Ұлттың ұйысуы – ел дамуының басты факторы

2021 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. «Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде» деп бүгінгі күннің тынысын бейнелеген Жолдау қоғам үшін аса маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы тоқсаныншы жылдардан бастап, әлемдік қауымдастыққа Шығыс пен Батыстың философиялық тұжырымдамаларының ұштасуы мен сабақтастығын қамтитын ерекше жоба – «Қазақстандық жолды» ұсынып келеді. Қазақ елі өзінің көпғасырлық тарихы барысында көптеген қиын кезеңдерді басынан өткерді. Тарих сахнасынан жойылып кету қаупі бар сындарлы кезеңдерді жеңіп, жаңғырып, дамудың жаңа кезеңдеріне шықты. Бүгінде Қазақстан Республикасы өзінің саяси, экономикалық, рухани өмірін дамытуға барлық күш-жігерін салып отыр. Бұл жолда ел тұрғындарын ынтымақтастыққа жетелейтін рухани бағдар қажеттілігі өзекті мәселелер қатарына енеді.
Басты әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңғыру бойынша өміршең бастамаларды көтерген ел Президентінің Жолдауындағы  маңызды бағыт «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» ретінде айшықталады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет» екендігін алға тартты. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы Заңының 6-бабында Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіп-қатерлеріне демографиялық ахуалдың нашарлауы, заңсыз көші-қон, терроризм, экстремизм, ұлтаралық қақтығыстар, экологиялық, экономикалық қауіпсіздіктермен қатар, «Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы» қауіп-қатерлердің негізгі түріне жатқызылған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп ерекшелегендей, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыты – ұлттың ділін, тілін, мәдениетін, ерекшелігін сақтап, жаһандану кезеңіндегі ғылым мен технологияның озық идеяларымен ұштастыру болып табылады. Мемлекеттік «Рухани жағыру» бағдарламасы – тек қазақ қоғамының руханилығын нығайту ғана емес, сонымен бірге елдің жалпы ұлттық қауіпсіздігінің ішкі өзегі. 
Президент осы тұрғыда «Қазақстан елінің сыртқы саяси бағытының ұзақ мерзімдегі негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының реформаларының табысты түрде жүзеге асырылуы және тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы, дамуы үшін сыртқы ортаға бейімделу және іс-шараларды жүзеге асыру» деді. Ал, қысқа мерзімдік саясаттың түпкі мақсаты әлемдік қауымдастыққа кіре отырып, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанның сыртқы саясатының бағыттары мемлекетіміздің ұлттық мүдделерімен астасып жатуы тиіс. Ал, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өз өмірінің басым бөлігін сыртқы саяси мәселелерді шешуге арнаған тұлға. Сондықтан байыпты, прагматикалық сыртқы саясат ел Президентінің басты мақсаты болып қала береді.
«Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді, соның дәлелі ретінде этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды» дей отырып, ұлт мәселесiн, егемендiк, демократия, адам құқығы мен бостандығы мәселелерiнің  маңыздылығына ерекше тоқталады. Себебі, әлемдiк ауқымдағы ортақ нарық пен шаруашылық, ортақ ақпараттық кеңiстiк, заманауи мәдени-рухани бағамдар қалыптасуы жағдайында этникалық жаһандану, ұлттық сана-сезiмнiң өсу үрдiстерi демократиялану процестерiмен қатар өрбуде. Бұл үрдiстер әлемнің жекелеген мемлекеттерiнде ұлтаралық жанжалдарға ұласып, дағдарысқа ұшырауда. Сондықтан мемлекет басшысының ұлттық  мәселеге ерекше көңiл бөлуi бұл мәселенің өте өзекті екендігін көрсетедi. Бұл тұрғыда көпэтносты мемлекеттер үшiн ұлтаралық және этносаралық қатынастарды реттеп, үйлестiретiн мемлекеттiк ұлт саясатын жүзеге асырудың маңызы зор. 
Бұл мәселе туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «этносаралық қарым-қатынастар, азаматтық тең құқылық мәселелері, тіл саясаты – мұның бәрі саяси ойындар үшін алаң емес. Оларды «кейінге» қалдыруға болмайды. Оның үстіне мойындамауға және билік үшін таласта дәйек ретінде арсыздықпен қолдануға болмайды. Ол мемлекет үшін де, халық үшін де, әрбір адам үшін де қауіпті. Сондықтан шовинизмді немесе ұлтшылдықты ашық неофашизмнен оп-оңай аттап кетуге болатындай өте әлсіз сызықтың ғана бөліп тұрғанын әркім де түсінуі керек» деп кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің қатарына этносаралық қарым-қатынас мәселелерін кіргізген.
Жолдауда «Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз» деп бұл тұрғыдағы мақсатымызды айқындай түскен. Бүгінде Қазақстандағы саяси қозғалыстар, ұлттық ұйымдар және мемлекеттік құрылымдар да ұлт мәселесіндегі дағдарыстарға жол бермеудің, этносаралық шиеленістердің алдын алудың, ұлтаралық қатынастарда достықты нығайтудың жүйелі шараларын қарастыруды өздерінің басты міндеті деп санайды. 
«Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп айқындалғандай, әлемдегі қазiргi жағдай ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған мәселелердің өте өзекті екендігін дәлелдейді. Республикамыздың санұлтты құрамы және сан алуан мәдинет қоғамдық келiсiмге қол жеткiзудi, ұлттық азшылықтардың тең құқығын сақтауды, билiкке теңдей қатысуға мүмкiндiк туғызуды талап етеді. Осы орайда, Президент ұсынған «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын да осы бағыттың жалғасы ретінде қарастырып, жоғарғы технологиялар дәуіріндегі мемлекеттің қызметін ұйымдастырудың нысаны ретінде бағалауға болады. 
Сонымен қатар, Президент осы Жолдауында «Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет» деп ой қорытады. Бұл да маңызды мәселе. Ресейдің «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында Қ.Тоқаев: «Бізді байланыстыратын нәрсе көп, ол өзегі жағынан ажырамас: көпғасырлық ортақ тарих, біртұтас мәдени және рухани кеңістік, ажырамас экономикалық байланыстар, әлемдегі ең ұзақ шекара. Біз өз халықтарымыздың достығын қорғауымыз керек. Бұл менің Қазақстанның екінші президенті ретіндегі жауапкершілігім» деп пайымдауынан Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы Еуразия бағыты, оның ішінде Ресей федерациясымен қарым-қатынасының маңызды екенін аңғарамыз.
Шығыс пен Батыс тоғысқан аймақта орналасқан Қазақстан Азиядан Еуропаға тартқан алғашқы трансұлттық дәліздердің бірі – Ұлы Жібек жолының ықпалымен түрлі мәдениеттерді, құндылықтарды бойына сіңірген, бірегей әлеуметтік-аумақтық бірлік ретінде қалыптасқан. Қазақ халқының көшпелі өмір салты, қазақ халқының геосаяси артықшылықтары, ерекшелігі, қонақжайлылығы, басқа халықтардың мәдени құндылықтарына деген толеранттық көзқарастары негізінде ХХ ғасырдың соңы мен – ХХІ ғасырдың басында бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықта өз орны бар, сыртқы саясатының принциптері мен негізгі басымдықтары қалыптасқан тәуелсіз мемлекетке айналды.
Ал, енді аз жылда өзіндік келбеті қалыптасып үлгерген мемлекеттің тәуелсіздігін баянды ету – өздерін Қазақстанның патриотымыз деп есептейтін барша азаматтың қастерлі борышы болуы тиіс.

Нұрсұлтан БАЛАБИЕВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.
Пікір қалдырыңыз