Сарсаңға түскен сарбаздар тағдыры

Биыл кешегі Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттер Ұлы Отан соғысы деп атаған алапат соғыстың басталғанына 80 жыл толды. Адамзатқа орасан зор қасірет әкелген бұл жойқын соғыс қазақ халқының тағдырына да үлкен әсерін тигізді.

Соғыс салған жара әлі де жазылған жоқ. Соғыстың қасіретті беттерінің бірі – тұтқындар мәселесі. Неміс зерттеушілерінің мәліметтерінде кеңестік 5 млн. 270 мың жауынгердің тұтқынға түскені айтылады.

Тек 1942 жылдың ақпанына дейін немістерге тұтқынға түскен кеңес әскерлерінің саны 3.9 млн. адамға жетті, солардың 2.8 миллионы  қырылып қалды. Естіген адамның есінен тандыратын осынау фактілер көпке дейін бүркемеленіп келді.

Соғыс кезіндегі тұтқындар жөнінде Гаага (1899ж. – 1907ж.) мен Женевада (1929ж.) конвенция қабылданған болатын. Бұл конвенциялар шарты бойынша соғысушы мемлекеттер соғыс тұтқындарына адамгершілікпен қарауы тиіс. Бірақ, Кеңес өкіметінің тарапынан ұстанған қағида бойынша, яғни «бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстаным миллиондаған тұтқындардың тағдырына  ауыр зардабын тигізді.

Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен түркістандықтардың еврейлермен пара-пар азапты бастан кешкендігін архив деректері айғақтайды.

Майдан даласында жараланған қазақ жігіттеріне көп жағдайда көмек көрсетілмеді. Ұрыс даласынан әкелінсе де, емдеу пунктіне жатқызылмады, не басқалардан кейін, ең соңынан қабылданды. Мұндай жағдайға назар аударған қазақ командирлері (көпшілігі кіші шендегі) «ұлтшыл» атанып, істің аяғы трибуналға дейін жеткен. Жау қоршауында қалып, қолға түсіп қалған жауынгерлердің тағдыры тіпті мүшкіл еді. Неміс лагерьлерінде тұтқындар адам айтқысыз  ауыр жағдайды бастан өткізді. Олар ашық аспан астында ұсталды, тамақтары үсіген қырыққабат пен қабығы ашылмаған картоп болды. Тұтқынға түскен жауынгерлер неміс концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, одан аман-есен келген соң кеңестік  лагерьлерде тағы азап шекті. Сол тұтқындар мәселесі бүгінде бірте-бірте ұмыт болып барады.

Кейбір тұтқындар соғыстан кейін өздерін күтпеген, өздеріне сенбеген Отанына оралды, оларды лагерьлерде ұстап, тексергеннен кейін және адалдықтарына көз жеткізгеннен кейін ғана бастарына бостандық берді. Дегенмен де, бұрынғы әскери тұтқындар тұрақты түрде бақылауда болды. Енді біреулері Отанында күтіп тұрған ащы тағдырды сезіп, жат елде қалып қойды да, өзі таңдаған тірліктің өкініш уын ішіп, күн кешті. Мұндай адамдар Кеңестер Одағы тізімінде ұзақ уақыт бойы болған жоқ.

Бұрынғы әскери тұтқындар өздерінің соңынан құзырлы органдар тарапынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» күй кешті.

Кеңестік идеология тұсында «Түркістан легионының» құрылуы Мұстафа Шоқайдың атымен байланыстырыла баяндалатын еді. Бұл пікір күні кешеге дейін күшінде болды. Алайда, бұл легионның 1942 жылы шілде айында құрылғанын ескеретін болсақ, онда ондай пікірдің тарихи шындыққа сәйкес келмейтіндігіне көз жеткіземіз. Түркістандық тұтқындарға көмек қолын созып, олардың тірі қалуы үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың терең гуманистік кадамын әр саққа жүгіртуге ешбір негіз жоқ.

