Ынтымақтастық нығаяды

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа жылдан бергі жұмысында соны серпіліс пен тың жаңашылдыққа талпыныс байқалады. Исамудин Рысбаев басқаратын қоғамдық ұйым жыл бойы түрлі пайдалы іс-шараларды карантин талаптарын қатаң сақтай отырып өткізуді жоспарлады.

Жуырда ОҚУ-дың мәжіліс залында өткен қалалық кеңес пен бірқатар салалық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі осының бір айғағы. Қалалық ардагерлер кеңесі және қалалық полиция департаменті, сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, теміржол, білім беру салалары, ауған соғысы, жергілікті соғыс ардагерлері кеңестерінің төрағалары қатысқан меморандумның басты мақсаты тараптардың ортақ мүдделері аясындағы өзара іс-қимылын ынтымақтастық негізде қамтамасыз ету болып табылады. Өзара іскерлік байланыс орнату, қарым-қатынас тиімділігін арттыру, ортақ іс-шараларға бірлесе атсалысу, еңбек ұжымдарында бастауыш ардагерлер ұйымдарын ашу, қарттардың тұрмыс сапасын, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға кедергі жайларды анықтап, жою жөніндегі кешенді шараларды қабылдауды ұсыну, атқарушы билік органдарына ардагерлердің, ең әуелі әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың өзекті мұқтаждықтарын шешуді талап ету, міне, мұның бәрі ардагерлер кеңестерінің алда атқаратын міндеттері болып саналады.

Меморандумға қатысушы тараптар алдағы кезде өзара ынтымақтастық арқасында жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

Ертай БЕКҚҰЛ. Суретте: меморандумға қол қою сәті.

 

 

Пікір қалдырыңыз