ҚазМУ-дің бренді – Жолдасбеков!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ұшар басы қашан да аппақ мұнар оранып тұратын Алатау баурайындағы ару Алматыға жол түскен сайын Тимирязев көшесімен жүріп өтуге тырысатынымыз бар. Бұл бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген бүкіл қазақ зиялыларының өткен күндерге сағынышы шығар, бәлкім. Есентай өзені мен Ботаникалық бақ арасындағы «КазГУград» біз үшін Ленинградыңыздан кем емес.

Иә, екеуі де – ғылым мен білімнің ордасы. Әйткенмен, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, республикамыздың еңбек сіңірген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі, механизмдер мен машиналар теориясы және робот-техникалар жүйесі механикасының әлемдік деңгейдегі маманы Өмірбек Жолдасбековтің есім-сойы біз үшін қашан да ыстық әрі жүрегімізге жақын болатын.

Қазіргіні білмейміз, сол жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсу арман һәм абырой еді. Бүгінде жоғары деңгейлі мектептерде қолға алына бастаған құлтемір құрастыру, оны өндіріске кеңінен пайдалану ҚазМУ-ді Ө.Жолдасбеков басқарған өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында-ақ қолға алынған болатын. Сол кездің өзінде-ақ робот жасау орталығы құрылып, бүгінде инновация деп дабырайтып жүргеніміз Қазақ университетінде қолға алынып үлгерілген еді. Өмірбек Арысланұлы әсіресе, машина жасау ісіне ерекше ықылас танытты. Машина жасау ісі дәл сол қарқынмен дамығанда бәлкім қазақстандықтар бүгінде шетелдік автокөліктерге көз сүзіп отырмас па еді деп те ойлаймыз.

Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Өмірбек ағаның әр күні арқадан ащы тер сыпырылған ауыр күндерге толы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Иә, өмірде Толағайдай тау көтеріп жүрсе де мұнысын ешкімге міндет етпейтін, тіптен жария етуге жан-тәнімен қарсы адамдар болады. Өмірбек ағаның өткен өмір өрнектеріне үңілгенде біз сол Толағайдың кейпін танимыз. Мінекейіңіз, ол 1973 жылы университетте бір күнде үш кафедра (табиғат қорғау, биофизика, микробиология) ашып, ерлік жасаған адам! Сол кездің өзінде ғалым осы мамандықтардың аса зәру екенін білген ғой. Мұны көрегендік демей көріңіз. Бұл – бір. Екіншіден, ғұлама ғалым 1982 жылы механика және машина жасау институтының іргетасын қалады. Мұнан соң ол Қазақстанда Ұлттық инженерлік академиясын құрды. Осы академияның бірінші президенті болды.

Шегініс жасап айталық, академик Төлеген Тәжібаевтың қолынан жолдама алып, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түскен Өмірбек аға өзіне Социалистік Еңбек Ері, КСРО Ғылым Академиясының академигі И.Артоболевскийдей ұстаз тапты. Иван Иванович шәкіртінің бойынан ғылымға, оның ішінде механика саласына деген ынтаны жазбай таныды. Кейін Өмірбек аға ұстазының ғылыми мектебі арқылы Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясы мектебін қалыптастырды. Мектеп қабырғасында «Жас ақын» қабырға газетінің редакторы болған ол А.Пушкиннің өлеңдерін қазақшаға аударуға әуес-ті. Сондай-ақ театр үйірмесіне қатысып, А.Фадеевтің «Жас гвардия» романы бойынша спектакль қойып, басты рольді ойнаған ол жаңа ортаға тез бейімделіп кетті. 1951 жылы Мәскеуде самбодан спорт шебері атанды. Самбо күресінің негізін қалаушы Харлампиевтің алғашқы шәкірттерінің бірі болды.

Иә, ғылымда даңғыл жол жоқ, сондықтан оның қия шыңына шаршап-шалдығудан қорықпайтын, оның соқтықпалы соқпақтарымен тырмысып өрлей беретін адам ғана шыға алмақ. Ө.Жолдасбековтің ғылымдағы жолы бір кітапқа жүк боларын ескеріп, осы арадан тоқтағанды құп көріп отырмыз. Оның үстіне талантты ұйымдастырушы, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз Өмірбек ағаның ғылымдағы сара жолымен көзіқарақты оқырман да қанық болар деген қорытындыға келіп отырмыз.

Өмірбек Арысланұлы жайлы сөз болғанда көбірек айтылатын жәйт – ҚазМУ-дегі Студенттер қалашығының бой көтеруі. Бұл өзі Алматы қаласы тарихының өшпес бір парағы да іспетті. Бүгінде оның замандастары Өмекеңнің осы құрылысқа бар күш-жігерін салғанын аңыз етіп айтады. Үлкен ғалым болғасын әлемдегі түрлі ғылыми симпозиумдерге, ғылыми-өндірістік конференцияларға жиі қатысады. Мұндайда ол ұшақтан түсе салып әуелі құрылыс басына барады екен. Құрылыс қарқынын көзбен көріп, көңілі орныққан соң ғана үйіне қарай аяңдайды екен. Құрылысшылармен сөйлесіп, не керектігін қойын дәптеріне жазып алып, ертесіне іздеуге шыққан күндері де болыпты.

ҚазМУ қалашығын салу жөнінде әңгіме он жылға созылып, тек Ө.Жолдасбеков тұсында ғана қолға алынуының да өзіндік сыры бар. Өмекең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен тіл табыса білген. Бірінші хатшыға университеттің болашағы жөнінде жан-жақты түсіндіреді. Табандылықпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде КСРО Жоспарлау комитеті ҚазМУ қалашығын салу жөніндегі шешімге келіседі.

