Ақыл мен білім ордасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы десек те болады. Адам рухани байлықты кітаптан алатыны бәрімізге аян. Иә, бар ғылымның бастауы да, сусындатар мөлдір бұлағы да – кітап. Кітаппен дос болсаң асар асуыңнан да, шығар биігіңнен де адаспайсың. Оқырмандарына асыл мұраны насихаттап, күнделікті сұраныстарын қанағаттандырып отыратын бірден-бір мәдени орын – ол кітапхана.

Біздің Жамбыл атындағы мектеп-лицейі шәкірттерінің сондай асыға баратын, асыл мұраларды іздейтін жері – Жұмамұрат Тұяқбаев атындағы кітапхана десем, артық айтқандық емес деп ойлаймын. Жұмамұрат ағаның есімі кітапханамызға 2008-2009 оқу жылы берілген болатын. Кітапханаға аяулы жары Жұмамұрат Тұяқбаевтың есімі берілетінін естігенде Мәдет апамыз ерекше толқып әрі қуанып, ағаның көркем шығармалары мен фотоальбомдарын, замандастарының аға туралы айтқан керемет естелік кітаптарын мектебімізге сыйға тартқан болатын.

Міне, одан бері де он жылдан астам уақыт сырғып өте шықты. Отырар өңірінде туылып, аты облысқа, қала берді республикаға танымал болған, өзі өмірден өтсе де, артында өлместей із қалдырған, мектебіміздің түлегі әрі мақтанышы, «Шымкент келбеті»–«Панорама Шымкента» газеттерінде ұзақ жылдар бас редактор болған журналист, қарымды қаламгер Жұмамұрат Тұяқбаев есімінің кітапханаға берілуі ұжымға үлкен сенім мен жауапкершілік жүктеді.

Осы орайда мектебіміздің кітапханашылары Жеміскүл Оңалбаева мен Нәзипа Сұлтанмұратова жас оқырмандармен түрлі іс-шаралар, кездесулер өткізуден еш жалыққан емес. Соның айқын дәлелі – жақын күндерде ашылған COWORKING орталығы. Бұл орталықты жаңа заманауи үлгіде жабдықтауға демеушілік жасаған, жазушы ағаның қызы Сәуле Жұмамұратқызына мектеп ұжымы мен шәкірттері алғыс сезімін білдіреді.

Орталықтың ашылу рәсімі де ерекше есте қаларлықтай өтті. Кеш қонақтары, Жұмамұрат ағаның қызы мен немере інілері керемет қызықты естеліктер айтса, мектебіміздің үздік оқырмандары жазушы ағаның шығармаларынан үзінділерді жарыса оқыды. Аға туралы замандас ақын-жазушылардың айтқан ыстық лебіздері мен естеліктеріне шолу жасады. Әсіресе, 5-сыныптың үздік оқушысы Төрегелді Нұрайдың журналист атасына арнап шығарған өлеңі өте әсерлі шықты. Кешімізге арнайы шақырылған қонағымыз, ауданымыздың айнасы «Отырар алқабы» газетінде ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқан ардагер журналист Рысбек Құлжан ағамыздың тұщымды ойлары мен естелік әңгімесі оқырмандар мен шәкірттер үшін есте қаларлықтай әсерлі болды. Керемет кешті мектеп директоры Талғат Сәрсенбаев қорытындылап, оқырмандар мен қонақтарға алғыс айтты.

Жанна СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, Жамбыл атындағы мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.Отырар ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз