Ізгілікке негізделген ізденіс

Бүгінде ҚР ҰҒА академигі Қалдыбай Жайлауұлы ПІРӘЛИЕВТІҢ туғанына 80 жыл, ғылыми, қоғамдық және педагогикалық қызметіне 60 жыл толуы республика  көлемінде, тіпті дүниежүзілік химиялық және фармацевтикалық  салада кеңінен аталып өтуде.

Еліміздің химиялық және фармацевтикалық өнеркәсібінің жай-күйі мен даму перспективаларына сараптамалық-талдамалық бағалау жүргізуге, сондай-ақ еліміздің экономикалық дағдарыстан шығуына ықпал ететін зерттеулердің басым бағыттарын таңдауға, оларға ғылыми-теориялық тұрғыдан сараптама жасауға кәсіби маман ретінде төрелік айтып жүрген академик Қалдыбай Пірәлиевтің біздің жерлесіміз екендігін, жерлесіміз болғанда да Түлкібастай жер төресінің тумасы екендігін біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Алайда, мәселе Қалдыбай Жайлауұлының біздің елдің тумасы екендігін білуге келіп тірелмесе керек.
Есесіне Ресейдің ғылым және білім министрі Э.А.Нечаев әлемдік фармацевтика саласындағы үлкен құбылыс, ұлы жаңалық болған дәрілерімен танысу кезінде Қалдыбай Жайлауұлы туралы халықаралық мәртебелі мінбеден «Великий сын великого казахского народа» деп үлкен баға бергенін бәріміз біліп жүруге тиіспіз. Мақтану үшін емес, ғылымымыздың беделінің қандай екенін бағамдау үшін білуіміз керек. Оны айтамыз-ау, көпшілігіміз Пірәлиевтей ірі ғалым ойлап тапқан дәрілерді күнделікті өмірде қолданып, содан емделіп, жарық дүние қызығын көріп жүргенімізді білсек қой! Осыны білсек, біз жанымызда жүрген ірі таланттарды тек айтулы даталарда ғана еске алып, оның өзінде науқандық мақсатта ғана көңіл аударумен шектелмес едік-ау деп ойлап қоямыз. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, органикалық және дәрілік заттар химиясы, әсіресе, стереохимия конформациялық анализ және нәзік органикалық синтез саласының ерекше күрделі бағытындағы ірі ғалым, ҚР БЖҒ саласындағы бақылау комитетінің президиум мүшесі, әлемге танымал бірнеше дәрінің авторы Қалдыбай Жайлауұлы Пірәлиевтің тек сіз бен біз күнделікті өмірде қолданылып жүрген дәрілерінің тізімі мен олардың біздің саулығымызға қаншалықты қажеттілігі туралы ғылыми жетістіктерін санап шықсақ, біраз нәрсеге көз жеткізер едік.
1941 жылы 29 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келіп, 1965 жылы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік (қазіргі Ұлттық) университетінің химия факультетін үздік бітіріп, 1970 жылы кандидаттық, 1991 жылы докторлық диссертация қорғап,  2004 жылы ҚР ҰҒА академигі атанған Қалдыбай Пірәлиев өзінің еңбек жолын 1964 жылы «Ә.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ синтетикалық және табиғи дәрілік заттар химиясы зертханасында бастаған. Ол мұнда органикалық химия бағытында теориялық және эксперименталдық зерттеулерді қолға алды және 47 жылдық еңбек жолын жай лаборанттықтан бастап, бас директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарына дейін көтерілді. Қ.Ж.Пірәлиев осы күндері синтетикалық және табиғи дәрілік заттар химиясы зертханасын басқарады. Қ.Ж.Пірәлиевтің ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты нәзік органикалық синтез тәсілдерін жасау, моно және бициклді кетопиперидиндер, 3,7-диазабицикло, нонан-9-ондар және кейбір табиғи алкалоидтарының конформациялық анализі мен стереохимиясы, сонымен қатар аталған аминокетондар, алколоидтар және олардың туындыларынан табылуы қиын заттарды және табиғи қосылыстар аналогтарын алу, нәзік химиялық құрылыс пен биологиялық активтілік арасындағы тәуелділікті анықтау, отандық жаңа залалсыз әрі әсерлілігі өте жоғары дәрілік заттар жасау. 
Қ.Ж.Пірәлиевтің ғылымдағы табыстары мен жетістіктерін бүгінде Новокузнецк РФ НИХФИ фармакологтары, Белоруссияның Гродно мемлекеттік медициналық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы  Қазақ ұлттық медициналық университеті, «КазАгроИнновация» АҚ, ветеринария ҒЗИ, туберкулез мәселелерінің Ұлттық орталығы, Инфекцияға қарсы ғылыми орталық, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚР БҒМ жалпы генетика және цитология институты мойындап, бірлесіп жұмыс істеуде.
Қ.Ж.Пірәлиевтің жетекшілігімен бірнеше мыңдаған жаңа пиперидинді қосылыстар синтезделіп, олардың кеңістіктегі құрылысы дәлелденді. Сонымен қатар, жүргізілген зерттеулер олардың фармакологиялық қасиеттерінің зерттелінуі арқылы ғалымдар арасында қызығушылық тудырып отыр. 
Қалдыбай Жайлауұлы соңғы жылдардағы зерттеулерін АҚШ-тың азаматтық зерттеулер және даму қорының  бірсыпыра ірі ғылыми жобалар бойынша орталығымен (Оклахома, Нью-Йорк қалаларының университеттері мен Сиракуза қаласындағы медициналық орталық), Еуропадағы Гента қаласы (Бельгия), Кардифф қаласы (Ұлыбритания),  Мәскеу қаласындағы ГосНИИОХТ, Новокузнецк қаласындағы НИХФИ, Новосибирск қаласындағы НИОХ, Белоруссиядағы (Гродно мемлекеттік медициналық университеті) үлкен ғылыми орталықтардың жетекші ғалымдарымен МНТЦ, CRDF және INTAS сияқты халықаралық ғылыми қорлардың гранттарын жеңіп алу арқылы бірге жүргізді. Жапония мемлекетінің қолдауымен наркотикалық емес анальгетик және апиын антагонистерін, сондай-ақ, туберкулезге қарсы препараттарды іздестіру үшін халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың грантын жеңіп алды.
Қ.Ж.Пірәлиевтің жаңа жоғары әсерлі түпнұсқалық дәрілік заттарды медициналық практикаға ендіруге бағыттау тұрғысындағы ізденістері ерекше атап айтуға тұрарлық. Осы аталған бағыттағы ғылымға Қ.Ж.Пірәлиевтің қосқан үлесі табиғи эфедрин негізінде антидепрессанттардың жаңа класы – цефедрин дәрісін өндіру болып табылады.Оның терапевтік әсері психикалық ауруларды емдеуде Америкада шығарылатын (мелипрамин және амитриптилин) препараттарға қарағанда анағұрлым сапалы деп есептеледі. Мұны әлемнің ғалымдары айтады.
4-Оксопиперидиндер негізінде дәрілік препараттар жасау бойынша көлемді ғылыми-зерттеу жұмыстары ауруды басатын жаңа дәрілік заттар жасау принциптеріне негізделген. Қ.Ж.Пірәлиев өз қызметкерлерімен, Новокузнецк НИХФИ-дың мамандарымен бірге морфиннің синтетикалық аналогы – Просидолды  жасап шығарды. Просидол Ресей мен Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарында клиникалық зерттеулерден табысты өтіп, оның промедол, мародол, трамол және иорфинмен салыстырғанда анальгетикалық белсенділігінің жоғары екендігі анықталды. Просидолдың буккалды таблеткалары әскери медицинада жиі қолданылады, сондай-ақ, зілзала кезінде жарақат алған адамның ауырсынуын жылдам басады. Академик Н.Н.Бурденко атындағы бас әскери клиникалық госпиталь базасында жүргізілген клиникалық сынақтар просидолдың травматикалық естен тану кезінде және күйік, түрлі жарақаттар алғанда, зәр шығару жүйесіндегі асқыну процестерін емдеуде, сонымен қатар, онкологиялық аурулардың созылмалы ауру синдромын жоюда жоғары клиникалық әсер көрсететінін дәлелдеді. 
  Цефедрин мен просидол елімізден бөлек Ресей Федерациясында өмірлік маңызды дәрілік заттардың мемлекеттік реестріне, сонымен қатар дәрі-дәрмектер энциклопедиясына кірген.
Қ.Ж.Пірәлиевтің жетекшілігімен «Ә.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты» АҚ, Қазақ ұлттық медициналық университеті және Новокузнецк НИХФИ ғалымдары бірлесіп, практикалық медицинада, оның ішінде әскери-далалық медицинада және түрлі апаттар орын алған жағдайда үлкен сұранысқа ие болатын казкаин препараты шығарылды. Жергілікті анестезирлеуші және антиаритмикалық зат ретінде бұл препарат Мәскеудің және Мәскеу облысының төрт жетекші клиникасында сынақтың алғашқы кезеңінен өтті. РФ қорғаныс министрлігінің Орталық әскери теңіз госпиталының мәліметінше, казкаин өткізгіштік және инфилтрациялық анестезия жүргізу үшін өте тиімді. 
Қ.Ж.Пірәлиев – ҚР Үкіметі жанынан құрылған Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі. Ол ұзақ жылдар бойы  «Ә.Б.Бектұров атындағы химия институты» АҚ  ғылыми кеңесінің төраға орынбасары, «Ә.Б.Бектұров атындағы химия институты» АҚ диссертациялық кеңесінің төрағасы және орынбасары, ҚР ҰҒА-ның химия-технология бөлімі бюросының мүшесі, түрлі ғылыми журналдардың редакция алқасының мүшесі, республикалық іргелі зерттеулер кеңесінің мүшесі, қазіргі уақытта ҚР ҰҒА төралқасының мүшесі. Профессор Қ.Ж.Пірәлиев 1997 жылы ғылым мен техниканың дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның жеңімпазы атанды.
Қ.Ж.Пірәлиев елімізде органик-синтетиктер ғылыми мектебін құрды. Оның шәкірттерінің арасында 8 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты және химия ғылымы бойынша 3 РһD докторы бар. 
Қалдыбай Жайлауұлының ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстары, ғылымдағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланбай қалған емес. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Қаулысымен ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың (1986), академик Қ.И.Сәтпаев атындағы (2000) сыйлықтың және ғылым, техника және білім беру саласындағы 
ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2003) лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001) мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» ( 2002) және «Еңбек ардагері» (2021) төсбелгілерімен марапатталды. 2016 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болды.
Академик Қ.Ж.Пірәлиевтің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері 450-ден аса ғылыми еңбекте (соның ішінде 119 КСРО авторлық куәлігі мен ҚР патенті, 8 шетелдің патенттері) жарияланған. Оның синтетикалық органикалық және дәрілік химия саласының теориясы мен практикасына қосқан еңбектері шетелдерде де кеңінен танымал. Сол еңбегі үшін «КСРО өнертапқышы» атты төсбелгімен марапатталған. Оның шәкірттері фармацевтика саласында да баршылық.
Жуырда ғана ол жаңа дәрілік заттарды іздестіру және өндіріске енгізу жолындағы жетістіктері үшін Америка фармацевт ғалымдарының ассоциациясына мүше болып қабылданды.
 ҚР ҰҒА академигі Қ.Ж.Пірәлиев әлемдік ғылыми  ортада өзіндік орны бар ғалым екендігін әрқашан энциклопедиялық білімімен, өз саласындағы ірі маман екендігімен дәлелдеп келеді. Ол өндіріске ендірген дәрілерді кезінде КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Фармокология комитеті ресми түрде қабылдаған. Оның авторлығымен шыққан дәрілік препараттар Ресейде, Ұлы­британия, Италия, Қытай, Жапония және Швейцарияда ресми түрде танылған және патенттелген. 
Қалдыбай Жайлауұлының жетекшілігімен алынған цефедрин, просидол, казкаин, клофебукал және тағы басқа да отандық дәрі-дәрмектердің өндірісін өзіміздің елде ұйымдастыру біздің мемлекетіміздің мәртебесін асыратын ірі жетістік болып есептеледі.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Қалдыбай Жайлауұлы  соңғы уақытта АҚШ-тың азаматтық зерттеулер және даму қорының 3 гранты бойынша Оклахома және Нью-Йорк университетінің, INTAS гранты бойынша Бельгия университетінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Көрнекті ғалым жақында Жапония мемлекетінің қолдауымен наркотикалық емес анальгетик және апиын антогеністерін, сондай-ақ, туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерді іздестіру үшін халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың грантын жеңіп алды. Бұл да біздің ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Адамдарға денсаулық сыйлауды, сол арқылы өмірін ұзартуды басты мұраты санайтын ғалымға әр ізденісіңіз адамзат үшін жемісті болсын демекпіз.

А.БЕКНАЗАРҰЛЫ. 
Пікір қалдырыңыз