Ұшатын автомобиль көп ұзамай шындыққа айналады

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазір көліктің түр-түрі бар және қалағанына қол жеткізіп, күнделікті тіршілігіне пайдаланып жүргендер де жетерлік. Бірақ, адамзат баласы көптен күткен ұшатын көліктерді жасауға қаншама өнеркәсіп орындары күш салып жатқанымен, әлі де қолданысқа ене қоймады. Дегенмен, адамдардың ұшатын көлікпен жүретін кезі алыс емес сияқты.

Жуырда Archer Aviation атты компания ұшатын таксилердің жеке желісін құрып, ол көлік құралдарын 2024 жылға қарай Лос-Анджелесте іске қосуды жоспарлап отырғанын әлемдік ақпарат көздері жарыса жазды. Fox News атты телеарна арқылы аталмыш компанияның белді мүшесі, жоба авторы Адам Голдштейн мәлімдеме жасап, көлік құралдары қолжетімді технология негізінде құрылатынын айтқан. Сондай-ақ, жолақысы жерде жүретін таксилердің тарифінен қымбат болмайтын көрінеді. Ол өз жобасының компания бағдарламасына еніп, қатты қуанғанын білдірген. Сонымен қатар, «сіз Лос-Анджелестегі әуе таксилері 2024 жылға қарай жұмыс істей бастайтынын растайсыз ба? Сіздер мұны шынымен жасайсыздар ма?» деген сұрақтарға да жауап беріпті.

– Иә, солай. Шынында да, Archer компаниясы сағатына 240 шақырым жылдамдықты бағындыра алатын әуе таксиін жасап шығаратын болады. Қазіргі уақытта біз жобаны АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінде сертификаттау процедурасынан өткізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – бұл сертификаттау процесін 2024 жылға дейін аяқтау. Бұл – біз он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан технология. Яғни жаңа даму баспалдағы емес. Енді компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар кезеңінен коммерциялық кезеңге көшеді. Сондай-ақ, Archer компаниясының нарықта өзіндік орны бар, яғни атын шығару үшін жаңа технологияларды ойлап табудың қажеті жоқ, – дейді Адам Голдштейн.

Жоба авторының айтуынша, бұл көліктер такси желісі құрылған қаланың әуе аймағында қозғалу үшін ғана пайдаланылады, яғни жол ұзақтығы қала шекарасының ұзындығынан аспайды. Ал, бағасы қарапайым таксилерден шамалы ғана қымбат болуы мүмкін. Өйткені, бұл такси арқылы бір жерден екінші жерге аз уақыт ішінде жете аласыз. Мәселен, еліміздегі көлік кептелісі жиі орын алатын Алматы, Шымкент секілді мегаполистерді алсақ. Қазір адамдар сол кептелісте уақытын сағаттап жоғалтып, баратын жерлеріне жиі кешігіп жататын болса, мына такси арқылы уақытын әлдеқайда үнемді пайдаланбақ. Десе де, бұл жаңалықтың жүзеге асып, іске қосылуына біршама уақыт керек.

Шынында, технология әлемінде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Соның бірі электр қуатымен қозғалатын көліктер болатын. Біз әңгіме етіп отырған әуе таксиі де электр қуаты арқылы жұмыс істейді екен. Оны қуаттау үшін 10 минут жеткілікті болады. Яғни жолаушыларды мекенжайға жеткізіп, келесі жолаушылар келем дегенше қуатталып үлгеретін көрінеді. Соның арқасында 4 жолаушы сыятын көлік көптеген қосымша бөлшектерден арылып, салмағы жеңілдейді және жанармайға жұмсалатын шығын үнемделетін болады. Міне, барша адамзат асыға күтіп жүрген ұшатын көлік осындай сипаттамаларға ие болмақ. Және бағасы қарапайым халыққа да қолжетімді болады.

Расында, бұл тақырып аясында айтылған әңгіменің бәрі қиял-ғажайып ертегі сияқты. Бірақ, технологияның алапат қарқынмен дамып жатқанына, өндірушілер арасындағы қызу бәсекеге қарап, кинодан көріп жүргендеріміз көп ұзамай шындыққа айналатынына сенім білдіреміз.

Пікір қалдырыңыз