Өңір экономикасында өсім бар

Түркістан жұртшылығы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің өткен жылы атқарған жұмысына оң баға берді

Жұма күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында қорытынды есеп берді (Есепті баяндаманың тезистері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 9 ақпан күнгі №20 санында жарияланды). Конгресс-холл сарайында өткен жиынға облыстық мәслихат депутаттары мен өңірдегі зиялы қауым өкілдері, көкейдегі сауалдарын қоюға келген өңір тұрғындары қатысты. Биылғы жылдық есептің ерекшелігі сол, карантиндік шектеулерге байланысты аудан, қалалардағы тұрғындар әкім есебін онлайн режимде тыңдауға мүмкіндік алды.

 

703,3 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 535,2 млрд. теңге болды. Облыста 258 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 3,5 пайызға артты. Биыл бұл көрсеткіштерді айтарлықтай арттыру көзделген.

Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 14 мыңға өсті. Осы салада 218 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл секторда 555 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 15,6 пайызға ұлғайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд.теңгені құрайтын 287 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылды. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш.

Бизнес ахуалды жақсарту мен қолдау мақсатында облысымызда «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылып, жұмыс істеуде.

Алдағы наурыз айында «Түркістан» индустриалды аймағында Қазақстан және Өзбекстан елдерінің бірлескен жобасы – «Turkistan Textile» БК» ЖШС-нің тігін фабрикасы пайдалануға берілмек. Жобаның құны – 400,0 млн. теңге. 600-ге жуық жұмыс орны ашылып, жылына 180 мың дана тігін өнімдерін шығарады.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЖЕТЕКШІ САЛА

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен жылы өнім көлемі 729,7 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға 58 млрд. теңге инвестиция тартылып, 13 пайызға артты. Республикадағы үлесі 10,1 пайызды құрады. Өңделген өнім экспортының көлемі 105,1 млн.АҚШ долларына жетті. Оның ішінде республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1-орында тұр.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге жеке тоқталды. 848 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 19 мың гектарға артты. Мал мен құс басы және өнімділік орташа есеппен 6-7 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн. 429,4 мың теңгені құрап, 17 пайызға артты.

Бұдан бөлек, «Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде.

 

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

«Облыс аумағында құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 65,8 пайызға артып, 300 млрд. теңгені құрады. Елімізде өзекті болып отырған баспана беру мәселесіне басым назар аударылуда. Осыған орай, жылдың қорытындысымен нақты 735,5 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, тапсырма 18,6 пайызға артығымен орындалды» деді облыс әкімі.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облысқа жалпы 13,5 млрд. теңге бөлініп, 336 жоба іске асырылды. Облыста 11 мектеп, 2 балабақша, 3 денсаулық сақтау, 1 спорт, 2 мәдениет, 9 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша нысандар және 474 шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл 116 жобаны іске асыру жоспарланды» деді облыс әкімі өз сөзінде.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 54 нысанның құрылысына 18,3 млрд. теңге қарастырылып, 28 нысан пайдалануға тапсырылды. 423 елді мекен немесе 1 млн. 274 мың тұрғын табиғи газбен қамтылды. Биыл 24 нысан пайдалануға беріліп, 434 елді мекен табиғи газбен қамтылатын болады.

 

АНТИКРИЗИСТІК КАРТА ЖАСАЛДЫ

Облыс басшысы жаһан жұртын құрсауына түсірген пандемия кезінде орын алған Мақтаарал оқиғасын еске алды.

«Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бұл халқымыздың біртұтас ел екендігін дәлелдеді. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысты. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аудандағы елді мекендер одан әрі көркейіп, жаңа келбетке енді. Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдай тұрақты» деді Өмірзақ Естайұлы.

Соңғы жылдары орын алған апатты жағдайларды негізге ала отырып, ел аумағында тұңғыш болып Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша антикризистік карта жасалды.

Облыс әкімдігі жанынан құрылған ситуациялық орталық пен облыстық ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса орын алуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.

 

БІЛІМ САЛАСЫН ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР

Пандемияның білім саласына тигізген әсері  бүкіл білім жүйесі үшін ауыр сынаққа айналғанын айтқан облыс әкімі ел алдында берген есебінде барша ұстаздар қауымына, ата-аналар мен оқушыларға алғысын білдірді. Адамзаттың алғаш рет бетпе-бет кездескен мұндай жаһандық қиындықтың уақытша құбылыс екенін, қауіпті індеттің алдын алып, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім берудің дәстүрлі қалпына оралу үшін барлық жағдайдың жасалатынын айтты.

