Биыл – Бірқазан жылы

Аспан аруы – құстарды аялау үшін, қорғау үшін «Жыл құсын» таңдау дәстүрге айналған. Қазақстандағы биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы еліміздегі құстарды қорғау одағымен бірлесіп, биылғы жыл құсы деп бірқазанды таңдап алды. Шараның басты мақсаты – жойылып бара жатқан қанаттыларға адамдардың назарын аудару, сол арқылы оларды сақтап қалу.
Бірқазан да жыл құстарына жатады. Наурыз айында ұшып келіп, өсіп-өнеді. Қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді. Жерорта, Каспий теңіздерінің оңтүстік жағалауында, Оңтүстік Азияда қыстайды. Судың тереңірек жеріне салған көлемді ұясына 1-5 жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені жұптасып басады да, 30-35 күнде балапандарын өргізеді. Арада 70-75 күн өтісімен балапандар ұядан ұшады. Бірқазан 3-4 жасында жұмыртқалай бастайды. Олар саны аз құс болғандықтан Қорғалжын және Наурызым қорығында және Сарықопа, Торғай қорықшаларында қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Ұлттық паркте жыл сайын «Парктер шеруі» табиғат қорғау іс-шарасы ұйымдастырылып, флора мен фаунаны қорғау, сақтау, сұғанақтыққа қарсы күрес шаралары жүргізіліп, халыққа үгіт-насихат арқылы түсіндірілуде.
Қалжігіт ҚАЛЫБАЕВ, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері.