Қол жеткен жетістіктер, алдағы міндеттер айқындалды

Облыс әкімінің есептік жиынын тыңдаған 100 мыңға жуық адам өздерін толғандырған сауалдарға тұшымды жауап алды.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің есептік кездесуі Түркістан облысы әкімдігінің YouTube каналы мен ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн режимде көрсетілді. Тікелей эфирді 100 мыңға жуық адам тамашалады. Әлеуметтік желіде байланысқа қосылған 20 мыңнан астам көрермен куә болды. Түркістан облысы әкімдігінің YouTube каналын бір мезетте 5 мыңға жуық азамат тыңдады. 3 мыңдай хат түсті.

Бұдан өзге, тұрғындар облыс әкіміне тікелей сауал қойды. Шара барысында карантин талаптары толық сақталды. Барлық аудан, қалалардың тұрғындарына облыс әкіміне тікелей ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарын қою мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Интерактивті онлайн-режимде қосылған халықтың өтінім-ұсыныстарына заң аясында жауап беріледі.

Түркістандықтар жолдардың жаңаруы мен ауылды жерлерді мекен еткен тұрғындардың сапалы ауыз су мен табиғи газбен қамтылуы жайлы сұрады. Медицина, мәдениет пен туризм саласының дамуына қатысты сауалдарын қойды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайлар мен Мақтаарал апатының қысқа мерзімде қалпына келтірілуіне алғыстарын жеткізді. Халқымыздың біртұтас ел екендігін дәлелдеген оқиғаны еске алған облыс басшысы, апаттың салдарын жоюға атсалысқан барша халыққа алғысын айтты.

Облыс әкіміне Түркістанда жаңадан ашылатын телеарнаның болашағы туралы сауал қойылды.

«Елбасының идеясына, жобасына байланысты Түркістан түркі әлемінің рухани орталығына айналуда. Түркістанда көптеген БАҚ ашылып, қанат жаяды. Осының бәрін ескеріп, біз жаңа Turkistan телеарнасын құруды қолға алдық. Жаңа телеарна медиахолдинг қарамағында дамиды. Журналистер қауымы үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Орталық заманауи техникамен толық жабдықталған. Үлкен жұмыс басталып кетті. Turkistan телеарнасы халық­аралық деңгейде дамиды деген ой бар. Жақын арада ашылатын телеарна, түркітілдес елдер тілінде ақпарат тарататын бірден-бір арна болмақ» деді облыс әкімі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз