Орны бөлек Орманов еді

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Алла тағала аузын ашса көмекейі көрінетін Талғат Ормановтай әріптесімізді, досымызды айрықша ақкөңіл етіп жаратыпты. Осы бір адал азаматпен дос болғанымды қашанда мақтаныш етемін. Ол қай кезде, қандай жағдайда болмасын, қасыңнан табыла кететін. Сондықтан оған көп арқа сүйейтін едік. Қуанышыма сүйінетін, қайғыма күйінетін нағыз дос боп өтті өмірден. Жүрегім қан жылап тұрса да жаназа кезінде жанарымнан жас шықпады. Егіле жылап отырған сүйікті жары Ләззат пен ұлдары Еділ, Жайық және Ғасырды жылы сөзбен жұбаттым. Қазір сенің орның ойсырап, көңілім қоңылтақсып қалды, Талғат. Ата-ана өмірден өтсе, жетім қалдық дейтін қазақпыз ғой. Ал, жан-дүниеңді түсінетін досың асығыс аттанып кетсе, жетімнен қай жерің артық?
Жетімдіктің үлкені шын достан айрылғанда білінеді екен. Ауық-ауық аңқылдаған досымның кең құшағын аңсаймын. Мергеннің оғындай дөп тиетін әзіл-қалжыңдары әлі құлағымда жаңғырып тұрғандай. Ақындық мінезіне салып, кейде әруақтанып кететін. Өлең шумақтарын төгіп-төгіп жіберіп, жаңбырдан кейінгі шаңы жуылған даладай жан дүниесі бір тазарып қалатын. Кісі көңіліне тимейтін, ешкімді ренжіткен емес, сырттан сыпсың сөз айтпайтын сырбаздығын айтсаңшы?! Әсіресе, ағайын-туғандарына, жекжат-туыстарына, дос-жарандарына деген ізгі ниеті алабөтен еді. Оған ешкім өкпелемейтін. Қазір өзіммен-өзіммін, томаға тұйықпын. Сырыңды кез келген кісіге жая бермейсің ғой! Бақытқа толы сол күндерім сағыныш болып қалды қазір. Еске түссе, іштей егілемін… Ол тірі болғанда 11 сәуірде 60 жасқа толар еді...
Талғатпен сөйлессем көкейдегі шерімді тарқатып, бір жеңілдеп қалатынмын. «Сенің ішкен дәрілеріңді көріп, қорқайын дедім. Қан қысымы деген жақсы емес қой. Болмайтын нәрсені уайымдай беріп қайтесің. Бәрі де өткінші! Өтеді де кетеді. Одан да денсаулығыңды күт» деп жұбата сөйлейтін. Жанашыр достың мұндай кіршіксіз көңілінен айналасың ғой. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына жиі келетін. Басшыдан бастап, кабинеттердегі жігіттер мен қыздардың бәрімен амандасып, есендік-саулық сұрасатын. Дарылдаған даусымен дәлізді көтеріп, бір жылылық сыйлап кететін. Ал, үйіне бара қалсам, жайраңдаған мінезімен іші-бауырыңа кіріп, қарсы алады.
– Ләзка, сенің құдаң кеп қалды. Қазаныңды көтере бер! – дейді де маған қарап: – Үйге жиі соғып тұрсайшы! Сенің арқаңда біз де бір ет жеп қалайық, – деп қалжыңдайды. Әзілі де жарасымды. Осылайша Ләззаттың берекелі дастарқаны бір жиналмайды-ау! Кейде ҚазМУ-дің 1983 жылғы Шымкент қаласындағы түлектері – курстастар Қайырғали, Аманғали, Базаркүл және Айгүл бесеуміз шаттыққа толы шаңырақта бірге бас қосып қалатынбыз. Ақылшымыз, топ бастайтын «ақсақалымыз» – Қайырғали мен Аманғали. Қалғанымыз сол кісілердің кеңесіне құлақ асамыз, барып-кел, шауып келге жарап тұрмыз. Ол да бір дәурен екен-ау!
Курстастардан Шымкентке кім келе жатқанын алдымен осы Тақаңнан естиміз. «Сарыағаш», «Манкент», «Біркөлік» және басқа да шипажайларда жатқан достардың хабарын Орманов жеткізеді. Бәріне қамқор, достардың жағдайын ойлайтын жанашырлығын айтсаңызшы?! «Былай қарсы алайық, былай шығарып салайық» деп идея айтып жүргені!
Еңбек жолын өзінің туып-өскен Бәйдібек ауданындағы «Алғабас» газетінен бастаған Талғат Орманов радио хабарларын ұйымдастырушы қызметін абыройлы атқарды. Сосын Шымкент қаласына қоныс аударып, «Оңтүстік» теле арнасында журналист болды. Созақ, Бәйдібек және Ордабасы аудандарындағы меншікті тілші ретінде талай танымдық телехабарлар ұйымдастырды. Тікелей репортаждар жүргізді. Ел мен жер, еңбегімен көзге түскен ерлер жайында толғамды дүниелер ұсынды. Деректі жанрға қосқан үлесі мол. Оған жарық көрген бірнеше кітаптары да дәлел. Ал, жыр жинақтары туралы бөлек әңгіме қозғамаса болмайды. Асабалық өнерімен кез келген отырыстың ажарын ашатын азамат еді. Өкінішке қарай, ол туралы бүгінде өткен шақпен сөйлеп, естелік айтуға мәжбүрміз…
Соңғы кезде жабысқан кесел ақыры алып тынатынын сезді ме екен, әлде бәрімен бақұлдасып қалу ойында болды ма, әрбір курстастың туған күніне арнайы өлең шумақтарын жазып, өзіміздің чатта тым белсенді болды. Әсіресе, «Дөңгеленген дүние» газетіне курстастар туралы мақала жазып беруімді өтінетін. Қайракең, Әбекең, Базаркүл, Айгүл туралы естеліктерім алдымен осы газетте жарық көрді. Ал, мен туралы басқа курстастарым жазды. Оларға да Тақаң тапсырма берген шығар-ау. «Әй, біз өзіміз туралы жазбасақ, енді кім жазады? Қазір сендер өкіметке жұмыс істеп жатырсыңдар. Кейін менің газетімде қызмет етесіңдер!» деп өзімсіне сөйлейтін, жарықтық!
Талғат Орманов «Жақсы аттың майын сақтағанша, жақсы ердің көңілін ақта» деген қағидамен өмір сүрді. Курстасымыз Қырықбай Алдабергеновтің мерейтойына газетінің бір бетін арнап Павлодарға арнайы барып келді. Рымбек Смағұлов 60 жасқа толғанда мені Қарағандыға ертіп апарды. Мемлекеттік басылымда қызмет атқарғаннан кейін маған сыртқа сапарлау ептеп қиындау. Құрманханның тойына арнайы фильм жасап, тарту етіп қайтты. Нұр-Сұлтан қаласындағы бөлмелес досы Сейсенханды айына бір көрмесе тұра алмайтын. Қостанайдағы Нәзираны қалай іздеп барғанын талай әңгімелеп берген. Атыраудан арқаланып жеткен Исатайды анасымен, жарымен, жалпы отбасымен, немересіне дейін құшағын ашып күтіп алып, Бәйдібек және Созақ аудандарының киелі жерлерін аралатып шыққаны бүгінде естелікке айналды. Біздің Талғат досымыздың ақжарма көңілі мен таза пейілі осындай еді.