«Түркістан легионы» мүшелерінің тағдыры әр қилы. Бір бөлігі Қызыл Армия жағына өтер кезінде фашистермен қақтығыста өлім құшты. Келесі бөлігі Қызыл Армия құрамына кірді. Соғыс аяқталған соң әскери тұтқындардың басым бөлігі елге қайтып оралды. Кеңестік билік оларға кешірім жасалатынына уәде берді. Бірақ, бұл уәде жалған болып шықты. «Түркістан легионы» мүшелері қатаң жазаға тартылып, сталиндік лагерьлерге тоғытылды. Ендігі жерде ХХ ғасырдың жазықсыз жапа шеккен саяси тұтқындарын ақтайтын мезгіл жетті. Өйткені, бүгінгі ұрпақ,  Отан үшін от кешкен жауынгерлердің туған-туыстары, жақындары мен бауырлары олардың тағдыр-тарихы туралы толық білуі тиіс.

Өткен жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл бағыттағы  сең бұзылып, жазықсыз жапа шеккен отандастарды толық ақтау үшін еліміздің әр өңірінде комиссиялар құрылды. Оңтүстік өңіріндегі жұмыс тобы мүшесі ретінде біз де мұрағат қорларында елеусіз қалып қойған «Түркістан легионы» қатарында болған оңтүстікқазақстандықтардың аянышты тағдырына қатысты құнды құжаттарды мұқият зерделей отырып, шындықтың шырағы сөнбейтініне көз жеткізгендей болдық.

Бүгінгі күні Шымкент қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатында Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты істердің жалпы саны 17 мың  231-ді құрап отыр екен. Солардың ішінде «ақталмаған азаматтардың мұрағаттық қылмыстық істері» қорының жалпы саны – 563. Оның көпшілігі әскери тұтқындар. Солардың ішінде «Түркістан легионында» болған оңтүстікқазақстандықтар да баршылық екені анықталуда.  Ендеше, сол жат жерде жау қолында қалып, қапастан құтылса да қасірет шеккен қандастардың  бірқатарының талайлы тағдырына тереңірек үңіліп көрейік.

Сондай соғыс тұтқындарының бірі – 1917 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, «Қызыл Түркістан» ұжымшарына қарасты №24 ауылда туған Дәурен РЫСБЕКОВ. Ұлты қазақ, аяқталмаған жоғары білімі бар азамат.

1942 жылдың қаңтарында Қызыл Армия қатарына алынып, сол жылдың шілдесінде жау қолына түседі. Бір жылдай өлім лагерьлеріндегі  азапты айларын артқа тастап,
1943 жылы сәуірде  амалсыз «Түркістан легионы» қатарына қосылады. 2-батареяның жауынгері бола жүріп, кіші командирлер дайындайтын мектепке жіберілгенімен, денсаулығы сыр беріп, сабағын аяқтай алмапты. №2839 іс бойынша түзілген айыптау қорытындысымен 25 жылға сотты болған жауынгердің 1949 жылы 15 қазанда өз ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жүрген жерінде тұтқынға алынғандығы жазылады. Тағылған айып – 1943 жылы 162-дивизия құрамында Италияда, кейіннен 2-батареямен бірге Югославиядағы партизан отрядтарын жоюға қатысқандығы, одақтастарға қарсы ұрыс жүргізгендігі. Тіпті, табан астында Рысбеков Дәуреннің суретін жазбай танитын, онымен бірге Порт-сайдта бірге болған белгісіз куәгер де табыла кетіп, тергеу хаттамасында  «бұлтартпас шындықтың» бәрі «көрсетіліпті». Яғни оқ пен оттың, үміт пен үрейдің ортасында жүріп, немістің қанды қасабын көзімен көрген, американдықтардың  абақтысында да келер күннен қуаныш күткен Рысбеков кеңестік «қырағы көздердің» назарынан тыс қалмай, қуғынға ұшырайды.

Сондай-ақ, 1919 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келіп, ТүркВО-ның әскери трибуналы 1948 жылы 28 маусымда 25 жылға жаза кескен Арғымбай ҚҰТТЫЖОЛОВ та орта ғана білімі бар жан екен. Әскер қатарына да ертерек, 1939 жылы алынған.

Тек КСРО Бас прокуратурасының қарсылығынан  соң 1955 жылы 30 қарашада А.Құттыжоловқа қатысты қылмыстық істі қайта қараған КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы оның американдық барлау қызметіне жұмыс істегендігі нақтылы айғақтардың жоқтығынан дәлелденбегендігін қаперге алып, жаза мерзімін 10 жылға дейін қысқартады да, көп ұзамай рақымшылыққа ілініп, елге оралады.

Дегенмен, Арғынбайдың толық ақталсам деген арманы орындалмады. Сот оның 1941 жылы қыркүйекте әскери тұтқындар лагерінде аудармашы әрі батальон командирінің орынбасары қызметін атқарғандығын, 1942 жылы диверсиялық-барлау мектебінен өтіп, «Бранденбург – 800» атты арнайы полк құрамында  кеңес әскеріне қарсы Моздок қаласы маңындағы ұрыстарға қатысқан тұста жаралы болғанын да бұлтартпас құжаттармен қаттап көрсетіп, сан мәрте жолдаған өтінішін қабылдамай, «ақтауға жатпайды» деген шешімге тоқтайды.

Ал, шындығында 1943 жылы «Түркістан легионы» қатарын толықтырған сарбаз негізінен құрылыс жұмыстарын жүргізетін жұмысшы батальоны құрамында болады.

Біздіңше әр құжаттың, әр тергеу хаттамасының артында сарсаңға түскен сарбаз тағдыры тұр. А.Құттыжолов та қу соғыс құтын қашырып, тағдыры қайда айдаса, қаңбақтай сонда дөңгелеген алапат соғыстың көп құрбандарының бірі. Тіпті, әділет генерал-майоры Е.Варскойдың қолы қойылған бір құжатта оның кескілескен шайқастарға көп қатыспағандығы, бір жылдай жау жағында тек қара жұмысқа жегілгендігі, «американдық барлау қызметімен байланысы бар» деген қауесеттің де шындыққа жанаспайтындығы күн өткен сайын көзге ұрып, қайта жауынгердің өз атамекенінде  қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргендігі анық жазылыпты.

Айталық «Отаны үшін отқа түскен сарбаз соңғы оқты  өзіне арнайды. Сіз неге олай етпедіңіз?» деген сұраққа: «Қиян-кескі ұрыста оғым бітіп қалды. Оның үстіне ауыр жараландым. Тіпті, соңғы оқты сақтаған күннің өзінде, біреу де болса азая берсін деп оны өзіме емес, жауға атар едім» деп ызалана жауап қатыпты. «Ал, онда «Түркістан легионы» қатарына кіруге неліктен келісім бердіңіз?» деген қитұрқы сауалға да салмақпен: «Легионға кіресің бе, кірмейсің бе?» деп фашистер бізден сұрап жатпады. Топ-тобымызбен дүркірете қуып, легионға тықты да жіберді.  Қарсыласқанның қанын төкті, жауап қайтарғанның желкесін үзді. Сондықтан легионға кіруге ешкім  де қарсы болған жоқ, ешкім де келісім берген жоқ. Бәрін де бір-ақ үміт әлдиледі, бір-ақ үміт алға жетеледі. Мен ғана емес, бәріміздің де басты мақсатымыз – бостандыққа ұмтылу, бақытты сәтті сабырмен тосып, майдан шебіне жақындағанда өзіміздің шепке өту, ол болмаса ебін тауып, партизан отрядтарына қосылу болды.

Мен 1939 жылдан Қызыл Армия қатарындамын. Сұрапыл соғыс басталған күні біздің рота Румыния шекарасында, Прут өзенінің жағасында еді.

