1998 жыл: Ұлт тарихын ұлықтаған жыл болды

Президент Жарлығымен 1998 жыл Қазақстан халқының бірлігі мен ұлттық тарих жылы болып жарияланды. Осы жылдың аясында қазақ ұлтының тарихтағы нақты орнын ел халқына түсіндіру керек болды.

Осы жылы 6 мамырда бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы – Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш орнатылды.

Сонымен қатар, 1998 оқу жылында 88 үміткерге ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Ал, сол жылдың мамыр айында еліміздегі шаруашылық субъектілерінің жалақы қарызы 55 млрд. теңгені құрады. Республикада 544 кәсіпорын жұмысын толық тоқтатып, 327-сі жартылай жұмыс кестесіне көшкен. 1998 жылы елімізге 2 млрд. долларға жуық шетел инвестициясы келсе, желтоқсан айында еліміз валюталық резервтерді қолдау үшін Халықаралық валюта қорынан 154,7 млн. доллар несие алды.

Сонымен... 1998 жылы 21 қаңтарда ҚР Президенті Н.Назарбаев Мәскеуде «Төртеудің шартына» (Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей) қатысушы елдердің көшбасшыларының кездесуіне қатысты. Кездесу барысында бірыңғай кеден кеңістігін құру туралы Қазақстан көшбасшысының бастамасы қолдау тапты.

20 қаңтарда Президент Жарлығымен Отан қорғаушылар күні, Спорт күні, Білім күні, Ұлттық валюта күні кәсіби мерекелері бекітілді.

9 мамырда Астанада түркі тілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті. Оған Әзірбайжан Республикасының президенті Гейдар Әлиев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Қырғызстан президенті Асқар Ақаев, Түркия президенті Сүлеймен Демирел, Түркіменстанның Мәжіліс төрағасы Сахат Мұрадов және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

20 мамырда Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Заң ел астанасының құқықтық мәртебесін, саяси және экономикалық негіздерін айқындап берді.

1 маусымда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды.

9 маусымда Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласында Отан қорғаушылар ескерткіші іргетасының қалану рәсімі болды. Оған Түркия президенті Сүлеймен Демирел, Қырғызстан президенті Асқар Ақаев және басқа да жоғары мәртебелі меймандар қатысты.

Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді. Тұсаукесерге жоспарлы түрде әзірлену үшін арнайы қысқа мерзімді бағдарлама қабылданды. Мұны іске асыруға 217 қазақстандық және шетелдік компания қатысты. Құрылыс-монтаж жұмыстары мен жөндеу жұмыстарына барлығы 13,8 мың адам қатысып, қаланың 248 мың шаршы метр аумағы түбегейлі жаңғыртылды.

18 маусымда Астана қаласының тұсаукесер рәсімін әлем қазақтарына таныту мақсатында елорда төрінде дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Оған әлемнің 20 елінен 100-ге тарта қонақ қатысты.

26 маусымда «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заң қабылданды.

6 шілдеде Ресеймен екі арада «Мәңгілік достық және одақтастық туралы» декларацияға қол қойылды. Қазақстан үшін аса маңызды Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлісу туралы Ресеймен келісім жасалды. 14 шілдеде Қазақстанның Каспий шельфіндегі ең бірінші мұнай ұңғымасын бұрғылау басталды.

7 қазанда Президент Н.Назарбаев Астананың жаңа орталығын дамытудың бас жоспарының жоба-идеясына жарияланған халықаралық конкурстың қорытындысын шығарып, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жұмысын жеңімпаз деп жариялады.

Қарашада «Ақ жол» қоғамдық қозғалысы құрылып, саяси үрдістерге либералдық идеологияның тереңдей түсуіне ықпал ете бастады.

26 қарашада Алматыда Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы болып өтті.

Мұнан бөлек, осы жылы ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы шықты. Бүгінге дейін оған 8 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылды.

15 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Астана қаласын елордасы ретінде қайта салуға, қалыптасуына және перспективалық дамуына қосқан зор үлесі үшін «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

22 желтоқсан – ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға қол қойды. Бұл ретте ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып жоспарлы түрде зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады. Зейнетақы реформасын іске асырудың негізгі мақсаты, зейнетақы жарнамаларының дербестендірілген есебі арқылы, еңбек үлесінің зейнетақыға сәйкес, сай келетін қаржылық жағынан тұрақты және әділетті жүйесін қалыптастыру болды.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз