Бағаны қымбаттатпау жөнінде уағдаласты

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен өткен мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу мәселесі қаралды.

Аталған жиынға облысымыздағы азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасуына тікелей әсер ететін ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сауда үйлерінің иелері, наубайхана, базарлардың басшылары қатысты.

Жиын барысында Мейіржан Иябайұлы үстіміздегі жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалардың бірқатар аудан, қалаларда 15%-дан өскенін атап өтті. Әсіресе, бірінші санатты жұмыртқа (+19,9%) мен күнбағыс майының (+21,7%) қымбаттағаны алаңдатады.

Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы жұмыртқа өндіруші кәсіпорынның бірі – Кентау қаласына қарасты «Яссы құс» ЖШС жыл басында С1 санатты тауық жұмыртқасының 1 данасын 44 теңгеден босатса, бүгінгі таңда бағасы 38 теңгеге төмендеп, яғни 6 теңгеге арзандағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, жуық арада қажетті 357 тонна күнбағыс майын тұрақтандыру қоры арқылы сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктері мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастырумен мереке және демалыс күндері халыққа тиімді бағада жәрмеңке өткізілуде. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі супермаркетте күнделікті ұн – 130 теңге, қант – 205 теңге, картоп – 89 теңге, сәбіз – 76 теңге, пияз – 56 теңге, рожки – 186 теңге, күріш – 245 теңге, тұз 43 теңгеден сатылып жатқанын хабарлады.

2021 жылға егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамдық егіс құрылымына сәйкес, кеш пісетін картопты – 7,1 мың гектарға, қырыққабатты – 2,9 мың гектарға, пиязды – 2,0 мың гектарға және сәбізді 1,5 мың гектарға егу жоспарланған.

Өндірілген өнім көлемі өңірлік тұрақтандыру қорын толықтыру үшін сатып алынатын болады.

Ал, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің мәлімдеуінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз өсірген бірқатар тауар өндірушілерге нұсқамалар таратылды. Нұсқама орындалмаған жағдайда қолданыстағы заң шеңберінде тергеп-тексеру жұмыстары басталатыны баяндалды.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Түркістан» ӘКК АҚ-на, аудан, қала әкімдеріне облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында «Айналмалы схема» аясында несиелендіру жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын (бар-жоғы 115 млн. теңге берілген), сонымен қатар, тауарлық интервенция жүргізу, тұрақтандыру қорында азық-түлік тауарларының қорын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жеткіліксіз екенін ескертті.

Осыған орай «Айналмалы схема» аясында сауда үйлері мен тауар өндірушілерге несие беру мәселесін одан әрі пысықтауды, апта сайын тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды, азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген өндіруші кәсіпорындар мен жеткізіп беруші кәсіпкерлер бойынша нақты жұмыстар атқару туралы тиісті тапсырмалар берді.

Бағаның негізсіз өсуіне жол берген облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері жеке жауапкершілікте болатындығын ескертті.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары облыс аумағындағы бірқатар ірі тауар өндірушілермен – «Яссы құс», «Асан-ата», «Береке» ЖШС-терімен меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес тауар өндірушілер облыстың ішкі нарығындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатпау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.

 

 

Пікір қалдырыңыз