,
Қажыдым ба, кім білсін?!
...Жанарыма лезде күлкі үйіріп,
Жігер берген Өзіңсің!

8 пікір

  • Ерлан Биржанов
    Ерлан Биржанов

    Сөз жоқ ????????????????????????????????????????????????????????

  • Ақгүл Жұқанқызы
    Ақгүл Жұқанқызы

    Керемет өлеңдеріңіз үшін, менің әлемімде бар болғаныңыз үшін ризамын.Аман болыңыз!

  • Динара Сағидолла
    Динара Сағидолла

    Керемет өлеңдерің!????????????

  • Динара Сағидолла
    Динара Сағидолла

    Керемет өлеңдерің!????????

  • Наргиза Рахимбаева
    Наргиза Рахимбаева

    Әдемі поэзия, теңдеуі жоқ, өте тамаша!

  • Мухамедкаримович Умбетов Абдиманап
    Мухамедкаримович Умбетов Абдиманап

    Қаламың мұқалмай ұштала берсін, Гүлшара.

  • Айтолқын Бисенбайқызы
    Айтолқын Бисенбайқызы

    Жазарың көбейсін Гүлім! ????????????

  • Сайдалиева Гулчехра Расулжановна
    Сайдалиева Гулчехра Расулжановна

    Керемет өлеңдер

Пікір қалдырыңыз