Америка, демократия және Трамп трагедиясы

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Дональд...

Күні кеше ғана демократия іздеп, «демократияның Отаны» Америкада өткен наразылық шерулері бүкіл әлемді таң қалдырды десе де болады. Осы наразылықтарға орай АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы 11 қаңтарда президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы хаттама мәтінін ұсынды. Құжатқа сәйкес, Трамп «бүлік ұйымдастырмақ болып, АҚШ пен өкімет институттарының қауіпсіздігіне қауіп төндірді» деп айыпталып жатыр. «АҚШ президенті Дональд Трамп Капитолийді басып алуға итермелеп, елге қарсы аса ауыр қылмыс жасады, ол бұдан былай бір күн қызмет етпеуі керек және биліктен кетуге лайық» деп жазылды АҚШ Өкілдер палатасының заң комитетінен демо-краттар дайындаған импичмент туралы материалда.

Өкілдер палатасының процедуралық комитетін бақылайтын демократтар осы сәрсенбіде палатаның жалпы отырысында президент Дональд Трампқа импичмент жариялауға қол жеткізді. Комитеттің жеті мүшесі жақтап дауыс берді, төртеуі қарсы болды. Трампты қызметінен кетіру үшін сенаторлардың дауыстарының үштен екісі қажет, бірақ олар әлі жиналған жоқ. Сонымен қатар, Сенат Трамптың 20 қаңтарда отставкаға кетуіне дейін айыптауларды қарап үлгермеуі де мүмкін.

Ал, АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс жазбаша түрде Конгрестің өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосиге президент Дональд Трамптың мемлекет басшысының міндеттерін орындай алмағаны үшін АҚШ Конституциясына 25-ші түзету енгізу арқылы шеттетілуіне қарсы екенін хабарлады. «Президенттік мерзімінің бітуіне небәрі сегіз күн қалғанда, сіз және демократтар фракциясы маған және министрлер кабинетінен 25-ші түзетуді қолдауды талап етіп отырсыздар. Мен мұндай әрекеттер біздің еліміздің мүдделеріне немесе біздің Конституциямызға сәйкес келмейді деп ойлаймын» делінген Ақ үй таратқан Пенстің хатында. Пенс Конгресті қоғамды одан әрі бөлетін немесе қарама-қайшылықтың өсуіне әкелетін әрекеттерден аулақ болуға шақырды. «Жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясына дайындық кезінде қызуқандылыққа салынбай, елімізді біріктіру үшін бірге жұмыс істейік» деді Пенс билікті бейбіт жолмен беру процесіне ықпал етуге уәде беріп.

Оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай: Дональд Трамп Вашингтонның ортасында мыңдаған адам жиналған митингте сөз сөйлеп, өз жақтастарын наразылық ак-циясына шығуға шақырып, жеңілгенін мойындамайтынын мәлімдейді. Шеруден кейін бір топ адам Конгресс ғимараты – Капитолийге басып кіріп, салдарынан 5 адам қаза тапқан болатын. Осыдан кейін бүкіл Америка дүрлігіп кетті. Американың бұрынғы президенттері Барак Обама, Джордж Буш, Билл Клинтон және өзге саяси элита бұл оқиғаны жиіркенішті әрекетке балады. Ақырында Дональд Трамп президенттік құзыретті Джо Байденге тапсыруға келісті. Осылайша, Джо Байден ресми түрде Американың 46-ыншы президенті атанды. Ұлықтау рәсімі 20 қаңтарда өтеді деп жоспарланып отыр. Енді билік ұлықтау рәсімі кезінде тағы да келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін қауіпсіздікті күшейтуде. Трамптың аккаунты бұғатталды. Әлеуметтік желілер арқылы жақтастарын үгіттемеуі үшін ол Фейсбук және Instagram-дағы парақшаларын ұлықтау рәсіміне дейін қолдана алмайды.

