Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры: «ЕНДІ ЕС ЖИМАСАҚ БОЛМАЙДЫ»

Үлкен қалаға қорқа-қорқа келдік

– Елімізде карантин жарияланғалы бір жылдан асты, бұрынғыдай концерт, гастроль, той-жиын жоқ, елдің алдында жүріп үйренген Сіздер осы бір жылды қалай өткіздіңіздер?

– Басында абдырап қалғанымыз рас. Карантин мамыр айының ортасына қарай бітіп қалады деп ойладық. Бір-екі айға шыдауға болады деп есік-терезені бітеп, үйден ешқайда шықпай жаттық. Одан әрі созылған соң өнер адамдары онлайн сұхбат беріп, өнер көрсетуге көшті. Әрі қарай да тоқтай қоймаған соң жұптасып, екеу-үшеулеп өнер көрсете жүріп, жазғы демалысымызға шықтық. Тамыз айынан бастап мекемелер жартылай жұмысқа кірісті ғой, сол кезде біз дайындыққа кірістік. Қазан айының ортасына қарай «Карантин қызықтарын» бердік. Карантин уақытында елімізде неше түрлі қызықтар болды ғой, соларды жинақтап, пьеса жаздым. Өмірімізде көрмегенді көрдік. Қорықпайтын нәрседен қорқып, қорқатын нәрседен қорықпайтын болдық. 42 500 теңгені үйде кім алады деп таласып, маска тақпағанымыз үшін 70 мың айыппұл төлеттіріп, 42 500-дің үстіне ақша қосып төлеп... Әзіл-сықақ театрларының бір ерекшелігі – қоғамда орын алған осындай оқиғаларды дер кезінде шығармаса, қызығы өтіп кетеді. Қазан айында карантин болса да, театрға көрермендерді 30 пайыз сыйымдылықпен кіргізіп жаттық. Одан кейін «Алтын шөже» деген пьесаны сахналадық. Әрі қарай жаңажылдық қойылымға дайындалдық. «Әумесерді» сахнаға шығардық. 8 наурыз мерекесіне орай 12 сеанспен концерт қойдық.

Бұл жерде мына бір мәселені айта кетейін. Бұрын бюджеттен бізге бөлінген қаржының 20 пайызын өзіміз табатынбыз. Бірақ, сол жоспарды орындауды аса міндеттей қоймайтын. Театрдың қалай жұмыс істеп жатқаны, көрермен тартуы осы 20 пайыз табысқа, репертуарына, фестивальдерде алған орынға қарай бағаланатын. Ал, қазір театрға 30 пайыз табыс табу керек деген міндет жүктелді. Бүгінгідей карантин жағдайында гастрольге шығуға рұқсат берілмесе, залға көрерменді санап кіргізсе, жоспарды қалай орындайсың?! Осы мәселеге қатысты жиналыстар да өтті. Театр әкімшілері мекемелерді аралап кетті, барған жерлері карантин деп жолатпайды. Бұл жалғыз біз емес, қаладағы барлық мәдениет мекемелерінің басындағы жағдай. «Карантин қатаңдаса, жоспарды аздау қойып, кейінгі айларда артығымен табыс табуға тура келеді» дейді жоғары жақтағылар. Бірақ, карантиннің жыл соңына дейін тоқтайтынына кепілдік жоқ қой.

– Қосымша табыс Сіздерге той-томалақтан да түсетін. Өнерден бөлек қосымша бизнестеріңіз бар ма? Қиналып қалған жоқсыздар ма?

– Менде театрдан басқа бизнес жоқ, соған қарағанда мықты әртістердің қатарында емес шығармын. Тойға сұраныс соншалық жоғары болған емес, басқа өнер адамдары сияқты 10-15 мың доллар дегендей «ставка» да жоқ. Өнерімді қалап шақырып, қызметімді бағалап жатса, ол да бір табыс қой деп барамын.

Ал, мына карантинде өнер адамдарының бірен-сараны болмаса, басым көпшілігі қиналып қалды. Такси қызметіне, құрылысқа шыққандары да бар. Мен азды-көп несібемді сериалға түсіп тауып жүрмін. «Өсекшілер» деген сериал түсіріп тастадық. Өйткені, сериал үшін телеарналар ақша төлейді. Оған көрермен жинап әуре болмайсың, түсіресің, телеарналарға ұсынасың. Соңғы жылдары театрдың жұмысы қожырап қалмасын деп сериалға түсуден бас тартып жүргем, карантин уақытында режиссерлерге қайта хабарласып, шынымызды айтуға тура келді...

– «Шаншар» әзіл-сықақ театры, жаңылыспасақ, 27 жыл бұрын, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде ашылды. Жастарыңыз 30-дан енді асқан кез, кәсіби әртіс емессіздер, үлкен қаланың көрермендері ауылдан келген Сіздердің өнерлеріңізді қабылдамай қояды деп қорықпадыңыздар ма?

– Қазір үлкен сахнаға шығу оңай боп кетті ғой. Телефонмен өзіңізді-өзіңіз түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалай аласыз. Біздің кезімізде үлкен сараптаудан өтуге тура келетін. Мен – Шәуілдірде Мәдениет үйінің директорымын, Жүсіп Ақшора – менің қасымда автоклуб меңгерушісі. Шәуілдірде 89-жылдары қойған концертімізге халық лық толып келетін, ертесіне біздің өнеріміз аудандық партия комитетінде талдау, талқылаудан өтетін. Оқуды жаңа бітіріп келген жас маманмын, мәдениет саласының маманы емеспін. Жаңадан ашылған сарайға бірден директор етіп қойды. Ауыл дегенмен, Шәуілдірдің өзінде үлкен кісілердің сараптауынан өттік. Мәскеуден шығатын «Известия», «Правда» газеттеріне КВН-ды, «Алло, мы ищем таланты» бағдарламаларын сынап жазып жүретін ақын Қаныбек Сарыбаевтың, айтыскер ақындар Тәушен Әбуова мен Әселхан Қалыбекованың, әдебиет зерттеушісі Әдіһам Шілтерхановтың елегінен өттік. Әдіһам аға қойылымдарымызды қарап, бақылап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын..

Тоқсаныншы жылдары облыстық «Күлкі жәрмеңкесі» дейтін фестиваль өтетін, соған қатысып, жүлделі орын алып қайтқанымыз бар. 1991-92 жылдардың шамасы, «Тамаша» телетеатрына шақырту алып, өнер көрсетіп, онымыз Ұлттық арнадан көрсетілген. «Тамаша» театры екіге бөлініп, телетеатрды Қойшығұл Жылқышиев алды да, театр Лұқпан Есеновте қалған.

Телетеатрға барғанда Тұңғышбай Жаманқұлов секілді мықты әртістермен таныстық. Олар өнерімізге жақсы бағаларын берді. «Екеулеріңнің стильдерің бөлек, тек оңтүстіктік диалектіде емес, әдеби стильде алып келсеңіздер» деген әңгіме естіп қайттық. Оны Әдекеңдерге айтып келіп едік, ол кісі де құптады.

Расы керек, біз үлкен қалаға қорқа-қорқа келдік. Облыстық телеарнаның басшысы Байдулла Қонысбеков бізді «Күлкі жәрмеңкесінен» көріп жүрген, телетеатр ашу жайлы ұсынымызды бірден қолдай кетті. «Шаншар» деп ат қойып берген де өздері. Сонда Әселхан апамыздың шашу шашып келгені әлі есте. Бізге сол кісілер мотивация берді. Шымкентте жазушы, журналистер бағасын беріп жатты. Алматыға кейіннен жайлап қадам бастық. Сараптаулардан өттік. Сындардан өттік. Содан болса керек, сахнада 27 жылдан бері жүргеніміз.

– Жұрттың бәрі базар жағалап, нан тауып жеу мұңға айналған кезде көрермен жинай алатындарыңызға сендіңіздер ме?

– Осы жерде көптеген кісілерге алғысымды айта кеткім келіп тұр. Қалаға алғаш келгенде Байдулла Қонысбеков экраннан уақыт беріп, қолдады. Спорт, туризм және жастар ісі басқармасының басшысы, жас маман Әли Бектаев көп көмектесті. Жастар ісі деген басқарма студенттермен жұмыс істейді ғой. Біздің ең алғашқы актерлеріміз әл-Фараби атындағы мәдениет институтының студенттері болды. Театрды енді ашқан кезде студенттердің алдында тегін концерт беріп, өзімізді көрсеттік. Шымкентке келгенде Жүсіп екеуміздің Шәуілдірден жинақтап келген қойылымдарымыз болды. Студенттерді қатарымызға тарта бастадық, бір жылда студенттерден тұрақты көрермендер тауып, зал толып отыратын болды. Оған қоса телеарнадан шығып жаттық. Бірақ, қазіргідей жарнамасы тез кете қойған жоқ. Екі-үш жыл қиналдық. Сол кезде шегінген кездеріміз де болды. Шәуілдірде кісі боп қалған, астыма қызметтік көлік мініп қалған, Мәдениет үйінің директоры боп жүрген мына мен мұнда әшейін бір қаңғырып жүрген әртіс боп қалдым.

Мәдениет институтының жатақханасында Нұржан Төлендиевтің ағасы Бағланмен бірге тұрдық. Сол бөлмедегі жігіттермен қысылып-қымтырылып күзден мамыр айына дейін бірге жаттық. Сол жерде 4-5 студентпен дайындық жасаймыз...

Жүсіп екеуміз театрды құрып, қасымызға балалар алып концерт құрып кете бергеніміз жоқ. Жан-жақты көмек болды. Өнерпаз студенттер айлық алмады. Жағдайды түсіндірдік. «Театрды бірге көтерейік» деп. «Күлкі жәрмеңкесінен» біледі екен, керісінше оларға бізбен сахнаға шығып ойнаған қызық болды. Жағдайымыз төрт-бес жылға дейін түзеле қоймады. Басында үлкен кісілердің батасын алып бастаған соң бізге шегінуге жол жоқ еді. Егер жай бастай салған болсақ, көрермен жылы қабылдамаса, газеттерде сынап жазып жатса сол кезде-ақ бәрін тастап кетер ме едік?!

Кейін Алматыға бардық, ол жақтың көрермендері де көтере берді. Сонымен келе жатырмыз әлі. Әрине, арасында тоқыраған кездеріміз, сыналған кездеріміз де болды. 2004-2005 жылдары. Кейіннен жаңа әртістермен бірге жаңа леп келді. Нұржан Төлендиев, Жұлдызай Дүйсембиева келіп, қайтадан көтерілдік. Өнер деген сол, бірде тоқырауға ұшырайсың, бірде қайта көтерілесің...

 

Тұңғышбай ағаның алдынан ренжіп шықтым

– Сіздерді Алматының көрермені құшақ жайып қарсы алғанмен, кәсіби әртістер жақтыра қойған жоқ. Қазір оларға өздеріңізді қаншалықты мойындаттыңыздар?

– Олар мойындаған жоқ. Кәсіби мамандардың бәрі бізді сынады деп те айта алмаймын. 1998 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов М.Әуезов атындағы драма театрдың директоры боп тұрғанда бізді шақырды.

– Өзі сіздердің қойылымдарыңыздан қалмайтын секілді.

– Мүмкіндігі болса келіп көреді. Ол бізді мойындады. Бізге «әкемтеатрдың» кіші залын беріп, сол жерде дайындалып, концерт бердік. Біздің қойылымдарды театрдың режиссерлеріне сынатты. Уайс Сұлтанғазинмен бірге ойын қоймақ болғанбыз, режиссер Болат Атабаев «Тамашаның» стилі қайталанып тұрғанын ескертті. «Уайс «Тамашаның» стиліне кетіп қала береді, өз стильдеріңмен шыққандарың дұрыс» деген кеңесін айтты. Кәсіби режиссер ғой. Сол кезде олар жаратпаса, кетіп қалар едік. Сол кіші залда екі жыл жұмыс істедік. Көрерменімізді таптық.

«Шымкенттің базарда жүрген жігіттері қасиетті сахнада ауылдың, көшенің әңгімесін айтып, қойылым қояды екен, қасиетті, киелі сахнаны былғады» деп сынағандар да болды.

Ол кезде қойылымды телеарнаға түсірту, шығарту өте қиын еді. 1999 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің беделін салып жүріп, «Хабар» арнасынан үш камера сұрап, түсірттірді. Сапасы төмен болды. Кейін оны кассетаға жаздыртып көрдік. Бір қызығы, «Шаншардың» кассеталары Қазақстаннан гөрі Қытайда жақсы өтті. Оны кеденде істеген жігіттер айтты. Қытайға қарай тоқтаусыз өтіп жатқан не десек, «Шаншардың» кассеталары екен» деген. Бір жылдан соң сол жақтағы бауырлардан шақырту алдық. «Таза қазақи күлкі көрдік» деп риза болысты. Сөйтіп-сөйтіп жайлап мойындай бастады ғой.

– Кәсіби актерлер ашқан театрлар жабылып қалып жатқанда, «Шаншар» отыз жылдай уақыттан бері сахнадан түскен жоқ. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Мұның сыры – шыдамдылық, төзімділік, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылуда, күш-жігерде. М.Әуезовтің: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген сөзі бар. Біздің театрда тәртіп бар. Өзімізше тәртіп бар деп ойлап қоямыз енді. Екіншіден, ниетіміз бар. Басында театр ашылған кезде Жүсіп екеуміз «тіпті болмағанда бала-шағамызды асырауға жарайды осы театр, шәкірт тәрбиелесек, мүмкін болса халық шығармашылығы орталығынан сатиралық ойындар жүргізетін бір бөлім ашып берсе» деп те ойлағанбыз. Одан өтіп кеттік қой деймін. Мемлекеттік театр аштық. Соған қуаныштымыз.

Алматыға Тұңғышбай ағамыздың шақыртуымен барғанда Жүсіп екеуміз қаржыдан қатты қиналдық. Отбасымыз Шымкентте. Көлденең табыс тойдан түседі, Жүсіп екеуміз 100 долларға қуана-қуана баратынбыз. Бір жылдан кейін ол жақта көрермендеріміз артты. Театрдың кіші залында екі сеанспен 10 күн қатарынан концерт берген кездеріміз болды. Сол кезде біреу Тұңғышбай ағаға «жігіттердің әрқайсысына 200 доллардан берейін, тойымда қызмет етсін» деген екен, қуып жіберіпті. «Ондайға бармайды, берсең 500 доллардан 1000 доллар бер» депті. Ол кезде 500 доллар деген 5000 доллармен тең біз үшін. Соны естігенде Тұңғышбай ағаның алдына кірдім. «Біз квартирада ұжымымызбен қиналып жатырмыз, мұныңыз не?» деп. Көкеміз жайбарақат: «Жігіттер, сендер ақша қумаңдар, ақша сендерді қусын. Қазір 200 долларға барсаңдар, ол көп боп көрінеді де, сахнаны қойып, тойдың соңына түсіп кетесіңдер. Ондай актерлер менде де бар, тойды жандырып өткізеді, бірақ сахнада ойнай алмай қалды. Мен сендерді ондайға қимаймын. Әртіс өз бағасын білуі керек. Келген адамға ұрыстым, екеуінің бағасы 1000 доллар дедім» дейді. Болған әңгіме, өтірік айтып тұрғаным жоқ. Сонда да кетіп бара жатып: «Қызық өзі, бала-шағамызға бірталай ақша болар еді» деп Тұңғышбай ағаның алдынан ренжіп шыққам.

Кейіннен расымен ақша қуды ғой артымыздан. Уақытымыз жетпей жатты. Бір күні Ақтау, келесі күні Атырау, одан Оралда. Кейінгі келген балаларға үнемі Тұқаңның сол айтқанын айтып отырамын. «Шаншардың» техникалық базасын жасақтадық. Аппаратуралар алдық, көлігіміз бар. Жаңа түрлерін сатып алып отырамыз. Көлік жөндеушіміз, бухгалтеріміз бар. Киімдер тіктіреміз, аспаптар аламыз. Қазір көптеген театрлардың жабылып қалатыны – базалары жоқ. Қазіргі жастарға таң қаламын, бәрінің құны «аспандап тұр». Сериалға түсуге шақырсақ, «ставкамыз пәлен» дейді шіреніп.

– Соңғы уақытта Сіздер сахнада тұрмыстық мәселені айта отырып үлкен саясатты қозғап өтесіздер. «Террорист» дейтін қойылымдарыңызды көріп, Сіздер үшін қорықтық. Терроршы Үкіметтен 2 миллион доллар сұрап бер дейді, сіз 4 миллион сұрайсыз, жоғарғы жақ тағы қосып... «Бүгінгі билік жемқор» дегенді сахнада айту үшін жүрек керек шығар?

– Бағымызға қарай, жоғары жақтағылар бізді көрмейді, өйткені, біз сөйлейтін тілді түсінбейді. Бізді тек түсінетіндер көреді. Олар ештеңе демейді. Меніңше, жемқорларға сенің қазағың, мемлекетің керек емес. Оларға мына мемлекеттің қай ұлттың мемлекеті екені де маңызды емес.

– «Үкіметтің телефоны бізде жоқ, террористе бар» дейсіз. Екі тараптың арасында байланыс бар дегенді ишаралайсыз. Бұл ауыр айыптау емес пе?

– Сізге былай түсіндірейін: біз министрлердің тойына бармайтын шығармыз, бірақ республика көлемінде атақты бандиттер тойларына шақырып тұрады. Соларда кейбір министрлердің телефоны бар. Министрлерге біз телефон соға алмаймыз, бандиттер тікелей сөйлесе береді. Біз тіпті әкімшілік арқылы да шыға алмаймыз. Осыдан кейін бандиттер дегенді террористер деп алдым. Сіздің бандитіңізде мемлекет болмайды, жаны да ашымайды.

Бір лауазымды кісінің тойына мені байқамай шақырып қалды. Менің қатарымда Қазақстанға белгілі эстрада әншілері болды. Ана жерде үкімет адамдарының әйелдері отыр. Неше түрлі киінген. Мықты бір апамыз ән айтып еді, кейбір министрлердің әйелдері соған қарауға намыстанды. Мәдениеті түсіп кетеді қарап, шапалақ ұрса. Одан кейін орыстардың «Блестящие» тобының қыздары ән айтып еді, қазақ эстрадасына еңбегі сіңген апамызға бұрылып қарауға намыстанып отырған министрдің қатындары орындарынан атып-атып тұрып, шапалақ ұрып тұрды. Қарап тұрып қатты намыстандым.

– Сахнада астарлап көп дүние айтасыздар. Жоғары жақтан ешқандай қысым болмай ма?

– Менің сөзімнің астарын жазушы, журналистер ғана түсінеді. Қой сататыным бар еді ғой. Астарын көбі түсіне қоймады. Жанашыр журналист достарым сол қойылымды сахнаға ендігәрі шығармауға кеңес берді.

Жұрт ол жерде актерлердің ойынына, әрекетіне күліп жатыр.

Телефон көп соғылды. Не айтқымыз келгенін түсінгендер қойылымымызға риза болып жатты. Сол кезде жоғарыдағылардың қазақша түсінбегені расында да бізді сақтап қалды деп ойлаймын. Әйтпесе сотталып кетер едім. Енді осы сұхбаттан кейін шұқшиып жүрмесе...

Сахнаға алғаш шыққан жылдары от басы, ошақ қасының әңгімелерін айтатынбыз. Бүгінгі жасымызға ол тақырыпты қаузай беру жараспайды. Бұл жаста адам ұлттың, ұрпағының ертеңін ойлай бастайды екен. Бала тәрбиелейтін жаста жұмысбасты боп, көңіл бөле алмадық. Енді немере тәрбиелеп отырмыз. Немереге келгенде ұлтты ойлай бастайсың. Бұл жерде тәрбие дейтін мәселеге тоқталғым келеді. Ұлт ретінде тәрбиеден кетіп бара жатқанымызды байқайсыздар ма? Әсіресе, қыз баланың тәрбиесін ұлт болып жедел қолға алмасақ болмайды. Еркекті тәрбиелейтін сол қыз. Ол күйеуі арқылы әулетті, содан туған балаларды тәрбиелейді. Қыз баланы бір жастан тәрбиелеу керек екен. Қызды ағылшынша оқытып, биге береміз, ән айтуды, домбыра, пианино тартуды үйретеміз. Бірақ, әйел болуды, күйеуге тию, отбасы болуды үйретпейді екенбіз. Ол қыз барған жерде ағылшынша сөйлеп, шпагатқа отырып, би билемейтін шығар. Ол ұрпағын, ұлтын тәрбиелейді. Өзі тәрбие алмаған қыз баласына не тәрбие береді? Содан ұлттың тәрбиесі кетеді. Ол қызын өз көргенімен тәрбиелейді. Сөйтіп, ұлттық тәрбиеден ажырап барамыз.

– Бүгінгі бойжеткен қыздың анасы кешегі тоқырау жылдарында базарға шығып кеткен әйел ғой...

– Тәрбиені содан бастап уыстан шығарып алған екенбіз. Ұлттық тәрбиені Үкіметтен бастап ойлану керек. Кеше 42 500 теңге жәрдемақыны сонша проблема қылды, бұл аналардың намысына тиді. Ол қарапайым әйел ме, министрдің әйелі ме, жұмыс істей ме, істемей ме – қарама, бер бәріне, Сен миллиардтап жеп жатқанда, дүниеге ұрпақ әкеліп жатқан кісілерге жәрдемақы берерде неге сонша қиналдың? Осыны бермей қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен пайда әкелейін деп жатырсың ба? Одан да мұнай, газдан, кеніштерден кеткен салықты қайтар.

Дұрыс айтасыз, тоқсаныншы жылдары базарға шыққан әйелде баласының сабағына, тәрбиесіне қарауға мұрша болды дейсіз бе? Оны көзім де көрді. Түн жарымында үйіне сүйретіліп жетіп, тамағын ішер-ішпес төсегіне құлай кететін. Таң атпай тағы кетеді. Баласы, қызы не боп жатыр, қарауға шамасы келмеді. Сол келіншектер қазір әже боп отыр. Енді ес жимасақ болмайды.

Ұлттың болашағын жоғары жақтағылар ойлайды дегенге өз басым сене қоймаймын. Соншама дүние жинап жатыр, елден қашайын деп жүр ме деп ойлаймын. Неге ол шетелден үй алады? Біздің әртістерді қойшы, Түркиядан үй алған екен, «елді сатып кетті» деп бүкіл ел шулады. Ол сатқан жоқ, бар түсінігі сол. Мәдениеттің үлкен өкілдеріміз, шетелде үйіміз бар деп бір-біріне мақтанып тұр. Шетелде болмайтын, тоқсан пайызы орысша, қазақтардың намысын таптайтын кино түсіріп, сол жақтан үй алып жатқандарға еліктеген түрлері бір-бірімен жарысып. Өзінің ұлтына қызмет істей алмай отырған адам түріктің мәдениетіне қызмет ете алады дейсіз бе? Олар тек қазақтың арқасында күн көреді, түріктерге олардың киносы, өнері керек емес. Сондықтан олар елге қайтады. Ұлт үшін қауіптісі -- миллиондап жеп, шетелден үй алып жатқандар.

 

Дінді сахна арқылы насихаттауға қарсымын

– Бір кездері сіздер қойған қойылымдардың кейіпкерлері жұрт аузында қалатын. Үбән әкім, Тука, Нартайлақ, Қошан. Жұрт солардың сөздерін жаттап алып айтып жүретін. Қазір кейіпкерлердің сөздері тұрмақ, аттары да есте қалмайды...

– Ол кезде біздің көрермендер жастау еді. «Шешу үшін жүрміз ғой» деген біздің қатарларымыз айтатын әңгіме еді. Сол көрермендеріміз есейді. Олар жеңіл күлкіні керек етпейді, ойлы күлкіге кетіп қалғанымыз сол. Қазіргі жастар КВН-да айтылған сөздерді айтып жүр ғой. КВН көрмеймін. «Өнер қырандарын» көремін. Одан басқа театр да ашыла қойған жоқ. Өткенде «Назар аудар» деген театр ашылды дегенге қарасам, театр емес, ойын-сауық сияқты көрінді. Қойылымдары әзіл-қалжыңға келмеді.

– «Өнер қырандары» сахнада уағыз айтып, «Алдар­аспан» қойылымның соңында жылатып, «сөйтпейік, бүйтпейік» деп ақыл айтып кететіні несі? Сатира театрларының міндеті уытты күлкі арқылы көрерменге ой тастау, шешімін өздеріне қалдыру емес пе?

