«Нағыз қазақ – домбыра!»

Домбыра – ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі. 
Алтайдан Анадолыға дейінгі түркітілдес халықтарда домбыра аспабы кең таралған. Түркітілдес халықтардағы домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, Қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, Алтай – топшур, тува – топшулар, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр дутар деп атайды.

Археологиялық қазба жұмыстары мен тасқа таңбаланған ескерткіштерге, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, домбыраның пайда болуы ежелгі түркі дәуірінен бастау алады. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады. Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубай­ұлының дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түркінің руна жазуы бар. Аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып, тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның  басына ұқсас және оның тасқа жазылған ежелгі түркі ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі Алтай домбырасына ұқсайды. Саз аспабының жазу үлгісінің негізінде зерттеуші-ғалым С.Қаржаубайұлы бұл жәдігерді б.з. V-VI ғасырына жатқызады. Ежелгі түркі дәуірінде домбыра аспабының кең қолданысқа ие болғандығын осы кезеңнің жәдігерлері саналатын көне ескерткіштерден байқауға болады. Онда балбал тастарға қылыш, қанжар сынды қару-жарақтардың сабына қашалып салынған домбыра аспабын ұстап тұрған адам бейнесін аңғаруға болады.
Еліміздегі «Қой қырылған» деп аталатын көне қаланың орнынан табылған «Қыш тас мүсін» тасқа қашалып түсірілген ескерткіштегі шанағы дөңгелек, мойны қысқа, беті жабық аспап ұстап тұрған адамның бейнесі домбыраның түркі дәуірінің аспабы екенін айғақтай түседі. Сол сияқты орта ғасырлардағы қанжардың сабына салынған екі бейненің біреуінің домбыра тартып, екіншісінің билеп тұрғанын көруге болады. Археологиялық зерттеулерге сүйене отырып, сыбызғы, қобыз аспаптарына қарағанда домбыра кейінірек пайда болған деп топшылауға болады. Себебі, сыбызғы, қобыз аспаптарының болмысы табиғатпен етене жақын болып келетіні белгілі. Ал, домбыраның құрылысы, жасалу тәсілі күрделірек, қолөнер қалыптасқан заманда, яғни шебердің қолынан шыққан бұйым деген болжам жасауға болады.
Домбыра атауының этимологиясына байланысты әртүрлі жорамалдар айтылады. Бірақ, осы уақытқа дейін музыка зерттеушілері әлі бір тоқтамға келе қойған жоқ. Домбыра атауы дом+бұра деген қосарланған сөзден тұратындығы байқалады. Қазақта әлі күнге дейін «ем-дом» деп қосарлана айтылатын сөз тіркесі бар. «Дом» сөзі қазіргі қолданыста ұлғаю, ісіну деген мағынаны білдіреді. «Бұра» деген сөз күйге келтір дегенді білдіретіндігі түсінікті жайт.
Домбыра алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған. Кейін домбыра аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған. Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай өзгертіледі. Екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», тағы басқа. Домбыраның құрылысы бірнеше бөліктерден тұрады: басы, құлағы, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер.
Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып-қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Халық аспаптар оркестрлерінің құрылуына байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді.
Елбасының шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Бұл қазақ елінің қасиетті домбыраға көрсеткен құрметі деп білеміз. Осы тұста Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдары ойға оралады.

Айгүл ИСАБЕКОВА,
Нәзір Төреқұлов музейінің аға ғылыми қызметкері.
Пікір қалдырыңыз