Кіндік шешеңіз кім?

Тарихы терең, шежіресі сан тарапты халқымыздың дәстүрі үлгі-өнегеге толы. Халқымыздың әрбір ырым-тыйымы мен жөн-жоралғысының астарында қатпар-қатпар мән-мағына жатыр. Қазақ руханиятындағы асыл құндылықтардың бірі – бүгінде ұмытыла бастаған «Кіндік шеше» ұғымы.

...Бұрын қазақ  аналары  перзентханада емес, қараша үйдің босағасында босанатын-ды. Қазіргідей дәрігерлер жоқ сол заманда әйелдерді босандырып алатын қолы жеңіл, епті апалар көп болатын. Ауыл адамдары оларды ерекше құрметтеген. Дала «акушерлері» қызметін атқарған «аққолды аналарымыз» туралы  Зейнеп Ахметова: «Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, сонымен қатар туытпен бірге болатын әртүрлі анау-мынау қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын осы «аққолды аналар» қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған» деп жазады. «Аққолды аналар» – акушер қызметін алмастырған  тәжірибелі аналар. Бұдан бөлек, босанушы ананың,  не енесінің тілегімен кіндік шеше де тағайындалатын. Қазақ халқында оның орны бөлек. Нәресте дүниеге келгенде ең әуелі кіндік шешесін көреді. Туманың ұл не қыз екенін хабарлап, анасынан, елден сүйінші сұрайтын да кіндік шеше. Баланың өз анасынан кейін ардақтап, құрметтейтін  екінші анасы  – кіндік шеше. Көбінде енелер келіні құрсақ көтергеннен бастап «Пәленшенің мінезі жібектей», «Пәленше ісмер», «Түгенше дастарқанды, жайсаң жан» деп ауыл келіндерінің жақсы қасиеттерін тізіп, алдын-ала кіндік шешенің «кандидатурасын» бекітеді. Болмаса, босанар  ананың өзінің қолқа салуымен кіндік шеше белгіленеді. Мысалы, менің анам да 10 перзентті дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеген жан. Алтын құрсақ анамның айтуынша, перзенттерінің бірінің кіндігін абысын-ажындары, бірін қайынсіңлісі, бірін құрбысы Ғалия, тіпті, бір перзентін қостың басында, егін орақтан қайтарда босанып қалып, әкеміздің өзі кесіпті.

Қазақ баланың мінезі кіндік шешеге тартады дейді. «Тоғыз ай көтергенге емес, жерден көтеріп алғанға тартады», «шарананың кіндігін кім кессе, соған тартады» деген түсінік бар. Расында, баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Қазақтың кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан. Бұл жөнінде Зейнеп апамыз: «Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені, жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны» деп тәпсірлейді.  Ол – рас. Анамыз біздің әрбір қылығымыздан, іс-әрекетімізден кіндік шешелеріміздің  мінезін көріп отырушы еді. («Керенау-кербез Ғалия! Шойнақ абысынға кіндік кестірем деп жүргем, ол жазған базарлап кетіп, сарт ете қалғаны ғой. ...Өй, Күлпәш көк, көктігің кіндік шешеңнен аумай қалған.  ...Тап осы қыдырмалығың Айкүміс шешеңнен келіп тұр! Сайымжан десе (Айымжан) Сайымжан!» Осылай кете береді. Расында, бәрімізде де кіндік аналарға тартқан мінез, әдет-әрекеттер болмай тұрмайды. Кейін 1970 жылы кентке (орталыққа) көшкенде, перзентханада Вера есімді неміс акушер босандырып, кіндігін кескен Қамбар інімді ауылдастарымыз «неміс Қамбар» атап кетті. Жүріс-тұрысы мұнтаздай, тап-таза. Есебі мүлт кетпейтін оның шаруасына бәрі тәнті.  Еккен егінін де шашау шығармай жинап алады, тартқан атыз-арығы да оқтай түзу, тізгіндеген «Беларусь» тракторында бір мін жоқ. Жиын-терімге сақадай сай тұратын Қамбардың бұл ұқыптылығы расында неміс шешесінен келген қасиеттер ғой деп топшылаймыз.

...Кіндік шеше ұғымы қазақ әйелі  қараша үйде бақан ұстап босанбағалы үзіліп қалды. Бала  перзентханада дүниеге келеді. Кіндігін акушер  не гинеколог-дәрігер кеседі. Ол адамның кім екенінен, мінезі қандай екенінен бейхабармыз. Абзалы, баланың кіндігін әркім кеспей, өзі танитын, сыйлайтын, өскен-өнген, бір әулеттің шырағын жағып, өрісін кеңейтіп отырған саялы бәйтеректей аналар кескені дұрыс. «Біздің қазақ халқының психологиясының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде» деген З.Ахметованың пікірі де ден қоярлықтай.

 Кіндік шешенің бала тәрбиесінде рөлі зор. Бабаларымыз бала тәрбиесіне көңіл бөлуді құрсақта жатқаннан бастаған десек қателесеміз. Қазақтың ұрпақ  тәрбиесіне мән беруі жар таңдауда, келінге сырға саларда тұқым-тегіне қарап таңдауынан басталған.

...Қазір аналар босанарында перзентханаға енесін, әпкесін, құрбысын кіргізіп,  жас ананың толғағы жеңіл өтіп, дүниеге сәби әкелуіне сүйеу болатын көмекші адамды алып кіруіне рұқсат берілді. Кейде мұндай «сүйеу болуға» күйеулері де кіріп жатады. Бұл қазақы ұғымда  өте ерсі, ыңғайсыз болса да ондай жағдайлар кездеседі. Мұның орнына жаңа босанатын ана өзі кіндік шеше сайлаған, лайықты адамды  алып кірсе, қандай ғанибет болар еді! Сол адам кіндік кесуі керек. Рухани қайнарларымызға үңіліп, терең тамырымыздан нәр алуға бет бұрған бүгінгі таңда бабалардан қалған дәстүрді  жаңғыртып, жалғап, бала тәрбиесінің бастауында тұрған салт қазақ қоғамына қайта оралса, бұдан ұтпасақ, ұтылмас едік деген ойдамыз.

Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист.
Түркістан қаласы.

Пікір қалдырыңыз