1941 жылы 23 маусымда ұрысқа кірдік. Бізге қарсы неміс әскерінен бөлек, румын цыгиндары (әскерлері) да шайқасты. Алайда, күші басым болса да олар біздің 12-армияның тасқамал бекінісін бұзып-жарып өте алмады. Шамада маусымның орта шенінде бізге шегінуге бұйрық берілді. Сонда ғана біз майданның алдыңғы шебінен тым шалғай қалғанымызды түсіндік. Шегініп бара жатып та шеккен азабымыз аз болмады, адам шығыны да көп. Осылайша ұрыс сала жүріп, түгі қалмай қираған Каменецподольск қаласына табан тіредік. Взвод командирі – өзім. Мен басқарған әскери бөлімде айқай-шу шығарып үрейге берілгендер, үрке қашқандар болған емес. Бұйрықты бұлжытпай орындадық. Өз борышымызды адалдықпен атқардық. Бұл сөзімнің растығына аға лейтенант Верешак пен старшина Викерин кепіл бола алады. Шекараға жақын тұста тағы да көп жауынгерден айырылдық. Топырақтары торқа болсын! Ашығын айтсам, Батыс Украина тұрғындарының біразы бізге қарсы соғысып, немістерге болысты. Оқ-дәріміз таусылса да итшілеп отырып Хотин селосына аяқ іліктіріп, Днестр жағалауына жеттік.

Жау ұшақтары өзеннен өтер көпірді күл-талқан етсе де жанқиярлықпен  күрестік. Бораған оқтың астынан пулеметімді алып шыға бергенде қарсы алдымнан ақбоз атпен шоқыта шыға келген  Верешактың: «... Қандыкөйлек жолдасым Құттыжолов! Егер сарбаздың бәрі де сен секілді ұрыс жүргізе алса, фашистер бері қарай бір адым да аттай алмас еді» деген сөзін мақтанышпен жеткізейін деген де ойым жоқ. Шеңгеліне алғандар шындыққа көз жеткізсін деп айтып отырмын. Верешак та жан аямай арпалысты. Ымырт үйіріле жау селоны түп-түгел қоршауға алып, бізді ығыстыра бастады. Осы Хотин селосында аяғымнан жараланып, тұтқынға түстім. 1941-1942 жылдары мені Румыниядағы «Будешт» лагерінде, содан соң Австриядағы Унтервальдерсдорф лагерьлерінде ұстады. 1944 жылы «Түркістан легионына» қосты. Бізді көзден таса қылмай, Батыс Германияның Ульме тауы маңайына орналастырды.

Негізінен біз жайлы айтылған алыпқашпа сөздің бәрі өтірік. Командирлеріміз де неміс унтер-офицерлері мен фельдфебельдері болатын. Американдық әскерлердің төбесі көрінгесін немістер бізді тастап, тым-тырақай қашты. 

Құдай тілеуімізді берді. Одақтастармен көрісіп, қала ішін емін-еркін аралауға рұқсат алдық. Американдықтар да обалы не керек, бізге қиянат жасамады. Бәрімізді кеңес азаматтарына арналған лагерьлерге орналастырды. Бұл лагерьлердің немістің «тозақ» лагерінен қандай айырмашылығы барлығын өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Содан Отанына оралғысы келгендер кері қайтып, қалғысы келгендер қалды. Елге табан тірегесін де мен Қызыл Армия сапында 1945-1947 жылдары Бреслау қаласында қалтқысыз қызмет еттім. Бреслау қаласындағы авторемонт зауытында жұмыс істеп, 1947 жылы Түлкібастағы  асырап алған ата-анамның қолына келдім.

Басымнан өткен бақытсыздықтың бәрін бүге-шігесіне дейін ақтарыла айтқаныммен, тергеу барысында ешкім де менің зарыма құлақ асқан жоқ. Тергеуші де шекесінен қарап, шындықты тануға талпынбады. Оларға ақ адал адамды тыңдағаннан гөрі оны қисынсыз сұрақтармен тұйыққа тіреу, болмаған күнәға белшесінен батыру, сағын сындыру оңайырақ болған сияқты.

Тағы да қайталап айтайын, мен Отан алдындағы борышымды өтеуде арыма қылдай да дақ түсірген емеспін. Иә, 1955 жылы мені соттан босатты. Бірақ, қапастан шыққанмен, жаным әлі жарадан да, жаладан да арылған жоқ. Сондықтан, Отанымнан, мемлекетімнен мені ақтауын өтініп сұраймын. «Аққа Құдай жақ» деуші еді ғой. Осы жетпістен асып, қаусаған шағымда қиянат атаулыдан арылып, ары таза адам болып арғы дүниеге аттанғанымды артымдағы ұрпақтарым көрсе деймін. Біздің отбасынан 5 жан майданға аттанды, бәріміз де ешкімнің ала жібін аттаған жоқпыз» деп ақиқатын айтады.

