Ұлтты да, жұртты да рухани құндылықтар өлтірмейді

1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланған мемлекеттік тәуелсіздік, оны нығайту жолындағы ізденістер рухани өмірімізге бұрын-соңды болмаған өзгерістер әкелді. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әлемдік құндылықтар тізіміне енсе, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Жаппай қуғын- сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Ал, 1999 жыл «Ұрпақтар сабақтастығы жылы», 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп аталды. Бұлардың барлығы тәуелсіздікті нығайтуға серпін беретін әрекеттер еді. Егемендігімізді алғаннан кейін Қазақстанның жетекші тарихшы ғалымдарының күшімен Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтар кітап болып басылып шықты. 1992 жылы барлық оқу орындарында «Қазақстан тарихы» оқулығы міндетті дербес оқу пәні ретінде енгізілді.
Елбасының сындарлы саясатының астарына үңілсек, көп нәрсеге көз жеткізетініміз анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың телеарналарда берген сұхбаттарында да тәуелсіздік пен еңбек екеуі сабақтас екені айтылды. Еңбек адамды өсіреді, өзіне сенімін арттырады. Еңбек адамға табыс, дәреже, лауазым береді, арманына жеткізеді. Яғни адамның еселі еңбегі еленіп, шынында сол еңбегіне сай жалақы алуы тиіс. Бұл адамды ынталандырады, сенімін оятады, тың идеяларымен табыстарға қол жеткізуге жол ашады.
Адами капиталды таңдау еңбек өнімділігін, өмір сүру деңгейін, білім беру сапасын, денсаулық сақтауды, демалу сапасы мен мәдениетті арттыруға негізделген ұлттық саясаттың жаңа принциптерін құру қажеттілігін айқындайды. Адами капиталды дамыту шеңберінде тең мүмкіндіктер саясатын іске асыру, кәсіби білім мен дағдыларды дамыту және өмір бойы біліктілігін арттыру ретінде екінші мүмкіндікті ұсыну маңызды болып табылады. «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен ең заманауи өндірістерде жұмыс істеу машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» деп Елбасы айтқандай, әр адам үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Кәсіби даму деген латын тілінде өз ісімді хабарлаймын деген сөз. Кәсіби даму іс-әрекеттің барлық саласына қатысты. Мейлі педагог, менеджер, кеңес беруші, психолог, дәрігер болсын, кәсібін дамыту, жетілу, кеңею, яғни өзінің барлық еңбек жолында белгілі міндеттерді атқара білуі тиіс.
Еліміздің бүгіні мен ертеңі – өскелең ұрпақ еншісінде. Еңбектің мәртебесін көтеріп, жастарды білімділікке, парасаттылыққа баулу, Отан мен халыққа қызмет етуге деген қарым-қатынасын өзгерту, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын қабілеті мол азаматтар қалыптастыру қажет. Бұлардың барлығы да жаһандық білім беруді дамытудың негізгі факторы – адами капитал рөлін арттыру, адами ресурстарға деген жаһандық бәсекелестің өсу мақсаттарын көздейді. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың сөзімен айтқанда, адами капитал дегеніміз – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Ұлтты да, жұртты да өлтірмейтін рухани құндылық. Міне, осы тақырыпта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да жарияланды. Мақалада айтылған әрбір мәселе болашағымыз үшін өте маңызды. Ол ел дамуына тың қарқын беретін маңызды шешім болып табылады.
Мақаланың «Кеңістік пен уақыт» атты бөлімінде біздің жеріміз материалдық мәдениеттің, көптеген дүниелердің пайда болған орны, бастау бұлағы десек асыра айтқандық емес дей келе, атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы туралы айтылады. «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керектігін атап өткен. Ұлы даланың ұлы есімдері көпшіліктің санасында тарихи үдерістер негізінен тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деген еді Елбасы.
Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажеттігін, Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналатындығын да айтып өткен.
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін, аң стилінде жасалған бұйымдарды, Алтын адамның жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды, басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады дей келе, ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ, – деп айрықша атап көрсеткен.
Сондай-ақ, аталған бөлімде дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі туралы да айтылады.
Қазіргі өскелең ұрпаққа Елбасы айтқан осынау рухани құндылықтарымызды дарыта алсақ, ол жұмысымыздың нәтижелі болғанын көрсетеді.
А.ЖҰМАШОВА,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бөлім меңгерушісі.