Түркітілдес елдердің креативті индустриясы қауымдастығы құрылды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 31 наурыздағы бейресми саммитінде Түркістан қаласы мәдениеттің, экономиканың діңгегіне айналуы керектігін айтқан болатын. Осыған орай Түркістан қаласында креативті индустрия қауымдастығы құрылды.

Ұйымның мақсаты – түркі халықтарына ортақ бизнес алаң қалыптастыру, жоғары зияткерлік және инновациялық салаларды қолдау, жастар арасында шығармашылық қуатты ояту. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мәлімдеді.

«Түркістан ғасырлар бойы Орта Азия мен бүкіл түркі әлеміне мәдени орталық болып келді. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болған қала бірегей креативті кластерді дамытуда жоғары әлеуетке ие. Бұл Түркістанды жаһандық инновациялық мәдени орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз түркі халықтарына ортақ Креативті индустрия қауымдастығын құрып отырмыз. Алпауыт елдер аталған саланы дамыту арқылы экономикаларын ілгерілетіп отыр. Біздің ойымызша, креативті экономиканы дамыту – бүкіл өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалатын маңызды қадам» деді Мейіржан Иябайұлы.

Сондай-ақ, брифингке онлайн форматта қатысқан «FUTURK» Түркітілдес елдерінің креативті индустрия қауымдастығының төрайымы Эльмира Сәрсеналиева Түркістан қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жұмысымен таныстырды.

«Мемлекет басшысы айтқанындай, Түркістан – тек мәдениеттің ғана емес, экономиканың да өзегіне айналуы тиіс. Осы мақсатта қауымдастық құрылып отыр. Аталған алаңда алдағы уақытта түркі халықтарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасады. Бұл – түркітілдес елдердің талантты жастарына қолдау көрсететін ұйым болмақ. Қауымдастықтың миссиясы – түркі халықтарына ортақ мәдени, туристік, ақпараттық орта қалыптастыру. Бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау» деді Эльмира Әлімжанқызы.

Брифингке қатысқан Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков жастарды қолдауға арналған жобалармен таныстырды.

«Облысымызда креативті жастарды, жобаларды қолдау бойынша облыс әкімдігімен бірлесе отырып, бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, бастауыш және кіші кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бар. Елімізде алғаш рет бастау алған жоба өңіріміздің ірі, орта кәсіпкерлерінің инвестицияларын және микробизнесті, креативті жастарымызды, стартаперлерді, «Бастау Бизнес» түлектерін нақты қолдауға бағытталған. Креативті жас кәсіпкерлеріміз инвестиция және менторлар үшін күресте өздерінің бизнес-идеяларын таныстырып, нәтижесінде 8 жоба таңдалған болатын. Осылайша, креативті жобаларды қолдап, дамыту – олардың шығармашылық қуатын оятуға мүмкіндік беретін өңіріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жасалған маңызды қадам деп есептеймін» деді Тимур Арсенұлы.

 

Пікір қалдырыңыз