Өле-өлгенше ақтығын алға тартып, жоғарыға арыз жолдаудан талмаған қария КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачевқа жолдаған хатында да өз ісін қайта қарауды сұрап, былай дейді: «...Мені  1947 жылы Шымкент қаласында тұтқындады. Ісімді жүргізген тергеуші Касианов шындықты бұрмалап, қалай жазғысы келсе, солай жазды. Ойдан шығарылған жаланың бәрін бейкүнә басыма үйіп-төкті. Бұрын да жазғанмын, 1942 жылы бізді Австрия астанасы Вена маңындағы Унтервальдерсдорф селосына жеткізіп, бүкіл түркітілдес халықтар өкілдерінен тараған солдаттарды моншаға апарды да Түркістан жұмысшы батальонын жасақтады. Біздің келісімімізді ешкім сұраған жоқ. Бас тартқанның басы кететіні белгілі болатын.  Сол себепті көппен бірге  мен де бұл тағдырдың жазуына үнсіз көндім. Бірақ, тергеуші Касианов қисынға келмейтін айыптауларды қарша боратып: «... сіз барлау-диверсиялық мектебінен өткен жасырын жансызсыз. Немістерге аудармашы болып қызмет еткеніңіз аздай, Америка мүддесі үшін де шпиондық жасадыңыз» деп ұрып-соғып, күні-түні азаптап,  қорқытып-үркітіп, хаттамаға қол қойдырып алды. Куәгерлермен көзбе-көз беттестіруді сұрағаныммен, рұқсат берілмеді. Құдай үшін ашығын айтайын, барлау мектебінде білім алған емеспін. Ондай опасыздыққа бару үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. «Аудармашы болды» дегендері де ақылға сыймайды, бір ауыз немісше білмейтін ауыл баласы қалай аудармашы болады?! Ағылшын, американ барлау органдарымен де  еш қатысым жоқ. Сондықтан Касиановтың қолдан түзген ісін түгелдей теріске шығаруларыңызды талап етемін.

Иә, 1942 жылы Түркістан жұмысшы батальонында болғанымды жоққа шығармаймын. Концлагерьде азапты өлімге душар болмау үшін осы жолды таңдағаныма айыптымын. Бұл сөзімді менімен бірге болған жолдастардың бәрі растай алады. Көбінің атын ұмыттым. Дегенмен, көкшетаулық Бижан есімді бауырым, фамилиясын ұмытып тұрмын, қостанайлық Бегімов Қаби, қарақалпақстандық Сәрсенбек бәріміз бірге болғанбыз. Сотта мен Түркістан жұмысшы батальонында болғанымды мойындағаныммен, басқалар жалған куәлік беріп, мені жазықсыз күйдірді. Сот менің ақтық сөзімді құлағына да ілмей, Касиановтың ақиқаттан ада, әділдіктен шет шешіміне жүгінді. Мен секілді қанша жанның мұндай сергелдеңге түскенін білмеймін. Білетінім, сол соттан бері 39 жыл өтсе де «сатқын» деген суық сөзден құтыла алмадым. Қайда барсам да «қоғамға қауіпті адам» ретінде шетқақпай көріп келемін.

Алайда, базбіреулер сияқты сағым сынып, қайратым кеміп, жасып қалған жоқпын. Қайта 30 жыл Никольский қаласындағы автобазада адал жұмыс істеп, көптеген Құрмет грамоталарын алдым, «Қазақ КСР-ның үздік шофері» деген де атағым бар, еңбек ардагерімін. Қарапайым ғана кедей отбасынан шығып, 6 ұл-қызды асырап бағып, қайда жүрсем де Отаныма еңбек етсем деген ойда ғана болдым. Сондықтан Кеңес елінің басшысы ретінде көмек қолын созуыңызды  сұраймын. Егер мені ақтауға болмайтын болса, тым құрыса мойныма ілінген жалған айыптау материалдарын жоққа шығарсаңыз екен».

Ал, 1989 жылы 28 қарашада ол Түркістан соғыс комиссариаты прокуратурасына қайта арызданып, М.С.Горбачевтан келген «Сіздің Жоғарғы сотқа жазған арызыңызды біз Түркістан соғыс комиссариатына жібердік. Жауабын күтіңіз» деген тілдей қағазын да қоса тігіп, әділеттіліктен үміт үзбейді. Отан алдында ары таза екенін талай жылдан бері талмай айтумен келген ардагер өзі сияқты нақақтан-нақақ сотталғандардың да аз болмағанын айтады. Осынау хаттың соңында да ол Касианов сияқтылардың соғыс өртінен әупірімдеп аман шыққан жауынгерлерге жасаған қиянатын «1945-1947 жылдардағы репрессиялық әрекет» деп тануды талап етіп, жауап күтумен болады.

Сондықтан біз де «Түркістан легионы» туралы сөз еткенде негізінен айыпталушының хаттарына байыппен үңіліп, кеш те болса басы бұғаудан босамаған бауырларымызды ақтап алсақ, тарихымыздың бұл «ақтаңдағы» ашыла түсер еді. Әділет салтанат құрып, шерлі жылдардың шындығына көз жеткізер едік деп ойлаймыз.

Жалпы американдықтардың көмегі арқылы Отанына оралып, көп ұзамай жазалауға ұшыраған жауынгерлер өңірімізде аз емес. Мәселен, РСФСР  Қылмыстық кодексінің 58 – 1-бабы «8»-тармағы бойынша «Отанына опасыздық жасады» деп Нұралы ҚАСЫМБЕКОВ, Қалшабек ҚҰЛБЕКОВ, Тұрсын БАЗАРҚҰЛОВ және Жанысбек АЙДАРБЕКОВ тұтқындалып, қылмыстық жазаға тартылады. Тағылған айып – сол баяғы соғыс жылдарында майданда жүріп, немістерге тұтқынға түсіп, әскери тұтқындар лагерінде болғандықтары. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ:

1. Нұралы ҚАСЫМБЕКОВ, 1923 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Куйбышев атындағы колхоздың тумасы. Қазақ, білімі 7 кластық, 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған, тұтқындалғанға дейін аталған колхозда бухгалтер (есепші) болып жұмыс істеген.

2. Қалшабек ҚҰЛБЕКОВ, 1919 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданы, Сембі ауылдық Кеңесіндегі «9 январь» колхозының тұрғыны. Қазақ, бастауыш мектептік қана білімі бар. 1941 жылдан 1945 жылға дейін жау қолында тұтқында болған.

3. Тұрсын БАЗАРҚҰЛОВ, 1920 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданының Домалақ ауылдық Кеңесінің тумасы, қазақ, білімі орта, 1943 жылдан 1945 жылға дейін тұтқында болған.

4. Жанысбек АЙДАРБЕКОВ, 1922 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Еңбек ауылдық Кеңесіне қарасты, «Қызылту» ұжымшарының тумасы, қазақ, білімі орта, 1943 жылдан 1945 жылға дейін фашистік концлагерьде тұтқында болған. Тұтқындалғанға дейін Шолаққорғанда тұрып, аға агроном болып қызмет атқарған.

Төртеуіне де РСФСР ҚК 58-1 бабының  «б» тармағымен (1934 ж.ред.) және 51-баппен (1930 ж. редакция), үкім шығарылып, Н.Қасымбеков пен Т.Базарқұлов 15 жылға, Қ.Құлбеков пен Ж.Айдарбеков 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберіліп, бас бостандықтарынан айрылады.

1955 жылы 18 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі соғыс кезінде немістерге жәрдемдескендерге амнистия жариялаған болатын. Соған байланысты жоғарыда аталған төртеуі де өздерін босату жөнінде КСРО Бас әскери прокуратурасына бірнеше рет өтініш жазады. Бірақ, олардың өтініштері қанағаттандырылмаған. Тергеу материалдарында олардың тұтқында бола жүріп, 1943 жылдан неміс әскеріне қызмет атқарғандықтары  атап көрсетілген. Мәселен,  Н.Қасымбеков 1943 жылдың қазан-желтоқсан айларында Люкенвальд (Германияда) барлау-диверсиялық мектебінде оқыған. Сонан соң немістер жасақтаған «Алаш» жазалаушы отрядының сапында болған. Осы құрамада жүріп, итальян партизандарына қарсы шайқастарға қатысқан. 1945 жылы жараланып, неміс әскери ауруханасынан ем қабылдап шыққан соң «Түркістан легионының» бір  бөлімінде әскери міндетін атқарады. Соғыс бітісімен, оны американдықтар тұтқынға алады.

