Тұрардың бес хаты

Биыл ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 127 жыл толады. Оның өмір жолы қазақ жерін жайлаған алапатты нәубеттермен тығыз байланысты. Соның бірі – 1916-1919, 1921-1922, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. Осы ашаршылықтарды ауыздықтауға ол тікелей араласты.

Тұрар Жылқыайдарұлы қазақ даласында болған үш ірі ашаршылықты көрген. 1916-1919 жылы болған аштық тұсында оң-солын енді таныған жас жігіт еді. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен, әрі қаланың іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болған. 1916 жылы патшаның маусым жарлығына қарсылық білдірген ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде оқуын да, жұмысын да тастап, туған жері Әулиеата уезіндегі Меркеге келіп, көтерілісшілердің арасынан табылған.
1916 жылы патша жарлығынан кейінгі еркек кіндіктілердің қара жұмысқа алынуы, қазақ малы, астығының талан-таражға түсуі мен патша әскерлерінің көтерілісші ауылдарды ойрандатуы, қазақ малының соғыс есебіне алынуы немесе айдап әкетілуі, егіннің салынбауы елдің ашығуына алып келді. Аштық 1917 жылы қос революциядан кейін де қатты білінді. Сөйтіп, бұл аштық 1919 жылдың басына дейін созылды. Бұл кезде Тұрар жастар арасында беделі өскен, революция ісіне берілген азамат болып қалыптасқан-тын. Оның ұйымдастыруымен Меркеде «Қазақ жастарының революциялық одағы» құрылды.
Ашаршылықтың аса қатты белең алған жері – Түркістан өлкесі. Оның ішінде Сырдария, Жетісу өңірі ілігіп, ашыққан ауылдардың саны арта түсті. Өлкеде ашаршылық болуының бірден-бір себебі, суармалы жердің басым бөлігіне мақта егіліп, егіс алқабы қысқарып, өлкені астықпен 30 пайыз ғана қамтамасыз етіп, тұрғылықты халық ішкі Ресейден әкелінген астықпен қоректеніп келген еді. Алайда, Ресейдегі төңкеріс, ішкі соғыс барысы астықты өлкеге тасымалдауға кедергі келтіріп, оның мөлшерін бірден қысқартса, ал, майданды етпен қамтамасыз ету мал басының кемуіне алып келді.
Тұрар Рысқұлов «Социалды Қазақстан» газетінде Түркістанды жайлаған аштық турасында: «1916-1919 жылдарда Түркістанда құрғақшылық қатты болып, егін шықпай қалды, аштық жайлады» деп, оның болу себебін 1916 жылы дәл егін орағы кезінде басталған жергілікті елдің көтерілісі, жазалаушы отрядтардың елді қырып, шаруашылықты жайпап бүлдірген әрекеті, ұлттық-тап күресінің бұрынғыдан да шиеленісуінен көрді.
Оның көрсетуінше, осылардың салдарынан өлкедегі шаруашылық шайқалып, күйзелді, керек-жарақ бағасы 3-4 есе қымбаттап кетті. Ашаршылық Түркістанның барлық көшпенді және жартылай көшпенді аудандарын түгелімен қамтыды. Отырықшы аудандарының едәуірі ілінді. Ашыққан қазақ пен қырғыз топ-тобымен шұбырып қалаларға, селендерге (село) қарай ауа бастады. Барған жерінде жүздеп, мыңдап қырылды. Басқа жақтан келген астық пен тауар қаладағы еуропалық жұртты ғана қанағаттандырып, жергілікті халық бұл азық-түліктен нәр татқан жоқ. Бұрын болып көрмеген шаруашылық дағдарысы мен ашаршылықтың салдарынан қала және селен халқы ортасындағы тап тартысы ерекше шиеленісті. Алыпсатарлық, таптық қанау, ұлттар арасындағы өшпенділік күшейді.
1917 жылдың аяғына қарай Әулие­-ата уезінің 44 307 шаруашылығы аштыққа ұрынды. Сонымен қатар Перовск уезіндегі – 24 810, Түркістан уезіндегі – 12 296, Шымкент уезіндегі – 3 618, Қостанай мен Ақтөбе уездеріндегі 62 275 шаруашылық ашықты. Жетісу губерниясына қарасты бір Верный уезінің өзінде 220 мыңдай адам аштық дәмін тартты. Уақытша үкіметтің облыстық комиссариатына Павлодар, Верный, Әулиеата, Атбасар, Перовск, Қазалы, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Жаркент, Лепсі, Темір, Орда, Қостанай және тағы басқа қалаларда азық-түлік қиыншылықтарына байланысты жағдайларының ауырлығын айтқан көптеген жеделхаттар түскен. Барлық жеделхаттарда «аштыққа қатысты бүлік» болуы мүмкіндігі айтылып, тез арада төтенше шараларды қолдануды өтінген. Қалаларда берілетін нан мөлшері азайып, оны тұрғындар күнделікті ала алмаған. Қыркүйек–қазанда Қазақстанда азық-түлік мәселесі одан сайын тапшылыққа айналып, Павлодар, Петропавл, Жаркент, Пішпек және тағы басқа қалаларда «аштық бүлігі» басталды. Ай сайынғы жіберілген үш жүз вагон азық-түлік тұрғындардың тек отыз пайызын ғана қанағаттандыра алған.
Түркістандағы, әсіресе, Әулиеата уезінде аштық өршіп, мал шығыны, адам шығыны біліне бастады. Міне, осындай ауыр кезеңде уездегі аштық барысын ауыздықтауға Тұрар Рысқұлов белсене кірісіп, аштыққа ұшырағандарға көмек ұйымдастырды.
Жағдай ушыға бастаған кезде республиканың барлық зауыт, фабрика, ауыл мен қышлақ жұмысшылары мен шаруалары, солдаттар астық монополиясын енгізу, алыпсатарларға тосқауыл қою арқылы аштықты ауыздықтауды талап етті.
Түркістандағы ашыққандарға азық-түліктей көмек Қазақстанның көптеген аудандарынан түсті. Түркістан өлкесінің уәкілі Саблин жергілікті кеңестердің көмегімен Ақтөбе уезінен 27 мың пұт нан, 325 пұт сары май, ондаған вагон картоп дайындаса, 1917 жылдың аяғында Әулиеата Кеңесінің арнаулы өкілдері Хоменко мен Жужин Ақмола облысынан 100 мың пұт нан сатып алған.
Түркістандағы жағдай ушығып тұрған кезде Ақмола облысының орталығы болған Омбы, Петропавл, Семей және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның басқа қалаларынан Москва мен Петроградқа күнде эшелон астық жөнелтіп отырды. Мысалы, Семейден Орталыққа 1 716 мың пұт астық жөнелтілген. Ақтөбе облысынан Москваға 99 вагон астық пен басқадай азық-түлік жіберілсе, Батыс Сібірден 47 вагон бидай жөнелтілген. 1918 жылдың мамырына дейін толық емес мәліметтер бойынша Ресейдің өнеркәсіптік аудандарына Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарынан 20 млн. пұт астық пен ет жіберіліпті.
1918 жылдың сәуірінде Тұрар Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланғаннан кейін ашыққан шаруашылықтарға егіс құрал-саймандарын, тұқым беру сияқты мәселелерді қолға алады. Талан-таражға түскен азық-түлік мәселесіне орай арнайы комиссия құрып, ашыққандарға жәрдем беру ісін қатаң қадағалап, өрескел бұзушылықтарды анықтап, дер кезінде әшкерелеуге тырысты. Әсіресе, орыс шаруаларынан астық сатып алуды ұйымдастырып, оны ашыққандарға бөліп беруді ұйымдастырды. Сонымен қатар ыстық тамақ беру пункттерін ашу шараларын жүзеге асырды.
Тұрар Рысқұлов уездік съезд, жиындарда ашаршылықпен күресу мәселесін батыл көтерді. Оның төрағалығымен 1918 жылдың 11 мамырында Әулиеатада өткен уездік съезден кейін қазақ ауылдарын тонаушылыққа ұшыратып отырған, орыс шаруаларының тарапынан жасап келген шабуылдарын тоқтатуды қолға алып, қазақтар мен орыстарды бір-біріне айдап салатын арандатушылыққа жол бермеу шаралары белгіленді. Олардың арасында осындай кикілжіңдердің шығуына дем беріп отырған кейбір мекеме басшыларын орнынан алып, жауапқа тартты.
Қала милициясының өз қызметіне салақтықпен қарауының нәтижесінде көшелерде аштан өлгендердің сол қалпында жатқандығын сынға ала, оларға ашыққандарды дер кезінде тамақтандыру орындарына жеткізу, ал, туыстары бар, бірақ әлсіздіктерінен өздерінің тұрған жерлеріне жете алмай қалған адамдарды уақытша орналастыру бюросына жеткізуді міндеттеуді көтерді.
Ашыққандар қорында қаражаттың жоқтығынан базарда сатылатын малға салық салуды ұсынды. Мәселен, ұсақ малға 50 тиын, ірі қараға 1 сом мөлшерінде салық салу қажет деп тапты. Т.Рысқұлов, сонымен қатар театрлар мен көңіл көтеретін сауық орындарынан түскен қаражаттан да салық төлету керектігін баса айтты. Уездегі ашыққандардың ауыр жағдайына байланысты Орталық Үкіметтен 1 000 000 сом сұрау қажеттігін және уездік комиссариатқа азық-түлік секциясы ұйымдасқанша ашыққандарды орналастыру мәселесін міндеттеп, медициналық қадағалауды күшейтті, байлардан киіз үйлер алып, оған аштарды орналастыру және оларға берілетін тамақ мөлшерін көбейтті.
Қазақстанға Ресей губерниясынан тамақ іздеп келушілердің қатары толастамады. Бұл тұрғындарды азық және жұмыспен қамтамасыз етуде бірталай қиыншылық туғызды. Жергілікті кеңестер шеттен келген босқындарға арнап ондаған тамақтану орындары мен асханалар ашуға мәжбүр болды. Қаржылай ақша бөлінді.
Аштықтың арты жұқпалы ауруларға ұласып, 1918 жылы да Әулиеата уезіндегі көшпелі қазақтардың арасында сүзек, іш аурулары, тырысқақ, құрқұлақ, оба аурулары тез тарады. Аш-жалаңаштан, індеттен қырылған адамдардың саны күннен-күнге көбейіп, өліктері далада шашылып қалды. Түркістан атқару комитетіне жолданған жеделхаттың бірінде: «Әулиеатада шіри бастаған өліктерді жинап алуға мұрша жоқ» делінді. Осындай қиын жағдайда, яғни 1918 жылы қыркүйекте Тұрар Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады.
Осы қызметте жүріп ол қандай іс-шараларды жүзеге асырды?
Біріншіден, уезде учаскелік емханалар, эпидемиялық пункттер ашуға мұрындық болды. Екіншіден, оның тікелей басшылығының нәтижесінде аштарды тамақтандыратын арнайы пункттер, асханалар ашылып, ашыққандарға азық-түлік таратыла бастады. Үшіншіден, оның талап етуімен қаражат бөлінді, егістікке тұқым, байлардың малдары алынды. Төртіншіден, болыстарда тамақтандыру пункттерін аштырып, оны ауыл, болыс комиссарларына қадағалауды тапсырды және босқын аштарды арнайы орналастыру ісіне кірісті. Бесіншіден, балалар үйі мен колониялар ашу, медициналық көмек көрсету іс-шарасын да қолға алды. Алтыншыдан, ашыққан аудандардың экономикалық жағдайларына зерттеу жүргізуді үкіметке ұсынды. Т.Рысқұлов басқарған Аштықпен күресетін Орталық комиссия өзіне жүктеген істі абыройлы атқарып шықты.
1920-1921 жылғы қыстың өте қатал болып, ұзаққа созылуынан Қазақстан тағы да аштық құшағына ілікті. Бұл аштық Қазақстанның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезін шарпып, халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырап, ашыққандар тамақ іздеп шет жаққа қарай босты. 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республикасының Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып, орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен қазақтардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтарылуына қол жеткізді.
Қайғы-қасірет әкелген 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәубеті 30-жылдары жалғасын тауып, халқымыздың тең жартысы қырылды, басқа елдерге босып кетті. Шет мемлекеттерге кеткен көпшілік қандастарымыз ұзақ уақыт бойы туған жеріне оралмай, еріксіз сол жақта тұрақтап қалуға мәжбүр болды.
Ел басына түскен қиындықпен күресуде Тұрар Жылқыайдарұлы бар күшін салды. 1931-1933 жылдары Қазақстанды жайлаған аштық барысын ауыздықтауға үкімет алдына батыл іс-шараларды ұсына білді. Бұл кездерде ол РКФСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болатын.
Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты Тұрар Рысқұлов жоғарғы орындарға бірнеше хат жолдаған. Оның бірі – 1932 жылы 29 қыркүйекте Сталинге жазылған хаты, екіншісі, 1933 жылы 31 қаңтарда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Л.Мирзоянға, үшінші хаты 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған екінші хаты, көшірмесі ХКК-ге Исаевқа жөнелтілген 1933 жылдың 29 қыркүйекгінде жазылған хат.
1932 жылы 29 қыркүйекте Сталинге жазған бірінші хатында Қазақстанда мал шаруашылығын қалпына келтіру шараларын айтқан болатын. Оның себебі белгілі еді: тәркілеу, ұжымдастыру салдарынан мал басының кемуі, талан-таражға түсуі, қолды болуы әсер еткен.
Тұрар бірнеше ұсыныстар айтқан. Оның бірі – шығыс елдерден (Батыс Қытайдан) бір миллион қой сатып алу, екіншіден, ерікті түрде халықтан қаражат жинау, үшіншісі Қазақстанға шектес өлкелер мен республикаларға қоныс аударып барған қазақтарды баспаналарға орналастырып, жұмысқа тарту мәселесі. Ол сонымен қатар көшпелі өмірден отырықшыландыруды қолға алу, жіберілген қателіктерді жоюды ұсынады.
Ал, 1933 жылы 31 қаңтарда БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Л.Мирзоянға жазған екінші хатында елдегі ахуалға байланысты Қазақстанның 70 ауданында егіс көлемінің қысқарып, мал басының кемуінен жаппай босу үдерісі орын алып отырғандығын, науқастарға арналған ауруханалардың жетіспейтіндігін жазып дабыл қаққан. Сонымен жіберген 1932 жылы қыркүйекте Сталинге жіберген хатының көшірмесін де қоса салады.
1933 жылы 9 наурызда Сталин мен Молотовқа жіберген үшінші хатында қайраткер аштық мәселесін ашық көтереді. Ашыққандардың азық іздеп босуы, қырылуы етек жайып бара жатқандығын айта келе, олардың өмірін сақтап қалуға көмек сұрайды. Мал басының кемуі, егіс көлемінің азаюы, асыра сілтеушіліктер мен көзбояушылықтар, ұлт саясатының бұрмалануына қатысты нақты фактілер көрсетіледі. Бұл хатта ол 5 ірі ұсыныс айтқан. Олар: босқындарды барған жерлерінен қайтармай, орналастырып, көмек көрсетіп, жұмысқа тарту, ашыққандарды азықпен қамтамасыз ету, шаруаларға мал сатып әперу арқылы әлдендіру, мал шаруашылығын көтеру және халық санағын өткізу, халық шаруашылығының сараптау арқылы жай-күйін анықтау болатын.
Осы хатты жібергеннен кейін Тұрар Рысқұлов 1933 жылы 11 наурызда Л.Мирзоянға төртінші хатын жолдап, Сталинге хат жібергендігін айтып, басшы ретінде мәселені бақылауға алсаңыз деген өтініш айтқан. «Сіз мені Қазақстанның ішкі істеріне қол сұққысы келеді екен деп ойлап қалмаңыз, мен қойылып отырған мәселе тек Қазақстан тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жалпы мемлекеттік тұрғыдан да айрықша маңызды болғандықтан жазып отырмын» дейді.
1933 жылдың 9 қыркүйегінде Мирзоян мен көшірмесі Қазақ ХКК-ге Исаевқа жіберген бесіншісі хатта қазақ жерінен басқа республикаларға босып барғандарға көмек көрсету, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде көп іс-шаралардың жүргізілгенін, алайда, Қазақстанның өзінде кері қайтып барғандар ауыр жағдайларға тап болғандығын, оларға үкімет тарапынан ешқандай да көмек көрсетілмей жатқандығын, тез арада осы мәселені қолға алуды талап еткен. Қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрғанда Тұрардың жанайқайын Орталық естіді. Бірақ, көмек қолын созуға асықпады. Керісінше дабыл көтеріп, ел жағдайын айтқандардың аузын жапты. Бірін елден кетірді, екіншілерін «кеңестік жүйеге қарсы әрекет етуде» деген желеумен қудалауға кірісті. Тұрар да елден жырақта өмір сүруге мәжбүр болды. Дегенмен, осы аштық нәубетінде ол тікелей араласуымен мыңдаған қазақты аштық қасіретінен аман алып қалуға тырысты.

Светлана СМАҒҰЛОВА,
тарих ғылымдарының докторы.
Пікір қалдырыңыз