«Адамның ұзақ өмір сүруі ұстанған дағдысына да байланысты»

Спандияр БЕКЖІГІТОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Ауру жасарып барады
– Спандияр Байжігітұлы, елімізде соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар саны көбейіп барады. Тіпті, өлім-жітім жөнінен ТМД-да алдыңғы қатарда тұр екенбіз. Мұның басты себебі неде?
– Мұның басты себебі, адамдардың өз денсаулығына жіті көңіл бөлмеуі дер едім. Сосын экологиялық факторлардың да әсері аз емес. Бұдан бөлек, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, қала берді жүйке жүйесінің шаршауы да адамдарды депрессияға түсіреді. Көп адамдардың салауатты өмір салтын ұстанбақ түгілі, өз денсаулықтарына қарауға да мұршалары жоқ. Оның үстіне, біздің халықтың менталитеті де қызық. Біздің қазақ аурудың алдын алу үшін ешуақытта өздігінен дәрігерге барып, тексеріле бермейді. Ауруы әбден жанына батып, төзбейтін жағдайға жеткенде ғана емхананы бетке алады. Ол кезде, әрине, кеш болады. Әсіресе, бай мен кедейдің арасы айқын білініп қалған бүгінгі уақытта бұл мәселе тіпті ушығып тұр десек те болады. Себебі, дәулетті адамдардың дәрігерге көрінуге уақыттары жоқ, ал, кедейлердің емделуге жағдайы көтермейді.
– Иә, қызық, адамдарда тіпті емделуге де уақыт жоқ. Емделуді айтасыз, ішетін тамағын даярлауға да «уақыт жоқ». Дүкен тола дайын тамақтар. Бұл не болды, сонда?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүрек-қан тамырлары ауруларының эпидемиясы тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп отыр. Қоршаған ортадағы жағымсыз факторлардың 80 пайызы адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді.
Жалпы, Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында. Себебі, Орта Азия халықтары бізге қарағанда майлы және етті тағамдарды азырақ пайдаланады, олар негізінен күрішті көбірек тұтынады. Ал, Финляндия, Канада, Куба және Жапония елдерінде өлім-жітім мүлдем аз. Оның негізі себебі, денсаулық сақтау саласына бөлінген ақшада ғана емес, халықтың салауатты өмір салтына, дұрыс тамақтану мәдениетіне, медициналық сауатының жоғарылығына да байланысты.
– Спандияр аға, бұрын мұндай ауруға жасы елуден асқандар ғана шалдығатын. Ал, бүгінгі жиырманың үстіндегі жастардың арасында да жүрегінде ақауы барлар аз кездеспейді. Неге?
– Шындығында, жүрек-қан тамырлары аурулары нөмірі бірінші әлеуметтік медициналық проблемаға айналып отыр. Ауру жасарып бара жатқандықтан еңбек етуге жарамсыз азаматтардың саны да жыл сайын көбейіп келеді. Осы тұрғыдан келгенде, бұл мемлекетіміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлкен кедергі екендігі анық.
Әрине, бұл жерде көп нәрсе халықтың өзіне де байланысты. Осы бағытта жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуы туралы, олардың алдын алу жөнінде тұрғындардың хабары аз. Әрі-беріден соң дәрігерлердің кеңесіне де көп құлақ аса бермейді. Ауру ұзақ уақыт бойы білінбейтіндіктен, соңы көбіне қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Сондықтан аурудың жасырын өтетін түрлерін анықтайтын алдын алу шараларына мән бермеуге, бейғамдық танытуға мүлде болмайды. Дәрігерлік кеңестер тым қарапайым, жұртқа белгілі нәрсе болып та көрінеді. Ол шынында да солай, осының бәрі адамдарды таза, сергек жүруге, салауатты өмір салтын ұстануға, яғни шылым шекпеуге, дұрыс тамақтануға, артық салмақ қоспауға, көбірек қимылдауға тәрбиелейді.
– Мамандар «жастардың 70 пайызы психологқа зәру» дегенді айтады. Жастар арасындағы жүрек ауруының алдын алу үшін медициналық психологтарды көбірек дайындау керек шығар.
– Жалпы, жастардың жүрек-қан тамырлары ауруларына көптеп шалдығуы қоғамда жүйке жүйесін тоздыратын келеңсіз стрестердің көп екендігін білдіреді. Аурудың жас таңдамайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жалпы, адам денсаулығы көбінде көңіл-күйге де тәуелді. Көңіл-күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырып, одан әрі ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүректің соғысына, ырғақтың бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлап, ми клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратуы ықтимал.
Адамның жүйке жүйесі, былайша айтқанда, оркестрді басқарып тұрған дирижер іспетті. Жүйке жүйесінде азғантай ауытқу болса, ол бірден – жүрекке, одан әрі басқа да ішкі органдардың қызметіне әсер етеді. Сондықтан жүйке жүйесін сақтау керек. Жүйкені сақтау үшін адам өзін-өзі тәрбиелей де білуі керек.
Чазовтың шарапатын көп көрдім
– Сіз Кеңес Одағы тұсында Шымкентте дәрігер болып қызмет атқардыңыз, сосын Мәскеудегі клиникалық ординатураны, аспирантураны бітіріп, атақты академик Е.И.Чазовтың қарамағында ғылыммен айналыстыңыз. Кейін елге оралып, Алматыдағы кардиология институтында басшылық қызметте болдыңыз. Яғни екі дәуірдің куәгері әрі маман ретінде кардиология саласының тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі дамуын қалай бағалар едіңіз?
– Ашығын айтар болсақ, кеңестік денсаулық сақтау жүйесінен мықты жүйе көрген жоқпын. Жетпісінші жылдардың аяғында академик Е.И.Чазовтың идеясымен Кеңес Одағының барлық республикаларында маңыздылығына қарай кардиологияны терапиядан бөліп алып, өз алдына жеке дамытты. Кардиология институттары ашылды. Кардиология саласы ұйымдастырушы, бағдарлаушы, жол сілтеуші орталық болды. Емханаларда кардиокабинеттер, стационарларда кардиология бөлімшелері, жедел-жәрдем стансаларында кардиобригадалар құрылды. Облыс орталықтарында кардиодиспансерлер ашылды. Аудандарда, үлкен мекемелерде ғылыми-өндірістік ұйымдар жұмыс істеді. Гипертонияға, атеросклерозға, жүректің ишемиялық ауруларына қарсы ұзақ мерзімге арналған бағдарламалар қабылданды. Клиникалық ординатура арқылы кардиолог мамандар даярланды. Уақытында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар мен жоғары дәрежелі емдеу жұмыстары көп уақыт өтпей өз жемісін беріп, жүрек ауруларынан болатын өлім-жітім төмендеді.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғаннан кейін басқа салалар сияқты денсаулық сақтау саласын да құлдыратып алдық. Жүйені одан әрі жетілдірудің орнына қайта-қайта реформа жасап, кеңестік дәуірдегі жеткен жетістігімізді жоғалтып алдық. Реформалар дұрыс нәтиже берген жоқ.
Мен Шымкентке келгенге дейін 18 жыл Алматыдағы кардиология институтында ғылыми хатшы, бас дәрігер, директордың орынбасары қызметтерінде болдым. Кезінде Мәскеуде академик Е.Чазовтың қолында 7 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Сол жерде аспирант, аға ғылыми қызметкер болып, үлкен мектептен өттім. Мақтанғаным емес, 1992 жылдың аяғында Алматыға келгенімде республикада интервенционалды кардиологияны меңгерген менен басқа маман жоқ еді. Өкінішке қарай, кардиология институтына заманауи технологияны ала алмадық та, бұл қызметті бірден дамытуға мүмкіндік болмады. Бұл жөнінде мерзімді басылымдарда мәселе көтердім, министрге, Үкіметке хат жаздым. Әрине, ол аппараттың құны да қомақты болатын, шамамен 2 миллион АҚШ доллары тұрады. Міне, сол аппараттың жоқтығына байланысты жүректің тамырына ангиопластика жасап, стент қою операцияларын жасай алмадық.
Кардиохирургия саласы бойынша республикада бірінші болып докторлық диссертацияны мен қорғадым, монография жаздым. Ол еңбегім жоғары аттестациялық комитеттің қорытындысы бойынша жылдың ең үздік жұмысы деп бағаланып, институт атынан Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды. Бірақ, ол кезде экономикалық дағдарыс белең алып тұрғандықтан, ондай қымбат аппаратты алу шынында да мүмкін емес еді. Жағдай біршама түзелген соң, институттағы бірқатар кардиологтардың басын қосып, республикада кардиология және кардиохирургия саласын дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама түздік. Ол бағдарлама Денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып, 2007 жылдың 13 ақпанында Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Сол қаулыға сәйкес, барлық облыс орталықтарында ангиографиялық қондырғылар қойылды. Сөйтіп, әр облыс операцияларды өздері жасап, кардиохирургияны дамытуға мүмкіндік алды.
Қысқасы, қазір де сол кеңестік денсаулық сақтау жүйесіне қайта оралып жатырмыз, бірақ осының бәрін сол деңгейге әкелу оңайға соғып жатқан жоқ. Себебі, көп жылдарды текке өткізіп алдық...
– Сәке, Сіздің ұстазыңыз есімі ТМД елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге танымал атақты академик Чазов. Кезінде Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, К.У.Черненко сияқты мемлекет басшыларының денсаулықтарына тікелей жауапты болған тұлға. Бір түкпірдегі қарапайым қазақ ауылының баласы атынан ат үркетін №4 Бас басқарманы басқарған Евгений Иванович Чазовқа қалай жуысып жүр? Сіздерді табыстырған қандай тағдыр? Бүгінде жасы тоқсанға таянған Ұстазыңыздың бойынан қандай қасиет көре алдыңыз және қандай қасиеттерін өз бойыңызға дарыта алдыңыз?
– Иә, менің ұстазым Евгений Иванович Чазов КСРО Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалғанға дейін №4 Бас басқарманы басқарды. Мен ординатурада жүргенде сол кісінің қарамағында жұмыс істедім. Өзі орыспын деп айтса да көпшілік оның ұлтын мордвин дейтін. Алайда, мәселе ол кісінің ұлтында емес, мәселе – ол кісінің ешкімді ұлтына, ұлысына қарап бөле жармайтындығында еді. Шовинист емес. Кім жұмыс істейді, соны дұрыс көреді. Дұрыс көріп қана қоймайды, ол қай қиырда жүрсе де көмектесуге дайын тұрады.
Чазовтың шарапатын көрген жандардың бірі – менмін. Жасыратын несі бар, ол кезде Мәскеуге аспирантураға түсу дегеніңіз екінің біріне мүмкін болмайтын еді ғой. Онда негізінен министрлердің, академиктердің ұл-қыздары оқитын. Мәскеуге аспирантураға түсу үшін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінен жолдама алуың керек. Біздің министрлік ол жолдаманы маған бермеді. Амал жоқ, Евгений Ивановичтің алдына кіріп, жағдайымды айтуға тура келді. Ұстазым маған «ертең кел, бірсүгіні кел» деген жоқ. Бірден Алматыға қоңырау шалды. Телефонның арғы жағындағы біздің министрдің не деп жатқанын естігенім жоқ, бірақ оған Чазовтың не дегенін қасында естіп отырмын. «Сендер, қызықсыңдар, қит етсе білікті кадрлар жоқ деп шағым айтасыңдар. Ал, болашағынан мол үміт күттіретін жас маманның жолына өздерің кесе-көлденең тұрып аласыңдар. Егер Бекжігітовке жолдама бермесеңдер, әуре болмай-ақ қойыңдар, оның орнына жібермекші болып отырған «дәудің» баласы да оқымайды» деп телефонның тұтқасын тастай салды. Мен аспирантураға осылайша тікелей Чазовтың шарапатымен түскен болатынмын.
Евгений Ивановичпен байланысым әлі де үзілген жоқ. Мерекелерде құттықтап тұрамын. Менің бойымдағы қасиеттер бірінші кезекте әке тәрбиесімен, ана сүтімен берілген. Сосын Чазовтай ұстазымнан үйренгенім аз емес. Мен ондай сабырлы адамды көрген емеспін. Ешуақытта күйгелектікке салынғанын байқамаппын. Өте әділетті. Өте қарапайым. Қызметтестердің біреуі диссертация қорғап па немесе лауреат болып па, банкет жасайды ғой, сондай банкеттерде Бас хатшының қасынан келіп отырып, қарапайым аспирантпен рөмке соғыстырып отыра береді. Саяси Бюро мүшелерімен қалай сыйласса, әлі диссертациясын қорғамаған аспирантпен де солай сыйласады. Содан шығар, біз, шәкірттері де, барынша қарапайым, барынша әділетті болуға тырысамыз.
– Сіз біраз жыл Қазақстан кардиологтары қауымдастығының президенті болдыңыз. Қауымдастық тарапынан қандай шараларды атқара алдыңыздар?
– 2009 жылы ҚР кардиологтары қауымдастығына конкурс негізінде президент болып сайландым. Қауымдастықтың негізгі жұмысы осы саладағы ғалымдар мен практикалық дәрігерлердің біліктілігін көтеруге атсалысу. Осы бағытта республикалық және халықаралық симпозиумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, конгрестер ұйымдастырып, кардиологияның өзекті проблемаларын және әлемдік деңгейде болып жатқан ғылыми жетістіктерді талқылау. Осы мақсатта республикалық және шетелдік медициналық-фармацевтикалық фирмалардың демеушілігімен ғалым-дәрігерлеріміздің шетелдерге шығып, олардың түрлі іс-шараларға қатысуларына, біліктіліктерін арттыруларына ықпал жасадық.
Қауымдастықтың президенті болып тұрған кезімде, 2009 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында кардиологтардың бірінші еуразиялық конгресін өткіздім. Оған Ресейден академиктер Е.Чазов, Р.Акчурин, Ю.Беленков сияқты белгілі ғалымдар мен басқа да шетелдерден беделді ғалымдар, дәрігерлер қатысты. Үш жыл қатарынан әр облыстың жетекші кардиологтарын ертіп барып, Анталияда ғылыми конференция өткіздім. Оған Стамбұлдан, Мәскеуден ғалымдар қатысты. Алматыда да бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жалпы, медицина – өте күрделі сала. Дәрігер болу үшін жеті жыл оқу керек. Кардиолог болу үшін тағы да үш жыл оқисың. Ары қарай үнемі ізденісте жүруің керек. Біз дүниежүзілік ғылымның жетістіктерін дер кезінде өзімізге енгізе алсақ, сол әлдеқайда пайдалырақ. Даму деген осы.
– Облыстық кардиоорталыққа 9 жылдай басшылық еттіңіз. Осы уақыт аралығында жүректі емдеудің қандай жаңа тәсілдерін енгізе алдыңыз?
– Мен Шымкентке 2010 жылдың тамыз айының басында сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтің шақыруымен келдім. Келген бойда ол кісі «Сәке, сіз көп жылдан бері елден жырақ жүрсіз. Алған тәжірибеңізді, біліктілігіңізді білеміз, енді елге қайту керек, халыққа қызмет ету керек. Сіз бізге керексіз» деді. Ол кісінің сол сөзі маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Облыстық кардиоорталыққа бас дәрігер болып тағайындалып, ұжыммен танысқаннан кейін алдыма бірнеше жоспар қойдым. Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан облысы – республикада халқының тығыздығы, саны жағынан ең үлкен облыс. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын ана мен бала өлімі де аз емес. Осыған байланысты орын алған өлім-жітімнің ауқымын анықтағанымызда, оның көбісі ауылдық жерлерде орын алатыны белгілі болды. Ауылдарда көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ақсап жатқаны анықталды. Осыған байланысты әр ауданға өзімізден дәрігер куратор тағайындап, халықпен күнделікті жұмыс істейтін жұмыс тобын құрдық.
Екіншіден, облыста интервенционды кардиология мен кардиохирургияны дамытып, одан әрі жетілдіру керек болды. Ол үшін орталыққа заманауи жоғары технологияларды енгізіп, соған сәйкес жоғары мамандандырылған дәрігерлер мен медбикелерді дайындау қажет. Дәрігерлер шетелге шығып, тәжірибе жинақтады. Шетелдің білікті мамандарын облысқа шақырып, шеберлік сыныптарын өткіздік.
2011 жылы республикада бірінші болып балалар кардиохирургиясын аштық. Мамандарымыз екі жылда жеті жүз балаға ашық жүрекке операция жасады. Сосын министрліктің балалар хирургиясын орталықтандыру саясаты бойынша балалар кардиохирургиясы бөлімшесін мамандарымен бірге облыстық балалар ауруханасына көшірдік. 2011 жылы кардиохирургия талабы бойынша орталықта бактериологиялық лаборатория ашып, керекті анализдерді анықтау үшін клиникалық лабораторияны заманауи аппараттармен толықтырдық.
2012 жылдың басында интервенционды аритмология лабораториясын аштық. Осының нәтижесінде жүрек аритмиясына қарсы жасалатын операциялардың түрлерін енгізуге жол ашылды. Бұл бізге жүрек аритмиясынан болатын өлім-жітімді едәуір азайтуға мүмкіндік берді.
2014 жылы ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып біз облыста жүрек тамырларына коронароангиография жасап, стент қою үшін науқасты ауруханаға жатқызбай-ақ амбулаториялық жағдайда емдеуге мүмкіндік алдық. Кардиоорталыққа осындай заманауи жоғары технологияларды енгізіп, жоғары білікті мамандарды дайындаудың және күнделікті жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде облыста өлім-жітім, мүгедектік біртіндеп төмендей бастады. Жыл сайын жүрекке жоғары технологиялы ота жасау әдістерін енгізе бастадық. Жылына ашық жүрекке 500, жабық жүрекке 1500-ден аса адамға ота жасалынды. Сөйтіп, біз республика бойынша Алматының өзін артқа тастап, алдыңғы қатарға шықтық. Сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова селекторлық жиналыста біздің мекемені ең алдыңғы қатарлы кардиоорталық деп бағалап, басқа облыстарды бізден үйренуге міндеттеді. Содан кейін Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Тараз, Қостанайдан мамандар топ-тобымен келіп, біздің тәжірибемізді үйренді. Одан кейін министр болған Тамара Дүйсенова да орталыққа арнайы келіп, ризашылығын білдіріп кетті. Айта кету керек, біздің осындай жетістікке жетуімізге сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтің көп септігі тиді. Облыс бюджетінен бөлінген миллиардтаған қаржының арқасында заманауи жоғары технологияларды енгізіп, материалдық-техникалық базамызды жоғары деңгейге көтердік. Соның арқасында қазір бұл орталық Оңтүстік өңірінің мақтанышына айналып, халыққа қызмет етіп келе жатқан үлкен медициналық ұйымдардың біріне айналды. Соның нәтижесінде орталықта жүрекке жасалынатын күрделі операциялардың барлық түрі әлемдік стандартқа сай жасалынатын болды.
2013 жылы кардиоорталық «халықаралық сапа рейтингі» бойынша «Үздік мекеме» деп танылып, марапаттау үшін мені Париж қаласында өткен сол ұйымның қорытынды жиынына шақырды. Париждегі ең үлкен конференц залдардың бірінде әлемнің 63 мемлекетінен келген «үздіктердің» алдында трибунаға шығып, өзіміздің кардиоорталықтың жұмысы және республикадағы денсаулық сақтау саласында болып жатқан жетістіктер жөнінде баяндама жасадым. Сосын сол өзіме тапсырылған «Алтын жұлдыз» бен дипломды алып келіп, кардиоорталықтың төріне іліп қойдым. Осылай шапқылап жүргенімде, зейнеткерлік жасқа қалай келіп қалғанымды да байқамай қалыппын.
Тоғыз жылда ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын
– Дамыған Батыс елдерінде науқастар жиі жүрек ауыстырып жатады. Жүрегін ауыстырғандар тағы қанша жылға дейін өмір сүре алады?
– Иә, бұл елдерде жүрек ауыстыру жолға қойылған. Бүгінде донордың жүрегімен 5-10-15 жыл өмір сүріп жатқан адамдар баршылық. Біздегі ұлттық кардиохирургиялық орталықта да бұл операция қолға алынып жатыр. Техникалық жағынан ол операцияны жасау аса қиын емес. Бірақ, бұл емдік әдістің басқа қиыншылықтары жетерлік, айталық, донорлық жүректің аздығы, донорлық жүректің науқастың ағзасына сіңісіп кетпеуі, сол үшін қолданылатын иммуносупрессивті терапияның қымбаттығы және қойылған жүректің күре тамырларының атеросклерозға бейімділігі сияқты жағдайлар бұл операциялардың жылдан-жылға азаюына себеп болуда. Сондықтан бұл операциялардың келешекте қаншалықты ұтымды болары белгісіз.
– Жүрек – адам ағзасының ең күрделі бөлшегі. Жүрегі сыр берген жанның әп-сәтте өмірмен қош айтысуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігер ретінде көпшілікке қандай кеңес берер едіңіз?
– Басқа ұлттарға қарағанда, қазақтың менталитеті өзгеше екенін айттым. Бейғамбыз. Мысалы, еврейлер ауырмай тұрып дәрігерлік тексеруден өтіп тұрады. Ал, орыстар дәрігерге ауырған кезде барады. Біздің ағайын өлуге аз қалғанда ғана дәрігердің есігін қағады. Ол кезде ауру асқынып, науқастың бетін бері қарату қиынға соғады. Оның жазылуы да оңай емес. Осындай созылмалы аурудың соңы ащы өкінішке ұласуы мүмкін. Ол үшін халқымыз салауатты өмір салтын ұстанып, сергек жүруі керек. Бейғамдықтан аулақ болған жөн. Әркім өз денсаулығы өз қолында екендігін жете түсінуі тиіс. Мысалы, Еуропа, Жапония және Қытай елдерінде 80-90 жастағы қариялар велосипед айдап жүр. Ал, біздің қазақтың басым көпшілігі 70 жастан асып жатқан жоқ. Ер азаматтардың көбі зейнеткерлік жасқа жетпей, өмірден озып жатыр. Адамның ұзақ өмір сүруі менталитетке, қалыптасқан дағдысына байланысты.
Жалпы, әрбір азаматқа өзінің және отбасының денсаулығына жауапкершілік міндеттейтін заң керек. Заң бойынша ең болмағанда жылына 1-2 рет дәрігерлік тексеруден өзін де, отбасын да өткізуді міндеттейтін бап керек. Сонда ғана халықтың денсаулығын түзетіп, өмір сүру жасын ұзарта аламыз. Алпысқа толар-толмас шағында өмірмен қош айтысатын болса, өзі аз қазақ қашан көбейеді?
Адам денсаулығының мықты болуына оның жейтін тамағы да үлкен әсер етеді. Ауылдықтардың жейтіні негізінен тек қойдың еті. Оның үстіне малды жайғап, әбден ел орынға отырғанда дастарқан басына жиналады. Майлы тамақты жеп алып, төсекке құлай кетеді. Қозғалыс жоқ. Бұл қан қысымына әсер етіп, түнде жүрек талмасы ұстауы мүмкін. Қазір ауылдық жерлерде қайтыс болып жатқандардың көбісі инсульттен кетіп жатыр. Екінің бірінің қан қысымы жоғары. Көпшілігі өзінің қан қысымы бар екендігін де білмейді, өйткені, дәрігерге барып тексеріле бермейді. Бұл бірте-бірте қалыпты жағдайға айналып кетеді де, басы ауырмай, бірден инсультке шалдығады. Қазіргі өлім-жітімнің көбеюінің басты себебі де осында.
– Сіз көп жылдар бойы медицина саласында басшылық қызметтер атқардыңыз. Осы салада 40 жылдан аса уақыт қызмет істеп, абыроймен зейнеткерлікке шықтыңыз. Ал, қазіргі медицинадағы басшылардың көпшілігі жастар. Тәжірибелерінің аздығынан ба, арасында түрлі қателіктерге бой алдырып жататындары да кездесіп қалады...
– Қазақта «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мағынасы сұмдық терең сөз бар. Мен осы өмірімде көптеген басшылардың қарамағында жұмыс істедім. Олардың жақсысы да болды, жаманы да болды, бірақ, мен солардың әрқайсысынан өзіме керекті сабағымды алдым. Жақсысынан үйрендім, жаманынан жирендім. Ол – өмір. Бірақ, әр адамның мінезі мен адамгершілік қасиеті – ол атаның қанымен, ананың ақ сүтімен берілетін нәрсе. Басшы адамға кісілігіне кішілігі сай, қайырымды, кеңдеу болған жарасады. Әрине, басшы болғаннан кейін талап қоя білу керек. Ұжымның ауызбіршілігін, ынтымағын, өзара сыйластығын қалыптастыру – басшының тікелей міндеті. Мен осы облыстық кардиоорталыққа басшы болған тоғыз жылда ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын. Қандай бастық болмасын, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқандардың еңбек етуіне мүмкіндік беруі керек. Медицина саласындағы басшы өмір бойы оқып, күндіз-түні жұмыс істеп, үнемі ізденісте жүргені жөн. Онсыз қарамағындағы дәрігерлерге үлгі бола алмайды. Себебі, олардың бәрі саған қарап бой түзейді.
Қысқасы, менің түсінігімде, ұжымда жұмысқа қуанып келіп, үйіне қуанып қайтатындай атмосфера болу керек. Ондай жағдай жасай алмайтын басшының билігі ұзаққа бармайды.
– Сіздің бір кездері облыстық мәслихаттың депутаты болғаныңызды білеміз. Сол уақытта халықпен бұрынғыдан да етене қарым-қатынас жасап, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, қол ұшын бере алдыңыз ба?
– 2012 жылдың 15 қаңтарында Бәйдібек ауданынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайландым. Ауданның экономикасын көтеруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға қолдан келгенше атсалыстым. Ауданда салынуға тиіс мектеп, емхана, балабақша, мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункті, жол, көпір бар, билік пен халық арасында көпір болып, оларға бюджеттен ақша бөлгізуге, құжаттарын дайындап, тиісті департаменттерге өткізуге қолқабыс жасадым. Сол жылдары біраз ауылға газ құбырлары тартылып, елді газдандыру мәселесі шешіле бастады. Өзім туып-өскен Көктерек ауылдық округінде амбулаториялық емхана ашуға көмектестім. Тұрғындармен кездесуге барып, бір жылдық есебімді берген кезде ауыл ақсақалдары жаңа емхана үшін рахмет айтып, «білесіз, ауылдық округте 5-6 елді мекен бар. Әрқайсысының арасы оншақты шақырым. Келіндердің толғағы қысқанда, сондай-ақ науқастар қатты қысылып қалған жағдайда «Жедел жәрдем» көлігі қажет болады» деп еді. Содан көп ұзатпай кәсіпкерлердің қолдауымен заман талабына сай жабдықталған «Жедел-жәрдем» көлігін алып бердік. Одан бөлек, сол емхананы электрокардиограф, компьютер, стоматологиялық бор аппаратымен қамтамасыз еттім. Жылына 1-2 рет тәжірибелі мамандардан тұратын дәрігерлер бригадасын жіберіп, Бәйдібек өңіріндегі тұрғындарының денсаулығын арнайы тексеруден өткізіп тұрдық. Депутаттық жауапкершілігімді ұмытпай, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге тұрмысқа қажетті заттарын алып беріп, салауатты өмір салтына бейімдеу туралы лекция оқып қайтатынмын.
– Соңғы сұрақ, жүрек-қан тамырлары ауруларын азайту үшін не істеу керек?
– Әрине, ең бірінші, халықтың әл-ауқатын көтеріп, олардың жүйке жүйесіне түсетін салмақты азайту қажет. Әрбір азаматты жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуге міндеттейтін заң керек. Сонымен қатар үнемі дәрігерлік шаралар жүргізе отырып, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешкеніміз жөн. Барлық деңгейдегі штат құрылымдарын кардиолог мамандарымен қамтамасыз ету керек. Реабилитациялық орталықтар ашу керек. Сонымен қатар дәрі-дәрмектің бағасын қалыпқа келтіріп, медициналық сақтандыруды әрі қарай дамыту керек. Ең бастысы, дәрігерлердің жалақысын көтермей, жемқорлықты тоқтатпай, ешқандай реформа алға баспайды.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».