«Білім беру саласын биыл ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Осы жылы 17,1 млрд. теңгеге 49 мектептің құрылысын жүргізу, оның ішінде 11 мектепті жаңадан салу жоспарланды. Мектепке дейінгі ұйымдарды 1 436-ға жеткізіп, «Жас маман» жобасы бойынша 7 колледжге 2,1 млрд. теңге бөлінеді. Мектеп оқушыларын қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында балалар компьютер құралдарымен толық қамтылды. Үкімет резервінің қаржысына 7 711 планшет, 6 мыңға жуық компьютер, 43 527 ноутбук, барлығы 57 190 (100 пайыз) компьютер сатып алынып, аудан, қалаларға таратылып берілді» деді облыс әкімі.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӘЛЕУЕТТІ

Сонымен қатар облыс әкімі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша жасыл аймақта орналасқан. Бүгінгі таңда облыс бойынша 610 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Егер індет өршіген жағдайда инфекциялық төсек-орын санын 5610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Түркістан қаласында 200 орынды жаңа үлгідегі көпсалалы медициналық орталық пайдалануға берілді.  Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторларымен Түркістан қаласында 100 төсек-орынға арналған «Ана мен бала» орталығының  құрылысын іске асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп, оң нәтижесін тапты. Жоба келер жылы пайдалануға беріледі, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд. теңге бағытталды. Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау және жедел жәрдем қызметін  күшейту міндеті қойылды.

Облыстағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда демеу үшін атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 88 мың адам жұмыспен қамтылды.

 

ТҮРКІСТАН КӨРКЕЙЕ ТҮСЕДІ

«Түркістан өңірінің   әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өз жалғасын тауып, Түркістан қаласының көркеюіне бар ынтамыз бен күш-жігерімізді саламыз» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік кездесуінде.

Өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі жоба Түркістан қаласының халықаралық әуежайының құрылысын атап өтуге болады. Түркістан халықаралық әуежайы былтыр еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен техникалық тұрғыда іске қосылып, 1 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы әуе рейсі ұша бастады.

Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, облыста алғаш рет 77000 гектар аумаққа жасыл белдеу құрылып, өткен жылы 2400 гектар аумаққа 1 млн.-нан астам көшет отырғызылды. Жоспарланған меже биыл толығымен іске асады.

 

ӘЛЕМДІК ТУРИЗМ ОРДАСЫ БОЛАДЫ

Түркістан қаласында туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Облыс әкімі биыл туристер ағыны мен келушілер саны 2 миллион адамға дейін артатынын айтты. Осы жылы «Керуен Сарай» туристік кешені ашылып, «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылады. Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржол жобасы жүзеге асады.

«Туризмді халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақты келісімге қол қойылды. Биыл Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржолдың жобасы жүзеге асырылатын болады. Бұл жобаны іске асыру екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң әсер береді» деді облыс әкімі.

 

САММИТКЕ ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

«Халқымыз үшін елеулі оқиға орын алғалы тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, наурыз айында Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу үшін дайындық жұмыстары басталды. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» деп атап көрсеткендей, баршаңызды облысымыз бен Түркістан қаласын қайта түлетіп, дамуы үшін өз үлестеріңізді қосуға шақырамын» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдында берген есебінде.

Сондай-ақ, өңір басшысы түркістандықтарды жаңа Сауран ауданының құрылуымен құттықтады.

Бүгінгі таңда заң талаптарына сай тиісті құжаттар ресімделуде. Қорытынды құжаттар Үкімет пен ҚР Президентінің қарауына енгізілетін болады. Сауран ауданын 2021 жылы Наурыз мерекесі қарсаңына қарай құру жоспарлануда.

Баяндамадан соң өңірдегі түрлі саланың өкілдері жарыссөзге шығып, өздерін толғандыратын сұрақтарын ортаға салып, атқарылған жұмыстар аясында жекелеген пікірлерін білдірді. Еңбек ардагері Исмат Тұрсынқұлов суармалы егістік көлемін ұлғайту мәселесін көтерсе, облыстық мәслихат депутаты Рабиға Қуатбекова ауыл мұғалімдерін қайта даярлаудан өткізуді облыс әкімінің назарына ұсынды. Ал, Түркістан қаласының құрметті азаматы Оразгелді Егізбаев Иқан және Шаға су қоймаларын қайта жаңартуды қолға алуды өтінсе, «Нұр-Әлем» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектай Орманов ауыл-аймақтардағы интернет мәселесін көтерді. Облыс басшысы әрбір мәселеге алаңдаушылығын білдірген тұрғындарға алғысын айтып, аталған мәселелерді назарға алатынын жеткізді. Осылайша өңір жұртшылығы Өмірзақ Естайұлының 2020 жылы атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, Баян ДАРҒОЖИНА. «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз