«Бөрте» қойылымын көруге келіңіз!

Түркістан музыкалық драма театры – ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауымен салынған сәулетті ғимараттардың бірі. Осы жылдың мамыр айында Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы келіп, жаңа театрдың әртістерімен және оның техникалық мүмкіндіктерімен танысқан еді. Айтайын дегеніміз, 9-10 қазанда аталмыш театр «Бөрте» спектаклімен тұңғыш рет шымылдығын ашпақ.
Түркістан музыкалық драма театры баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл спектакль белгілі драматург, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің пьесасына қойылған.
Бөрте – Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған бірінші әйелі, бәйбішесі. Бөртеге арналған шығарма қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылып отыр. Қойылым 10-11 жастағы Темучин (Шыңғыс ханның шын есімі) мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бұл кезеңде Темучин алауыздық жайлаған моңғол тайпаларын біртұтас мемлекетке біріктіріп, Шыңғыс қаған атанады. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын қайсар әйел Бөртенің ғұмыры баяндалады.
«Бөрте» спектаклін қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливермор (Davide Livermore) шақырылды. Қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, режиссері – Карло Шаккалуга (Carlo Sciaccaluga), сценографы – Анна Варалдо (Anna Varaldo), координаторы – Элис Ферранти (Alice Ferranti), декоратор-суретшісі – Жанат Көкімбеков, костюм бойынша суретшісі – Айжан Абдуайт, композиторы – Хамит Шанғалиев, әдеби редакторы – Шынар Омарова.
Тарихи спектакльдің ғылыми кеңесшісі – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев. Рольдерде ойнайтын әртістер: Айя Шәріп, Ақбота Қаймақбаева, Нүркен Өтеуілов, Еркебұлан Дайыров, Лейло Бекназар-Ханинга, Әділ Ахметов, Алмахан Кенжебекова, Алихан Идрышева, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы, Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Бегайдаров, Алтынай Нөгербек, Азамат Чукеев, Толқын Нұрбекова, Әшім Ахметов, Қуаныш Қонысбеков, Әйгерім Қайратқызы.
Декорация шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындауымен ерекшеленеді. Белгілі композитор Хамит Шанғалиев спектакльге арнап эксклюзивті әуен жазды. Театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, алдағы уақытта да жаңашылдыққа, креативтік шешімдерге негізделген осындай қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына көптеп ұсынылатын болады.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.