– Әр театрдың өзіндік стилі болады. «Өнер қырандарындағы» жігіттердің бәрі намазхан. Сахна – идеология құралы. Дінді сахна арқылы насихаттауға өз басым қарсымын. Уағыз тыңдағысы келген адам мешітке барсын, ас-жиындарда айтылсын.

– «Бүгінде арзан әзіл, жеңіл ән көбейді» деген пікірге сахнада жүргеннің көбі көрерменнің сұранысымен санаса тірлік ететінін айтады. Сіздер ше, көрермен сұранысын қаншалық ескересіздер?

– Көрерменнің сұранысы – сапалы дүние көру! Біздің мақсат – қоғамның ащы проблемасын әзілмен жеткізе отырып, көрерменге ой тастау. Осы арқылы көрерменді рухани тәрбиелеуге тырысамыз. Театр – мәдениет ошағы ғана емес, тәрбие мектебі. Өкініштісі, бізде театрға бару мәдениеті қалыптаспаған. Қазіргі жастар театрға бармайды. Расы сол. Оларға КВН мен тілі не таза орысша емес, не таза қазақша емес арзанқол кинолар, сонда айтылатын «приколдар» қызық.

Соңғы уақытта үлкен қалаларда өнер мектептері ашылып, ішінде актерлік шеберлікке үйрететін топтар ашыла бастады. Мұнда баланы фонограммамен емес, жанды дауыста ән айтуға тәрбиелеп жатыр. Шымкент қалалық сатира және әзіл-оспақ театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанов «Қарақат» өнер мектебінің осындағы филиалында балаларға актерлік шеберліктен сабақ береді. Балалар сатира театрының сахнасында бір ертегіні қойды. Олардың өздерінің көрермендері бар екен. Кішкентай ғана актерлердің өнеріне қатты сүйсіндім. Осындай өнер мектептерін, актерлік шеберлікке баулитын үйірмелерді көбейте беру керек. Баланың бәрі әртіс боп кетпес, бірақ осы арқылы олардың бойында театрға бару мәдениеті қалыптасады.

Қазір Ресейдің өзінде КВН-ның өтуіне наразылық айтылып қалып жүр. Әнебір жылы Ресейде өтетін «Москва-Транзит-Москва» деген фестивальге шақырту алдым. 21 жюри отырады екен. Бара алмадым. Тамыз айы, тойдың науқаны. Айтайын дегенім, сол фестивальде Аркадий Арканов «Орыс мәдениеті құрдымға кету алдында, әдебиетке былапыт сөздер араласты, жастар былапыт сөздермен комедия, юмор жасап жатыр» деп пікір айтып, бұл мәселені Думаға жіберуге бәтуаласыпты.

Ал, КВН бізде мектептерге дейін еніп кетті. Жоғары оқу орындарында осы ойынға баратындарға ректорат арнайы қаржы бөледі екен. Бұрындары оқу орындарында бір жас ақын шықса, ректор соны танып тұратын. Ал, қазір ректор ақынды емес, «квншыны» таниды. Ақша бөлгіш болсаң, ақынға, математика мен химияны сүйіп оқитын балаға бөл.

– Сіздің Петросян досыңыз бір өзі екі-үш сағаттап концерт қояды. Өзіңіз солай концерт беруге қаншалықты дайынсыз?

– Менің оған шамам келмейді. Қасыма авторлар керек. Ал, монолог жазатын автор аз. Бізде жападан-жалғыз концерт қою дәстүрге айналмаған. Тұрсынбек енді шығып келе жатыр. Оның авторы бар, төлейтін қаржысы бар. Менде қаржы аз, оның үстіне басқаның жазғаны көңілімнен шыға бермейді.

Петросянның айналасында соған мәтін жазып беретін 15 автор бар. Галкинде де солай. Қаламақыға төлейтін ақшалары да жетеді. Бізде монолог пен пародия енді-енді дамып келе жатыр.

Авторлар аз да болса бар, бірақ оларды мен өзімнің орындау, күлдіре алу стиліме сай өзгертіп аламын. «Футболдан репортаж» деген монологымды естіген бе едіңіз? Авторы – Жарылқасын Дәулет. Оның жазғанын түбегейлі өзгерттім. Өйткені, ол сахнаға арналмаған. Көркем шығарма. Жарылқасын риза болды. Біреудің жазғанына көңілім толмаған соң өзім жазып шығамын.

– Сізді қатарластарыңыз неге «Коська» дейді?

– 1961 жылдың 12 сәуірінде дүниеге келгем, сол күні тұңғыш рет космосқа ракета ұшады. Әке-шешем ол кезде жас. Көрші үйдегі татар апамыз: «Өмірге космонавт келді, аты Космонавт болсын» деп ат қойып жібереді. Бұл ескіше оқыған әжеме ұнамайды. Біздің үйдегі ұлдардың бәрінің атының соңы «бек» жұрнағымен бітеді. Пернебек, Оразбек, Оралбек. Әжем кітабын ашып отырып, Уәли деген есімге тоқтайды. Әулие-әмбиелердің аты. Соған «бекті» қосып, Уәлибек қойыңдар дейді. Бірақ, мектеп бітіргенше ауылда Космонавт, одан қысқарып «Коська» боп жүрдім.

Кейін университет бітіріп, жұмысқа тұрғаннан соң ғана Уәлибек бола бастадым. «Коська» деп мені тек группаластарым, сыныптастарым ғана айтады. Отырар ауданының Қоғам дейтін ауылына барып: «Космонавттың үйі қайсы?» десеңіздер, 50 жастан жоғарғылар кімнің үйін сұрап тұрғаныңызды түсіне береді.

– Негізгі мамандығыңыз – араб тілінің маманы. Осы мамандыққа жүрек қалауымен бардыңыз ба, әлде кездейсоқ түсіп қалдыңыз ба?

– Мектеп бітірген соң екі жыл оқуға түсе алмадым. Сол кезде нағашы атамнан арабша үйрендім, ҚазМУ-дың филология факультетінің араб тілі бөліміне барғым келетінін естігенде, әкем де қолдады.

– Біздің түсінігімізде арабша ілім алған адам не молда, не теолог болу керек. Сіз әртіс боп кеттіңіз...

– Бізбен қатарлас араб бөлімін бітіргендерден Дуанаев Еркін деген жігіт қана молда боп кетті, Рәтбек қажының бірінші орынбасары болды. Қайрат Лама Шариф елшілік қызметте жүр, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы болды. Білім саласында мұғалім, академик, ректор боп жүргендері бар. Оспанхан Әубәкіровтің: «Қатарымнан дөңгелеп жүріп дөңге шыққандары, қарғып жүріп қырға шыққандары бар, сандалып жүріп сайда қалып кеткені мен» дейтіні бар, сатираны меңгереміз деп сайда қалып кеткені мен. Группаластарым «сен өйтіп өзіңді жерге ұрма, сенімен мақтанамыз, біздің арамыздағы жұлдызымызсың» деп жұбатып қояды. Шынымды айтсам, группаластарымнан, ұстаздарымнан ұяламын. Бес жыл көз майларын тауысып оқытты, Ұстаздардың үмітін ақтамадым. Әбсаттар Дербісәлиевтен бастап ренжитін шығар маған.

– Әртіс боп кеткеніңізге әке-шешеңіз қалай қарады?

– Шешем әртіс болғанымды қалады. Мәдениет сарайына директор болғанымда, ол кісінің бастығы болдым ғой. Шешем клуб меңгерушісі еді, маған есеп тапсыратын. Ал, әкем... бертінге дейін риза болмай жүрді. Теледидардан «Шаншарды» көрсетсе: «Әй, басқа жаққа ауыстырыңдаршы, қыршаңқы сөз айтып тұрған қылжақбастың не керегі бар?» дейді екен.

Кейіннен бір жерге барса Уәлибектің әкесі деп сый-құрмет көрсеткенге риза болып: «Пәлен жерге барып едім, сені айтып жатыр. Батамды беріп кеттім» дейді. Ризамын деп айтпайды, анаған батасын бергенін айтады. Содан өзім түсіне қоямын. Әкеміз өмір-бақи бетімізден сүйіп, арқамыздан қаққан кісі емес. Тек қамшылаған кісі.

– Уәлибек аға, сұхбат үшін арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Гүлжамал МҰСАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз