1999 жыл: Қойдың еті ол кезде 209 теңге еді

1999 жылдың ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып белгіленуі қазақ халқының мемлекет құрушылық орны мен рөлінің артуына байланысты болды. Жалпы, елдегі мәдени, рухани жаңару үрдісі ұлт құндылықтарының қайта түлеуі негізінде іске асып жатты. Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының мақсаты – ел халқын тәуелсіз мемлекетті жан-жақты нығайту, «Қазақстан – 2030 Стратегиясын» іске асыру идеялары төңірегінде топтастыру еді. Халықтардың бірлігі, достығы, өзара түсінісуі елдің саяси тұрақты дамуының кепіліне айналды. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан қазақтың ұлттық дәстүрлерін, мәдениетін, ділі мен тілін жан-жақты дамыту шаралары іске асырыла бастады. Сол жылы 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» І томы, М.Шоқай шығармаларының екі томдығы және Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітабы жарық көрді. Халқымыздың көне қаһармандық эпосы «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп, М.Х.Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында «Тарих-и-Рашиди» шығармасы қазақ тілінде басылып шықты. Сонымен қатар, 1999 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19 144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды.

1999 жылдың басты оқиғасы – 10 қаңтарда өткен Президент сайлауы. Тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда 81,71 пайыз дауыс жинаған Н.Назарбаев жеңіске жетті. Осы жылғы Президент сайлауының барысында саяси партиялар ықпалының артуына «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер әсер етті. 7 пайыз дауыс жинаған партиялар Парламент Мәжілісінен орын алуға мүмкіндік алды. Мәжілістің құрамы 10 депутаттық мандатқа көбейтіліп, партиялық тізімдер негізінде сайлау енгізілді. Осы арқылы президенттік және парламенттік сайлауларда саяси партиялардың рөлін көтеру міндеті шешілді. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыстар мен бірлестіктер жұмыс істеді. Күзде ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті.

Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да түзеле бастады. Мәселен, 1999 жылы астық өндіру 1998 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, 15,9 млн. тонна бидай алынды. 1999 жылдың сәуірінде екінші деңгейдегі банктердегі халықтың салымдары 348 млн. теңгені құрады. Сол жылы елімізде 86 мыңға тарта шаруашылық құрылымдары, соның ішінде 2140 серіктестік, 509 акционерлік қоғам, 2909 өндірістік кооператив және 79 мыңнан астам фермерлік қожалық жұмыс істеді.

Сонымен 1999 жылы 19 қаңтарда ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде «Отан» партиясы құрылды. Осы күні партияның құрылтай съезі өткізіліп, 12 ақпанда тіркеуден өтті.

20 қаңтарда Астанада Конгресс-Холл сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметке кірісу жөніндегі ант беру рәсімі өтті.

Ал, 22 қаңтарда  Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы Қаулы қабылдады. Ол бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі 1 кеңсе, 14 министрлік және9 агенттік құрылымнан тұрады.

3 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі шекара туралы Қазақстан–Қытай келісімін бекітті.

20 ақпанда еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті елордаға қоныс аударды. Ұжымды ұлттық баспасөз баһадүрі Шерхан Мұртаза мен сол кездегі басылым басшысы Ержұман Смайыл бастап келді.

25 ақпанда тәуелсіздіктен кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында Қазақстандағы халық саны 14 млн. 953 мың 126 адам, оның ішінде қазақтардың саны 7 млн. 984 мың адам болды.

1 наурызда 1995 жылдың қаңтар айынан басталған Қазақстандағы КСРО символикасы бар төлқұжаттарды Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына алмастыру үдерісі аяқталды.

2 сәуірде Мәскеуде ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті. Оған 12 елдің басшысы қатысты.

Сәуір айының басында теңге ырқына жіберілді. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, нәтижесінде 4 сәуір күні доллар 90 теңгеден дереу 160-қа көтеріліп, тамыз айында 135 теңге шамасына тоқтады. Үкімет пен Ұлттық банк бұл әрекеттің басты қисыны ретінде экономикамызды неғұрлым бәсекелестікке қабілетті етуді атады. Бұдан былай доллар бағамы валюта рыногындағы ұстаным мен ұсынымның деңгейіне байланысты екендігі, ендігі жерде Ұлттық банктің бұл іске онша араласпайтыны мәлімделді. Солай айтылған күннің ертеңінде-ақ теңгенің бағамы аспандап шыға келді. Айырбастау пункттерінде толқулар орын алып, 5 сәуірден бастап америкалық валюта халыққа 160 теңге бағамымен сатылды. Ел билігі жұртшылықты тынышталуға шақырып, дүрбелең туғызбауды өтінді. Сол кезде орташа есеппен бір келі ұн – 37 теңге, сиыр еті – 193 теңге, қой еті – 209 теңге, тауық еті 204 теңге еді.

8 сәуірде Ашхабадта Орта Азия мемлекеттері басшыларының отырысы өтті. Саммит нәтижесі бойынша Аралды құтқару Халықаралық қорының ережесі бекітілді.

11 маусымда Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы қабылданды. Жоғары оқу орнында тегін білім алу үшін грант ұтып алу  немесе төлемді 15 жылға кейінге қалдыру үшін несие алу керек еді. Емтиханның форматы да өзгерді: енді тестілеуден өтіп, шекті деңгейді 40 балл жинау тиіс. Бұл жаңалық халыққа әу баста ұнаған жоқ.

1 шілдеде  Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

10 қазанда партиялық тізім бойынша алғашқы сайлау өтті. Екінші шақырылымдағы Парламент сайлауына тоғыз саяси партия мен Қазақстан кәсіподақтары федерациясы қатысты.18 қарашада ҚР Президенті Н.Назарбаев Стамбұлда ЕҚЫҰ саммитінің жұмысына қатысты. Саммит барысында Жалпыеуропалық қауіпсіздік хартиясына қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркіменстан президенттері Баку-Жейхан мұнай құбырын қолдайтын Стамбұл декларациясына қол қойды. 22 қарашада Астанада «Қазақстан–Еуропалық Кеңес» ынтымақтастық комитетінің бірінші отырысы өтті.

24 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті халыққа «Жаңа жүзжылдықтағы тұрақтылық пен ел қауіпсіздігі» атты Жолдауын жариялады.28 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.

 

Саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз