Мұстафа Шоқай идеясы және Тәуелсіз Қазақстан

Алаш қозғалысының жетекшілерінің басты мұраты тәуелсіз ұлттық мемлекет құру болатын. Алайда, олар тәуелсіздік идеясына төте жолмен келе алмады.  Ресей империясының ашық қарсылығына душар болуды есепке ала отырып, олар автономиямен шектелді. Осылай қазақ даласында Алашорда автономиясы құрылған еді. Ал, Түркістан Мұқтариятын жариялау кезінде түркістандық ұлтшыл қайраткерлер азаттық нысанын айқындауда  автономия ма, жоқ тәуелсіздік пе деген екі түрлі көзқараста болды. Тәуелсіздік жариялаудың соңы неге апаратынын жақсы білген Мұстафа Шоқай бас болған топ азаттықтың баламасы автономиямен шектелуді ұсынды да, ал мемлекеттіліктің соңғы нысанын шешуді алдағы Түркістан құрылтай жиналысының  еншісіне қалдырды. Кеңес үкіметі мұның өзін де көп көріп, орнағанына екі ай және төрт күн болғанда Түркістан Мұқтариятын құлатып, оның орталығы Қоқан қаласын күлге айналдырды. Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәжбүр болды. Еуропада азаттық күресін қайта қарап, ол бұрынғы «Автономияны» «Тәуелсіздікпен» ауыстырды. Ал, тәуелсіздіктің  де түпкі мұраты ұлттық мемлекеттілікті құру болатын. Бұл күрделі тарихи һәм саяси мәселелер Мұстафа Шоқай еңбектерінен жүйелі орын тапты. Сол себепті осы аса маңызды идеялар  мен ойларды жан жақты зерделеу, олардың мәні мен мазмұнын толық ашуға ұмтылу біздің мақаламыздың негізгі  тақырыбы болып отыр.

Қарапайым көңілге сонау 1941 жылы Еуропа төрінде қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың өмірі арада жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін туған еліндегі тәуелсіздікке еш қатысы жоқ сияқты. Әсте олай емес. Ұлы күрескердің саяси болмысын «Тәуелсіздік» ұғымынсыз толық та айқын түсіне алмайсың. Өйткені, Мұстафа мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Бірінсіз бірі кедей, шын жетім.
Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын қанды қырғынға ұшыратқаннан соң, шетелге кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай демократиялық Еуропаға жетісімен ұлт азаттық күрестің мақсат, жолын қайта қарап, бұрынғы «азаттық» ұғымындағы «автономияны» «тәуелсіздікпен» ауыстырып, осы бір қасиетті ұғымды ұлттық мемлекет құрудың асқақ туына, шынайы күрестің мәні мен мазмұнына айналдырды. 1923 жылы Париждегі «Orientet Occident» журналында жарық көрген тұңғыш француз тілінде жазылған «Ресей саясаты және Түркістандағы ұлттық қозғалыс» деген мақаласында Түркістанның автономия жайлы бағдарламасын ұлттық тәуелсіздік бағдарламасына ауыстыру керек екенін түсіндірді. Сөйтіп 1929 жылы «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды» деді. Бұл ойларды дамыта түсіп, әрі азаттық үшін күрестің басты мақсатын былайша атап көрсетті: «...Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады». Осыдан бір жыл кейін жарық көрген «Автономиядан – тәуелсіздікке» деген еңбегінде Мұстафа Шоқай осы ұлттық тәуелсіздік ұғымын кеңірек түсіндіре келіп және ол Қытай қорғаны сияқты ешкімнің құқығына қарсы қойылмайтынын ескертіп: «Ұлттық тәуелсіздік  отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таражысынан атамекеніміз мен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады» деп жазды.
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы шығармашылық мұрасын терең түсіну үшін оны мынандай кезеңдерге бөлу қажет. Оның өзіндік себептері бар. Бірінші кезең Мұстафа Шоқайдың университетті бітірген 1914 жылдан 1921 жылы Түркияға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең «азаттық» ұғымының баламасы ретінде «автономияны» қолдаумен ерекшеленді. Екінші кезеңге 1921 жылғы мамырда Францияға кетуінен басталып, 1941 жылдың аяғына дейінгі уақыт жатады. Шығыс пен Батыстың тарихы мен мәдениетін кең көлемде игерген, демократиялық Еуропаның қақ ортасында Мұстафа Шоқай Түркістанның дербес мемлекет болуын армандап, «автономия» ұғымын «тәуелсіздікпен» ауыстырған болатын.
Түркістан сияқты алып аймақтың алдында тұрған мақсатты Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арналған сөзінде ерекше мақтаныш сезіммен былайша көркем бейнелеген еді: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық». Осы жерде Мұстафа Шоқай қолданысындағы «Түркістан» ұғымы мынандай төрт бөлікті қамтитынын назарларыңызға сала кетейік: «1. Қазақ өлкесі (Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары), 2. Түркістан өлкесі (Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан және Закаспий облыстары); 3) Бұхара хандығы және 4) Хиуа хандығы».
Мұстафа Шоқай Түркістаннның түпкі мақсатын, яғни тәуелсіз ұлттық мемлекет деп айқындап алғаннан соң, соған жетудің тактикалық жолдарын да бағдарлауға кіріскен. Онсыз күрес жемісті бола алмайтынын жақсы білді. 1930 жылы жазылған «Көтерілістен – ұйымшылдыққа (көтерілістен–ұйымға)» деген мақаласында: «Кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтар арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне де шүбә болмаса керек. Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр» деп атап көрсетті. Алайда, Мұстафа Шоқай өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы бой көтерулермен большевиктер тепкісінде жатқан атамекенді азат етуге болмайтынын ескерте отырып, күшті бір саяси ұйымға бірігуді және оның нақты міндеттерін алға тартты. Ондай ұйым «Түркiстан ұлттық бiрлiгi (ТҰБ)» болатын. Бұл әртарапта бытырап жүрген жас түркістандықтарды тәуелсіздік мұраттары жолындағы қасиетті күрес майданына топтастырудың бірден-бір жолы еді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін «Түрі – коммунистік, мағынасы – ұлтшылдық» атты еңбегінде Мұстафа Шоқай «Түркістанды құтқару және тәуелсіз етудің жолын шын көңілмен іздеген әрбір адамды, Түркістанда ішкі күресті болдырмауға тілектес әрбір жанашыр жастарды аялайық» деп жастарға да абай болуға шақырды. Ал, «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» атты еңбекте саяси күрестің мынандай тамаша тактикасы ұсынылды: «Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айрылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық. Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады». Бұл   азаттық пен тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол деп саналып, бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық деп есептелді.
Мұстафа Шоқай  – халықтың ішіне іріткі салатын ру, ұлыстарға бөлініп, рушылдық психологиядан өзін әркез алшақ ұстаған қайраткер. Ол мұндай адамдарды аймақ тұрғындарының ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептеді. Мұстафа Шоқай өзінің «Батыр большевик Амангелді» хақында ақиқат» атты мақаласында мынандай бір жай туралы жазған еді. 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезінде өзіне жақын кісілерді жіберіп, өзінің қыпшақ екенін еске салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Міржақыптарға қарсы күресте өзінің саяси жетекші болуын өтінген. Алайда, Мұстафа бұдан бас тартып, Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе, Түркістанның ұлт азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол деп санайтынын ашық айтқан еді. Содан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда, осы бір жұқпалы мерездің қолында билігі мен қаржысы барларға ілесіп, қалмай келе жатқаны өкінішті-ақ.
Мұстафа Шоқай ұлттық жаудың тым күшті екенін, сондықтан Түркістанның азаттығына жету үшін ұлттық ұйымның бір міндеті бір-біріне тілектес және ынтымақтас басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз байланыс жасау мәселелерін қарастырады. 1931 жылы жазылған «Алған бағытымыз айқын болсын» атты мақаласында: «...біз миллиондаған тұрғындары бар Ресеймен күресте жеңіске жететін ең тура, ең сенімді жолдар мен тәсілдерді таңдап ала білуіміз керек. Тек өз күшіміздің аздық ететіні көзге көрініп тұрған ақиқат. Сондықтан біз өзімізбен тағдырлас және өзіміз сияқты ұлттық тәуелсіздікке ұмтылып отырған халықтармен тізе қосып, күш біріктірудің жолдарын іздестіруіміз лазым» деп жазды. Ал, 1932 жылы жазылған «Желтоқсан естеліктері» деген мақалада ұлы тұлға саяси жəне ұлттық азаттық мақсатқа өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып, «біздер сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан басқа да ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз» деді.
Мұстафа Шоқай өз шығармаларында тәуелсіздіктің мәнін тұрақты түсіндірумен болды. «Түркістан әдебиеті хақында француздар не айтады?» атты мақаласында рухани мәдениеттің халықты есейтетін және жетілдіретін қуатын атап көрсетіп, Түркістанның ұлттық рухқа толы поэзиясының ұлттық сана сезімнің оянуына тікелей ықпалын сөз етті. Осындай себептермен автор: «Түркістан тек ұлт тәуелсіздігі үшін ғана емес, өзінің рухын өшіріп алмау үшін де күресуде» деумен шектелмей, «Түркістан тек өзінің саяси тәуелсіздігі үшін ғана емес, сонымен қатар түріктің ұлттық рухани мәдениеті үшін де күресуде» деп тәуелсіздік мазмұнын кеңейте түсті. Келесі «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында Мұстафа Шоқайдың «Тәуелсіздік» ұғымын «ұлттық рухпен» тікелей байланыстыра отырып, былай деп жазды: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал, ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi» .
Ұлттық рух шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын терең таныған Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығын ұлтшылдық қозғалысқа тән деп санады. Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған ұлтшылдық идеясына «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан жеңілмес ұлтшылдық» атты еңбегінде ол мынандай түсініктеме берді: «Халқымыздың мəдени жəне рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бəрі тек ұлтшылдық қозғалысына тəн. ...Қанқұмар коммунистер халқымызға хайуандықпен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде-кім бұл өлмес идеяны Мəскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». «Ұлтшылдық» ұғымының мақсат-мүддесін М.Шоқай «Керенский және Түркістандағы ұлттық қозғалыс» атты келесі мақаласында былайша нақтылай, айқындай түскен болатын: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек». «Ұлтшылдық» ұғымын большевиктердің өздері негізінен теріске шығара отырып, бірақ белгілі жағдайларда күрес құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайтын еді. Осыны жақсы білген Мұстафа Шоқай 1934 жылы жазылған «Большевиктердің «түрік достығы» деген мақаласында: «Мәселен, большевиктер еуропалықтарға қарсы қою үшін қытай ұлтшылдығын таниды және қолдайды. Ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да оңды құбылыс деп санайды. Сонымен бірге, оларды мойындай отырып, ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды деп жазды. Біз бүгін нағыз шынайы ұлтшыл күрескерге арналған «ұлтшылдық» ұғымынан қашып, «ұлтжанды» дегенді қолданамыз. Ал, қазақ «жанды» деген сөзді әркез бағалай бермеген, теріс пиғылға да пайдаланған.
Көреген саясаткер Мұстафа Шоқайдың 1937 жылы жазған «Жауларымыз біздің қызметтеріміз туралы не айтады?» атты мақаласында атап көрсеткен: «Біз, әрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік Ресейден де, басқа Ресейден де біржола бөліп алуды мақсат етеміз» деген асыл арманы араға жарты ғасыр уақыт салып жүзеге асты. Халқымыздың ғасырлар бойы серік болып келген асыл арманы, ұлттық мұраты мен ұлттық мүддесі шынайы шындыққа айналды.
Сөйтіп есте жоқ ескі заманнан осы жердің, елдің иесі болып келген халқымыз өткен ғасырдың 90-жылдары азаттық алды. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Ол туралы кем айтылып жүрген жоқ. Еуразия кеңістігінде Ұлы дала «Тәуелсіз Қазақстан» атанып, адамзат қауымдастығының тең құқықты мүшесі болып, әлемдік саясатта өзіндік орны бар дербес мемлекетке айналды. Қазақ елін дүние жүзі таныды, қазақ елі де өзін әлемге танытты. Ең үлкен жетістігіміз еліміздегі әлеуметтік тұтастық пен ұлтаралық түсіністіктің күнделікті өміріміздің басты бағдары болып отырғаны. Осылай кезінде ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нағыз тәуелсіздік пен азаттыққа апаратын және оны қорғай алатын төте жол деп ұғынған Мұстафа Шоқайдың да асыл арманы орындалды, орындалып та келеді.
Сонымен, тәуелсіздік алғанымызға да отыз жыл толып қалды. Азат қоғамымыздың қазіргі даму үдерісі көрсетіп отырғанындай, үш жүз жылдай патшалық Ресейдің отарында және соның саяси жалғасындай болған кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүрген алып аймақта түбегейлі конституциялық, саяси, демократиялық реформалар оп-оңай жүзеге асып жатқан жоқ. Қай жағынан алсақ та жаңаша һәм өзгеше мазмұндағы тәуелсіз мемлекет орнатудың оңай еместігі азын-аулақ сауатты адамға түсінікті болар. Жаңа қоғамдық институттар пайда болып, нарықтық қатынастар өмірге етене ене бастағанымен, тоталитарлық жүйеден демо-кратиялық тәртіпке өту аса күрделі екенін күнделікті өмір көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы №2 санында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деді. Бұл ойлар біздің түгендейтін де, тыңнан іздейтініміз де жетерлік екенін байқатты.
Сан ғасыр аңсап, осыдан 30 жыл бұрын жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында шынайы рухани серпіліс туғыза алып отыр ма? Бүгінгі тәуелсіздік, шын мәнісінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін бар нәрсе жасалынды ма? Халқымыз өркениетті ұлт ретінде қалыптаса алды ма? Ең бастысы, ұлы тұлғаның тәуелсіз ұлттық мемлекет деген идеясының қазіргі жайы қалай? Тағы басқа да мәселелер көкейде жоқ емес.
Егемендіктің елең-алаңында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясында» «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деген сөздің астарында біздің бүгініміз үшін де, келешегімізге де аса қажет «ұлттық мемлекет» деген ұғым бар еді. Мұны көп ұзамай ауызға алмайтын болдық. Неге? Әлде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекеттілікті аңсадық та, ал, халқымыз қазақстандықтардың басым көпшілігі болғанда мұның қажеті болмай қалды ма? Мәселені бұлай қоюымыздың қағидатты мәні бар. Біздің қазіргі рухани дүниеміздегі кенжелеу келе жатқан мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің ұлттық сипатына жеткілікті көңіл бөлмеуден бастау алып отыр. Бір-ақ мысал келтіре кетелік.
Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деп еді. Рас, бұл бағытта ешнәрсе жасалмады деу артық болар. Алайда, бүгінгі біздегі ана тіліміздің жағдайы көршілес іргелі елдердің бірде бірінде жоқ. 1995 жылы қабылдаған Конституцияның 7-ші бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген норма қағаз жүзінде қалып отыр. Оған бірнеше дәлелім бар. Осы баптың 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен ресми тең қолданылады» деген норма жоғарыдағы бірінші тармақты жансыздандырды. Содан Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабына «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп ғана жаза алдық. Сөйтіп Қазақстан азаматтарына мемлекеттік тілді білу әсте міндетті болмай қалды. «Парыз» араб сөзі өз ішінде «айн» және «кифая» болып екіге бөлінеді: «Айн парыз» – әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, өтеуге борышты парыздар. «Кифая парыз» – жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да, кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы басқа мұсылманның мойнынан түсетін парыз.
1937 жылы жазылған «Кеңес Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» атты мақаласында айтылған жағдай арада 80 жыл өтсе де көп өзгере қойған жоқ. Мұстафа Шоқай бұл еңбегінде: «Орыс мектептерінде оқып, орысша тəрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті» деген болатын. Мұндай жағдай билік басындағыларды да, ата-аналарды да ойландыратын түрі жоқ. Қазір елімізде орта білім беретін 7000-дай мектептің 53 пайыздайын қазақ мектептері құрап отыр. Қалғандары – орыс және аралас мектептер және бұларда оқитындардың дені өзіміздің ұл-қыздарымыз. Соңғы өткен Парламент сайлауында қаракөз бауырларымыз екі-үш сөйлеммен тұратын Антты да дұрыс оқи алмады емес пе? Сонда басқалардан не сұрауға болады?
Мұндай факторлардың төркінін сан ғасыр ата-бабаларымыз күресіп, халқымыздың сан мыңдаған серкелері құрбан болып, қол жеткен «Тәуелсіздік» ұғымының мағынасына бүгінгі күні тереңдеп бара алмауымыздан, тағдырдың осы басты сыйын жеткілікті қастерлей, қадірлей білмеуімізден, азат санамыздың толыққанды қалыптаспай отырғанынан іздеген жөн. Осы арада Мұстафа Шоқайдың 1931 жылы жазған: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген ұлы өсиетін еске түсіре кетсек артық болмас.
Ұлттық тәуелсіздік – қоғамдағы демократиялық принциптердің орнығуы мен халықтың рухани жаңаруының іргетасы болса, демократия мен рухани жаңару – елдің саяси және экономикалық тәуелсіздігін баянды етудің басты құралы. Ал, «ұлттық мемлекет» – осылардың барлығын ұйыстыратын биліктің түрі, қоғамның саяси жүйесінің негізгі әлеуметтік институты. Осындай себептерден шын мәнісінде жүзеге асқан ұлттық мемлекет саяси сипаты жағынан да, əлеуметтік əлеуеті жағынан да, экономикалық тұрпаты жағынан да жаңадан құрылып жатқан тəуелсіз Қазақстанымыздың бүгінін байытып, келешегін кемелдендіре түсетіні сөзсіз. Бұл идея, бір жағынан, ұлттық сананы қалыптастырып, жетілдіре түсетінін ескерсек, екінші жағынан, толыса түскен ұлттық сана да тәуелсіз ұлттық мемлекетті жаңа биікке көтеретінін ұғынған жөн.
Мұстафа Шоқай – ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі ғана емес, сол идея үшін бас тіккен қайсар күрескер. Туған еліне деген шексіз сағынышын бір сәт баса алмай, жат жерді мәңгілік мекен етті. Алайда, елінде ұлы тұлғаның асқақ арманын орындаған, тәуелсіздікке жеткен сүйікті халқы бар. Артында әлі де зерттей, игере түсуді қажет ететін телегей-теңіз мол мұрасы қалды. Мұны игеру, бойға сіңіру елімізді шынайы тәуелсіздікке жетелеп, азаматтарымызда тәуелсіз сананың қалыптасуына игі ықпал ететініне күмән жоқ.

Бәкір Әбдіжәлел,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор.

Пікір қалдырыңыз