Қалшабек Құлбеков 1943 жылдың басында Франция жерінде «Түркістан легионында» болады. Сол жылдың желтоқсан айында ол да Люкенвальд барлау-диверсиялық мектебіне келіп,1944 жылдың сәуір айына дейін сол жерде болады.  Содан соң, «Алаш» отрядында қызмет атқарып, соғыстың аяғын Миландағы неміс комендатурасында қарсы алады.

1943 жылдың қыркүйек айында Т.Базарқұлов пен Ж.Айдарбеков те жоғарыда аталған барлау-диверсиялық мектебіне келіп жетеді. Оны бітірісімен олар да «Алаш» құрамасының сапына қосылады. Ол жерде соғыстың аяғына дейін болады. Ал, Ж.Айдарбеков «Алаш» құрамасында жүріп тәртіп бұзғаны үшін отрядтан шығарылып, соғыс аяқталғанша әскери тұтқындар лагерінде күнін өткізеді. Н.Қасымбеков тергеуде және кейіннен сотта берген жауабында алғашқыда барлау мектебінде, содан соң «Алаш» құрамасында өзімен бірге Базарқұловтың, Айдарбековтің, т.б. болғанын айтады. «Түркістан легионында» жүріп, Регенеберг қаласынан 1945 жылдың сәуір айында бірнеше «легионерлермен» бірігіп, Мюнхен қаласына қашып барады. Себебі, ол жерді американдықтардың әскері жаулап алған болатын. Сол жерде неміс әскерінің формасын шешіп тастап, американдықтардың орыс солдаттарына арнап құрған лагеріне барып паналайды.

Сол сияқты Ж.Айдарбеков өзінің 1947 жылы 6 сәуірде тергеуде берген жауабында «1942 жылы 1 қаңтарда Кеңес әскері қатарына әскери міндетімді атқару үшін шақырылдым. Сол жылы сәуір айында 102-атқыштар дивизиясының сапында майданға аттандым» дейді. Ал, 1943 жылы сәуір айында  жараланып, немістердің қолына тұтқынға түседі. Бір ай Харьков қаласында емделіп шыққан соң, Полтава қаласының маңындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберіледі. Тағы бір аптадан соң 100 шақты білімі бар, (7 кластан төмен емес) қазақтар мен өзбектерді Люкенвальд қаласындағы «Офлаг-3» деген лагерьге ауыстырады. Ол жерде әскери киім беріліп, алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Неміс офицерлерінен сабақ алып, айына 10-12 марка көлемінде ақшалай сыйлық та алып отырыпты. 1944 жылы Италияның Торино қаласында орналасқан жоғарыда айтылған «Алаш» ұлттық отрядының қатарына алынады. Сол жерде өзінің бұрынғы таныстары Қасымбековті, Базарқұловты кездестіреді. Бірақ, 1944 жылы шілде айында тәртіп бұзғаны үшін «Алаш» құрамынан шеттетіліп, соғыстың аяғына дейін тұтқындар лагерінде болады.

 «Түркістан легионында» болған тағы бір сарбаз – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сұлтан-Рабат ауылының тумасы, ұлты өзбек Балта ТӨЛЕМЕТОВТІҢ жеке іс парағында оның 9 сыныптық қана білімі барлығы, бұрын сотты болмағандығы айқын жазылыпты. 1942 жылғы Ворошиловград бағытындағы ұрыстардың бірінде жау қолына түседі. Осынысы үшін 1949 жылы 1 сәуірде тұтқынға алынған. Яғни «Түркістан легионының» сарбазы ретінде бейбіт күнде абақтыға жабылған Б.Төлеметов РФСФР Қылмыстық кодексінің 58-1-бабының «б» тармақшасына сай дүние-мүлкі тәркіленіп, 25 жылға бас бостандығынан айрылып, түзеу лагеріне жіберіледі.

Бұл жерде, әрине, еріксіз түрде «Түркістан легионы» сапында «соғысқан» Төлеметовтің тағдырына түсіністікпен қарауымыз керек. Төлеметов  секілді  азаматтардың істерімен танысқанда біз ең алдымен мүсәпір кейіптегі тұтқынның үрей мен қорқыныш құшағына еніп, алдында тек өмір мен өлім таңдауы тұрғанда лажсыздан легион қатарын толықтырғанын да жадымызда ұстауымыз керек.

Өйткені, біздің білуімізше, неміс армиясы Түркістан легионына  толық сенім артпаған. Оны тек басып алған аумақтағы партизандармен шайқасқа ғана шығарып, қатаң бақылауда ұстаған. Бір жағынан саяси тұтқындар істерін ақтара отырып түйгеніміз: «Түркістандықтардың» дені ұрыс барысында кеңес әскері жағына амалын тауып, қашуға әрекеттенгенге ұқсайды. Осындай тағдырдың тезіне көніп, жүрек түкпірінде Отанға деген тазалығын сақтаған, адалдығын кірлетпеген жауынгерлерді «сатқын» деп біржақты айыптау  ешқандай да адамгершілік нормаларына сыймайды.

Ең қызығы, Төлеметовті сотқа тарту кезінде оның ақтық сөзі ретінде айтқан: «... Мен кінәмді толық мойындаймын. Иә, біздің 303-полк югославиялық және италиялық партизандарға қарсы ұрыстарға қатысты. Бірақ, мен тікелей атысқа  араласқан жоқпын. Нақақтан нақақ кісі қанын төккен емеспін. Полктің шаруашылық бөлімін басқарып, сарбаздарға ас-су дайындап берумен болдым.

Отан алдында да  опасыздық ету ойымда болған емес. Тіпті, 1944 жылдың ақпанында легион қатарынан қашып шығып, партизандарға қосылуға да әрекеттеніп көрдім. Алайда, тағдырдың жазуына амал бар ма, Холм стансасы маңында неміс жандармериясы  тұтқындап, тозақ өмірге қайта оралдым. Алдымен дезертир ретінде мені Варшавадағы түрмеге тоғытса, Кеңес әскері келіп құтқарғанға дейін Лемсдорф лагерінде  азапты күндерімді өткіздім...» деген жанайқайы да жауапсыз қалған. Тек кейіннен сотталушының 1954 жылғы  28 қазандағы рақымшылық ету жайлы өтінішін негізге алып, әрі оның тұтқынға өз еркімен түспегенін, Кеңес Армиясына қарсы ұрыстарға қатыспағанын, партизандар қатарына қашуға ұмтылғанын ескеріп, жазасын 5 жылға дейін азайтып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1953 жылғы
28 наурыздағы қаулысына сүйеніп, абақтыдан босатуға болатынын жазады.

Алайда, оны ақтау туралы мәселе мүлдем көтерілмеген де. Осылайша Балта Төлеметов тұтқыннан босап, тұрғылықты жеріне қайта оралғанымен де, соңғы демі үзілгенше түрткі көріп, қоғамнан шетқақпай күн кешкен сияқты. Иә, бұл тағдыр бір Төлеметовтің ғана басындағы тағдыр емес. Тұтқын атанғанның түгелге жуығының кейінгі өмірі өкінішпен өткенін ескеруіміз керек.

Қорыта келгенде, Оңтүстік өлкесінің әскери тұтқындар мәселесі, жалпы «Түркістан легионында» болғандардың тағдыры жайлы зерттеу, зерделеу жұмыстары одан әрі  жалғасын таба беруі керек. Өйткені, тұтқында болғандардың  бірқатарына рақымшылдық жасалғанымен, оларға соғысқа қатысушы құқы берілмеді. Әділетсіз жазаланғандар мен құрбан болған әскери тұтқындар тарихтан өз бағаларын алып, саяси тұрғыдан да ақталуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

тарих ғылымдарының докторы,

М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры.

Сурет архивтен алынды.

Пікір қалдырыңыз