Білікті мамандарға қашанда сұраныс мол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының негізгі түйініне келер болсақ, онда елді басқару жүйесі, экономиканы тұрақтандыру, шикізат өндіруден өңдеу саласын нығайтуға көшу, бір сөзбен айтқанда, өнеркәсіпті өркендету, ауыл шаруашылығын ілгерілету, халықтың әлеуметтік жағдайы, қолжетімді сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Бұдан өзге, азаматтардың мүддесін қорғау, сандық технологияларға көшу, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы тәрізді мәселелерге де жан-жақты көңіл бөлінді.
Бүгінде Қазақстан ғана емес, әлемдегі өркениетті елдердің барлығы да аталған проблемаларды тиімді шешуге ұмтылуда. Президент Жолдаудың «Сапалы білім беру» бағытында жоғары білім беру сапасын арттыруды қозғай келіп, бүгінгі білім саласындағы кемшіліктерді де нақты атап көрсетті. Яғни жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті екендігін тағы да қаперге салды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетілетінін атап өтті. Әрине, мұның барлығы қаржыға келіп тірелетіні анық. Ол үшін ғалымдарға еңбегіне қарай лайықты жалақы төлеу мәселесін оңтайлы шешу қажет.
Өзекті мәселеге айналған ұстаздардың жалақысын көтеру Президенттің назарынан түскен емес. Президент өз Жолдауында: «Биыл қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді» деп ұстаздар қауымына жағымды жаңалықты жария етті. Осының барлығы еңбек адамына деген қамқорлық, нақты қолдау деп білеміз.
Акмалдин АЖИДИНОВ,
Орталық Азия инновациялық университетінің ректоры.