Ол механик-математик қана емес, алғыр архитектор, білікті құрылысшы ретінде де ерекшеленеді. Бірде ол университет ғимаратының бір қабырғасын бұздырып, басқаша жасауға бұйрық береді. Трест басшылары университеттің сызба жобасын Мәскеудің жобалау институты жасап, бекітілгенін алға тартады. Жобадан ауытқу ол кезде бастан айырылумен тең. Алайда, студенттердің кең де жарық, ыңғайлы аудиторияларда отырып дәріс тыңдауын ойлаған Өмекең кейін өкініп қалмау үшін осындай батыл-батыл қадамдарға барады.

Бірде Өмекең ҚазМУ-дің бас ғимаратындағы лифтіге мінсе, салдыр-гүлдір етіп әзер көтеріліп, түседі екен. Мұны көрген ол Д.Қонаевқа барып, университет ғимаратының құрылысымен танысып қайтуға шақырады. Өмекең бірінші хатшыны жоғарыға лифтімен көтереді. Сосын «көрдіңіз бе, Димаш Ахметұлы, лифт сақырлап тұр. Сенімсіз. Ертең бұған студенттер мінеді. Сонда үзіліп кетпесіне кім кепіл? Лифтіні финдер жақсы шығарады. Солардан алдырсақ қайтеді?» дейді. Түрлі кедергіге қарамастан лифт Финляндиядан алдырылады. Оның игілігін студенттер мен ұстаздар күні бүгінге дейін көріп келеді.

Тәлімді де тәжірибелі ұстаз «Университетстрой» құрылыс-монтаждау басқармасын, кейіннен студенттердің құрылыс отрядын құрып, күні-түні тынымсыз еңбек етті. Тау бөктерінен бой көтерген соңғы үлгідегі бес және тоғыз қабатты жатақханаларға былайғы жұрт тамсана қарады. Өмекеңнің сол жылдардың өзінде студенттерге барлық жағдайды қарастырғаны байқалады. Әр бөлмеде жуынатын бөлмеге дейін қарастырылған. Алғашында тоғыз қабатты жатақхананың бірі жұмысшыларға уақытша берілді. Бұл жұмыс қарқынын еселеуге ықпал етті.

Ректор студенттерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына темекі алқабына жіберуге үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені, темекіден қышыма шығып, түрлі ауруларға шалдыққан студенттер көбейіп кетті. Бұдан былай студенттер алма жинауға аттанатын болды. Ал, арада көп жыл өткен соң Өмекең ҚазМУ-дің ректоры болғанда «Біз» атты театрдың негізін қалады. Осы театр Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясын Өмекеңнің айтуымен сахналады.

Күндестік пен көреалмаушылықтың кеселді кесірі Өмекеңнің де аяғынан шалды. Мәскеуге домалақ арыз қарша борады. «Ойбай, несін айтасың, Өмірбеков құрылысқа бөлінген қаржыны жеп қойды», «Бір емес, екі «Волга» алды», «Параға алған қаржысына алтын тіс салдырды», «Ыстықкөлдің жағасында өзіне арнап саяжай ашты», «Польшадан әкелінген 200 мың сомдық жиһазды үйіне әкетті» деген сияқты кілең жалаға құрылған арыз Мәскеу билігін де дүрліктірді. Осы арыздарға байланысты Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен бастап көптеген дүмді де дауылды мекемелер Өмірбеков ісін індете тексерді. Жүйкеге салмақ түсірген құйтырқы сұрақтар, күдіктене қарайтын шапыраштанған көздер оны әбден мезі етті. Алайда, әлеккедей жалаңдап келген тексерушілер түк таппай аһ ұрды. Ең соңында Польшадан алдырылған мебельді іздеттіріп еді, ол барлық декандардың кабинеттерінде болып шықты. Мебель бөліктерін жинаттырғанда комиссия іздеген дүние бүтін күйі көз алдарында тұрды.

Әйткенмен, өшпенділік өрті әлі өшпеген еді. Желтоқсан оқиғасы бұрқ еткенде «көтеріліске ҚазМУ-дің студенттері көп қатысқан, «оқуға қазақтар көп қабылданған» деген желеумен партия қатарынан шеттетіліп, қызметінен босатылды. Тіпті, оған кафедра меңгерушілігін қимады.

Қызметтен босап қалған Өмекең еңсесін түсірген жоқ. Ол академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғылым майданының қатардағы жауынгері, тек үнемі іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі» деген сөзін үнемі жадында ұстады. Үйде отырған екі жылында 10 монографиялық еңбек жазды. Механика және машинатану саласы бойынша терминологиялық сөздік дайындады. И.Артоболевский сынды академикті алға салып, 1981 жылдың өзінде КСРО Ғылым Академиясының академигі А.Лаврентьевті иландырып, Алматыда теориялық және қолданбалы механика саласының Бүкілодақтық V съезін өткізген оны әлем ғалымдары мойындайды. Сондықтан да ол Шухов атындағы халықаралық алтын медальді иемденді. Айта кетейік, механика және машинатану бойынша ең үлкен сыйлық та, атақ та осы. Бұл салада Нобель сыйлығы жоқ.

Ал, айбарлы ағамыздың филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы Мая Мұхаммедәлиқызы Бағызбаевамен өткерген өмірі отбасылық тәрбиенің өшпес өнегесі.

Бүгінде өзі еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі Студенттер сарайы Өмірбек Жолдасбеков атында. Нұр-Сұлтан қаласындағы бір көшеге, Шымкенттегі №9 мектеп-лицейге ғалым аты берілді.

Толағай тектес тұлғаның елге, ұлтқа, мамандыққа, достыққа деген адалдығы оны жоғарыдағы жарық жұлдыздар арасынан үнемі ерекше жарқыратып көрсете береріне кәміл сенеміз.

 

 

Пікір қалдырыңыз