Экологиялық проблемалар екі елге де ортақ

«Көкшетауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен екі елдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумы онлайн форматта өтті.
Форумда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі елге ортақ экологиялық проблемаларға тоқталды» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті форумға қатысушылар, бүгінгі фоумның тақырыбы – Экология мен жасыл даму саласындағы әріптестік. Шынымен де, бұл тақырып маңызды әрі кейінге ысыруға болмайтын сипат алып келеді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан өз аумағында ғана емес, бүкіл өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша бірқатар ірі халықаралық жобаларды іске асырды. Бұл – әлемдегі ірі ядролық полигонды жабу, Арал теңізін қорғау және Каспийді сақтау бойынша ауқымды бағдарламаларды іске асыру жобалары» деген Президент экология мен биоалуандықты сақтау мәселелеріне Қазақстанның үлкен маңыз беріп қарайтынын ескертті. «Қазақстан мен Ресейдің экологиялық проблемалары өте ұқсас. Бұл – ауа мен судың, топырақ ластануының жоғары деңгейі, радиациялық және өнеркәсіптік қалдықтардың қордалануы. Көршілес жатуымызды ескерсек, біздің проблемалар екі елге де ортақ деуге болады» деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында қандай бірлескен жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Біз теңіз жобаларын жүзеге асыратын инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасадық. Ресейлік серіктестердің ішкі нарықта мұнай жеткізу жөніндегі бірлескен теңіз жобаларын босату, сонымен қатар экспорттық кедендік салықты алып тастау ұсынысын қолдадық. Үкімет инвестициялық қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимыл барысында инвестицияның жаңа тетігін – жақсартылған модельдік келісімшарт әзірледі» деді ҚР Президенті. Мемлекет басшысы ресейлік серіктестерді жаңа жобаларды жүзеге асыруға да шақырды.
Сондай-ақ, ҚР Президенті шекарадағы өткізу бекеттерін заманауи бақылау кешендерімен жабдықтау мәселесі туралы пікір білдірді. «Мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің сөзсіз басым бағыты. Қауіпсіздік шараларына біз толық түсіністікпен қараймыз. Әсіресе, Ауғанстандағы оқиғалар аясында бұл мәселенің маңызды екенін сіз, Владимир Владимирович, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Шарты Ұйымына мүше елдердің басшылары отырыстарының бірінде табанды айтқан болатынсыз. Өткізу бекеттерін заманауи арнайы бақылау кешендерімен толықтай жабдықтау коммерциялық транзиттің қауіпсіздігі мен жылдамдық проблемасын да шешер еді» деді Мемлекет басшысы.
Президент форум барысында Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарында екенін еске салды. Орман қоры алаңы 30 млн. гектарды құрайды немесе аумақтың 11 пайызы шамасында. «Биыл елді көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама бастау алды. 2025 жылға дейін 2 млрд. ағаш отырғызу жоспарланған» деді Қ.Тоқаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғауы ірі экологиялық апат болғанын, осы орайда тұзды шөлейттер пайда болғанын айтты. Шаңды дауылдар атмосфераға ірі көлемде зиянды тұздарды шығарады. Сондықтан Аралдың құрғаған жерінде сексеуіл отырғызуды арттыру бойынша бөлек бағдарлама қабылданған. 2025 жылға қарай 1,5 млн. гектар алқап қамтылмақ. 
Форумда Мемлекет басшысы Қазақ­стан–Ресей ынтымақтастығына негіз болатын бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ, бүкіл әлемді дүрліктірген пандемия жағдайына да тоқталды. «Өткен жылы пандемияға байланысты форумды кейінге шегеруге мәжбүр болдық. Пандемия салдары қазір де байқалады. Біз форумды бейнеконференция режимінде өткізіп отырмыз. Дегенмен, әңгімелесудің бұл түрінің де өз басымдығы бар» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге эпидемияның алғаш басталған кезеңінде Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдірді.
Пікір қалдырыңыз