Ішкі мәдениетіміз қандай?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Небір мың түйінді даудың өзін дуалы сөзімен тоқтатқан, қараулықпен қарсы келгендердің қара тілін қарға адым ұзатпай қанатты мақал-мәтелмен қазықбау шалып матап тастаған қазағымның шешендігі мен көсемдігіне қашаннан қайран қалып келеміз. Сол қазақ «бұлақ басынан тұнады» деп бір қайырады. Артынша «балық басынан шіриді» деп кіжінеді. Күйінеді. Неге?

Бұлақтың басы былғанбаса, соңы лайланбайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бірақ, бізде бұлақтың басында отырғандардың әлденені бүлдіретіні несі? Содан да барып төмендегілер лай су ішеді. Ауырады. Жоғарыдағыларға жұдырық түйеді.

Бүгінде сөзі басқа, ісі бөлек кеудемсоқтар көбейді. Айтқандары адамгершілік мәселесі, жүріп өткен жерлеріне жуа өспейді. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ». Әлгілердің иненің жасуындай кемшілігін айта қалсаңыз, ер-тоқымын бауырына алып тулайды. Осыдан барып қара халық аз сыбағасынан үнемі құралақан қалып жүр. Мысал ма? Одан енді ұялмаймыз. Үлкен-кішілі мінбелерде мығым сөйлеп, мұздай боп тұратын дөкейлердің ауыздарынан «бәрін халық үшін жасап жатырмыз» деген сұлу сөздерін ести-ести құлағымыз сарсылды. Осы уәж рас болса екінің бірі май асап, жілік мүжіп отырмас па еді дейді бір ойымыз. Сондықтан мінбелерге шықса қайда тұрғанын ұмытып кететін көкелерге айтарымыз, аттың басын тарта ұстаған абзал-ау, сірә.

Байқампаз бабаларымыз балықтың басынан шіритінін қалай аңғарған десеңізші?! Көпке топырақ шашқымыз келмейді, бірақ шырқау шыңға шығып алған бірқатар шенеуніктердің шылықтары мен былықтары атан түйеге жүк болатыны жасырын емес. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері мен ескертпелеріне жүгінбей-ақ қоялық. Онда тым ұзап кетеміз. Сонда бұл «балықтардың» былыққа бата беретіні қалай? Жебірлер мен жемқорлар жайлаған жерде қоғам оңала ма? Оңалмайды дейсіз бе? Онда бұлармен күресудің жолы қайсы?

Қарап отырсаңыз жемқорлықпен ұсталғандардың көбі сұлу торы аттай. Сыртқы көріністеріне, жүріс-тұрыстарына, сөздеріне мін таға алмайсыз. Бәрі шетінен отаншыл, халықшыл, ұлтшыл. Сөйте тұра өз елінің мүлкін жымқырады. Сырты жылтырақ, іші қалтырақ осындайлардың көпшілігі «тек мен ғана», «тек менікі дұрыс» деген қағидасына берік.

Талас жоқ, жүрген адам ғана сүрінеді, сөйлеген адам ғана жаңылады, әлдене жасап жүрген адам ғана қателеседі. Бірақ, сүріну барда құламай, тұрып кету бар. Ауыздан шығып кеткен сөзді кері қайтарып алу бар. Жасаған тірлігіңіз қисайса, оны түзетесіз. Десек те, бұл ар алдындағы адал жандардың ғана қолынан келеді.

Ар азабы! Одан қалай құтылуға болады? Біздіңше, одан құтқаратын бірден-бір жол – ішкі мәдениет. Ішкі мәдениетіңіз мінсіз болса, адами қалыптан ауытқымағаныңыз. Әртүрлі ұстаным, әртүрлі көзқарас, әртүрлі мінез болуы – табиғи үрдіс. Соның ішінде ұстамдылық, парасаттылық, имандылық, салмақты мінез – ішкі мәдениетіңіздің басты көрінісі, белгісі. Ішкі мәдениет дұрыс қалыптаспай, сыртқы сықпытыңыз сұлу болмақ емес. Білімділік, шешендік, сыртқы сырбаздық мәдениеттіліктің толық жиынтығы емес.

«Ішкі мәдениет – адам болмысының айнасы» дегенді қай данышпан айтқаны есіме түспей тұрғаны. Жә, оны қай данышпанның айтқаны маңызды емес. Мәселе данышпансып кеткендердің көбейіп кеткенінде болып тұр ғой.

Айтқандай, сіздің ішкі мәдениетіңіз қандай еді?..

 

 

Пікір қалдырыңыз