Ең басты орында ел мүддесі тұрады

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған негізгі бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін жедел шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді, міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де біртіндеп жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Сонымен қатар, Жолдауда сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және халықты толғандырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. Нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынып отыр. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алу үшін көп балалы отбасының айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Бұл табысы аз отбасылар пәтерге қол жеткізуі қиын деген сөз. Сондықтан осы жылдан бастап «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама ұсынылды. Осы бағдарлама негізінде жыл сайынғы пайыздық үстемеақы 2 және бастапқы жарна 10 пайыздан аспайды. Бұл ай сайынғы төлемнің арзан болуына ықпал етіп, жағдайы орталау отбасылардың баспаналы болуына жол ашады.
Президент білім беру ісіне мемлекеттің дамуындағы стратегиялық маңызға ие сала ретінде қарап, оқулықтардың сапасы, қала мен ауыл мектептеріндегі білім берудің алшақтығы сияқты мәселелерді орынды көтерді. Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне кәсіптік бағдарлау саясатын енгізуді, сол арқылы оны еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуді тапсырды. Сондай-ақ, жас мамандарды ауылға жіберудің тетіктерін ойластыру керек екенін атап өтті. Жоғары оқу орындары жұмысының сапасы мен ғылыми-зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Мұнан бөлек, Президент соңғы 5 жылда атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететіндер 77 мың адамнан 1,4 млн. адамға жеткенін және оған бөлінетін қаржының 2017 жылдан бастап 17 есе өскенін атап өтті.
Еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту мен ұлтаралық байланысты жетілдіретін тіл мәселесіне де ерекше тоқталып, бұл жөнінде: «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді.
Осы тәрізді өзекті мәселелерді шешудің ұтымды жолдарын ұсынған Мемлекет басшысы енді Үкімет пен әкімдердің қызметі негізінен халықтың тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі бойынша бағаланатынын ескертті.
Жолдаудың тағы бір көңіл қуантарлық тұсы, ол – Президенттің қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріп, азаматтарды ашық диалогқа шақыруы. Әрине, қалың елдің жүрегіне жол табу да оңай емес. Ол үшін билік пен халық арасында ашық диалогқа құрылған алтын көпір болуы керек. Осы жағына көбірек көңіл бөлген Қасым-Жомарт Тоқаев көп уақытын бұқарамен кездесуге, ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнап жүр.
Президенттің ұлықтау рәсімінен кейін арада екі апта өтер-өтпес Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Апат бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырып, ондаған мың адам баспанасынан айрылып, эвакуациялық бекеттерді паналап жатқан қиын сәтте Қ.Тоқаев елордада отыра алмады. Дереу Шымкентке ұшып келіп, эвакуациялық бекетте халықтың жағдайын сұрап, қамкөңіл елге басу айтты. Жарылыс кезінде жарақат алғандарды іздеп ауруханаға барды, әлі қауіптің беті қайтпағанына қарамастан аспаннан снаряд жауып тұрған, отқа оранған Арыс қаласына барып, жағдайды өз көзімен көрді.
Қиын шақта сүйеніш бола білген Президентке тек арыстықтар ғана емес, бүкіл Қазақ елі дән риза болды. Көпшілік «Тоқаев Арысқа жаңадан сайланған, оң-солын енді танып келе жатқан Президент ретінде барып, нағыз халықтық көшбасшы ретінде оралды» деп пікір білдіріп жатты. Бүгінде Президент Қ.Тоқаевтың Арыс қаласының тұрғындарына берген уәдесі орындалды. Қаланы қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталуға жақын. Билік ешкімді қиын жағдайда қалдырмауға күш салып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір келелі, жүйелі, сөз етуге тұрарлық ісі – қарыздың құрсауында қалған көп балалы отбасыларға жеңілдік жасағаны. Яғни несиесін төлей алмай жүрген бес жүз мыңнан астам қазақстандықтың қарызына Президент Жарлығымен кешірім жасалды. Бұл шын мәнінде ешкім күтпеген жеңілдік еді. Банк алдындағы берешегін өтей алмай жүрген мыңдаған адам бір күнде мойындарындағы қарыздарының қамытын шешіп, бір жеңілдеп қалды. Осы азаматтардың әрқайсысының 300 мың теңгелік борыштық жүктемесі өтелді. Бұл бір реттік іс-шара болғанымен, билік халықтың беталды қарызға батуының алдын алу мақсатында басқа да шешімдер қабылдап жатыр. Қазір тұтынушылық несие берудің талаптарын күшейту, несие берудің шарттарын тұтынушының ыңғайына қарай жеңілдету мақсатында заң жобалары әзірленуде.
Сондай-ақ, қыркүйек айында Президенттің жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Бұл бастама білікті әрі білімді жастардың елді дамыту, мемлекетті басқару ісіне белсенді араласуына жол ашуымен құнды. Мұнан бөлек 6 қыркүйекте Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Онда елдегі қордаланған проблемалар ашық талқыға салынып, алдағы реформалардың жоспарын құру бойынша жүйелі жұмыс басталды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды демократия даңғылына қарай бастайтын сенімді әрі төте жолы деп ауыз толтырып айта аламыз. Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышарттары, міне, осындай іс-әрекеттерден бастау алса керек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» – ең басты орында халықтың мүддесі тұрады, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас механизмі қалыптасқан болуы тиіс. Осы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мемлекеттік органдар үшін қатты қиындықтар тудырмайды деген сенімдеміз. Өйткені, қазіргі уақытта барлығымыз дерлік ғаламторды қолданамыз, әлеуметтік желілерді кең көлемде пайдаланамыз. Мемлекеттік органдар өкілдері, басшыларының әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып тіркеліп, халықпен ашық диалог құруына ешкім кедергі келтірмейді. «Халықпен тиімді кері байланыс орнату» керектігі жөнінде: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» делінген Жолдауда.
Президенттің бұл бастамасына өз үлесін қосу азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік болса, шенеуніктер үшін өз біліктіліктерін, кәсібиліктерін ортаға салатын кез. Яғни жергілікті билік халықтың күнделікті өмірінде орын алған өзекті мәселелерді шешуге етене араласуы қажет. Шымкент қаласы әкімінің айтуынша, Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратына 103 өтініш түскен. Оның ішінде Президент Әкімшілігі арқылы 7 өтініш жолданған.
Шаһар басшысы аудан әкімінің аппараты кейде тұрғындардың өтініштеріне тиісті деңгейде назар аудармайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, аудан әкімінің аппараты азаматтармен етене жұмыс істеп, тұрғындар арасында заң талаптарын түсіндіру бағытындағы жұмысты күшейте түсуі қажеттігін жеткізді.
Ресми мəліметтер бойынша 30 мыңнан астам шағым келіп түскен. Əрине, бұл жақсы көрсеткіш емес. Мұндай құрылымның болуы, Президент Əкімшілігінің бұл мəселеге ерекше көңіл бөлуі тиістігін білдіреді. Қордаланып қалған түйткілдер, төтеннен келген жағдайлар шұғыл шешім қабылдауға міндеттейді. Президенттің үнемі назар аударатыны осы – əр мемлекеттік қызметші, ең алдымен, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, оларды дереу шеше білуі тиіс.
Және бір айта кетерлігі, Президент жанынан Ұлттық қоғамдық кеңес құрылды. Қоғамдық кеңестің отырыстары аясында қоғамның ең өзекті мəселелері талқыланып қана қоймай, олардың бірсыпырасы орындалып үлгерді. Халық үнін есту үшін Президент атқарушы билік өкілдеріне əлеуметтік желілерді ұтымды пайдалануды ұсынды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде белсенділік жоғары. Қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты сараптап қарайтын болсақ, ақпараттың үлкен ағыны сол əлеуметтік желілер арқылы өтетінін байқауға болады. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік басқару жүйесінде түбегейлі өзгеріс жасалды деуге əлі ерте. Бір жылда атқарылған жұмыстар алдағы ауқымды реформаға негіз салды. Сондықтан жүйені жаңалықтар күтіп тұр.
Атақожа ИСМАИЛОВ, заң ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы.
Ләззат ОМАРБАЕВА, аға оқытушы.
Гүлсапар ЖАЙЛАУОВА, «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасының аға оқытушысы.