Өзі орын алған оқиғаның негізгі кейіпкері бола тұра Дональд Трамп: «Мен Капитолийге жасалған сұмдық шабуылды айыптаймын. Америка үнемі заң мен тәртіпке берік мемлекет. Капитолийге басып кірген бұзақылар америкалық демократияны аяққа таптады. Олар тиісті жазасын алады. Менің командам сайлаудың қорытындысын тек заңды жолмен қайта қарауға күш салды» деп мәлімдеді өзінің халыққа жолдаған бейнеүндеуінде. Кінәлілердің барлығы жауапқа тартылатындығын баса айтты. Алайда, құқық қорғаушылар «Трамп мырзаның өзі заң алдында жауап беруі мүмкін» деп отыр. Енді тергеу барысында Ақ үйдің қазіргі басшысының тәртіпсіздіктерге қатысы бары дәлелденсе, оған айып тағылуы мүмкін екендігін айтады сенімді ақпарат көздері.

20 қаңтарда экс-президентке айналатын Дональд Трамп – американдық белгілі миллиардер-кәсіпкер. 2016 жылдың қараша айында өткен сайлауда 70 жастағы Дональд Трамп бәсекелесі – 69 жастағы Хиллари Клинтонды жеңіп, АҚШ-тың 45-ші президенті атанды.

Президенттік тақ миллиардердің байлығына әсер етпей қалған жоқ. Forbes хабарлағандай, 2020 жылы оның байлығы 600 миллион долларға азайды. Егер 2016 жылғы ең бай американдықтардың рейтингінде оның капиталы 3,7 миллиард долларға бағаланса, қазір ол бар болғаны 2,5 миллиард долларды құрайды. Әсіресе, коронавирустық пандемия кезінде сұраныстың аздығынан оның барлық активтерінің бағасы құлдырап кетті. Дегенмен, ол Америкадағы ең қымбат ғимараттардың біріне ие. Оның автопаркінде ең сәнді автомобильдер тұр. Сондай-ақ, Трамптың жеке үш тікұшағы, екі ұшағы бар. Boeing 757 ұшағында бірнеше жатын бөлме, сондай-ақ алтынмен қапталған ванна бөлмесі, қонақ бөлмесі, асхана бар. Айтпақшы, бұл лайнердегі қауіпсіздік белдіктеріне де алтын жалатылған.

Бір таң қаларлығы, Дональд Трамптың әйелі Мелания Флоридадағы әдеттегі өміріне оралуды аңсайды. 2020 жылдың қараша айында өткен сайлауда Трамп өзінің жеңілісін мойындамай, ойы онға, санасы санға бөлініп жүрген кезде әйелі оны тек көпшіліктің алдында ғана қолдады. Ал, шын мәнінде ол Трамптың жеңіліп қалғанына өте қуанышты еді. Тіпті, шабаданын да жинай бастады. Неліктен Мелания АҚШ-тың бірінші ханымының рөлін ұнатпады?

Миллиардердің әйелі және бұрынғы модель Мелания күйеуі Дональд Трамптың ұзақ уақыт бойы өзін мемлекет басшысы ретінде сынап көргісі келгенінен әбден шаршады. Көшбасшылық қасиет оның қанында барын, егер ол қалағанына қол жеткізбесе, жаны тыншымасын түсінді. Содан да ол, инсайдерлердің айтуынша, күйеуіне «бағыңды сынап көр немесе мүлдем доғар» деп үзілді-кесілді талап қойған.

Трамптың 1990 жылы ажырасқан бірінші әйелі Ивана Мелания туралы: «Ол ағылшынша сөйлей алмайды, жұрттың алдында сұхбат та бере алмайды, іс-шараларға қатыспайды және қатысқысы да келмейді» деген болатын.

 

Мелания...

Меланияның тегі кнавс болған. Америка азаматтығын 14 жыл бұрын алды. Ол 2016 жылғы сайлауда Трамп жеңіске жетеді деп ойлаған жоқ және ол мұны мүлдем қаламаған да еді. Тіпті, 2017 жылы президенттің зайыбы Вашингтондағы резиденцияға көшуге асықпады, ұлы Бэрронның Флоридадағы оқу жылының аяқталуын күтті.

Вашингтондағы Меланияның өмірі құпиялар мен қауесеттерден тұрады. Төрт жыл бойы АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары оның мінез-құлқын, киімдерін, талғамын, көпшілік алдында сөйлеу мәнерін талқылап, айыптады. Енді міне, сайлаудан кейінгі оның көңіл-күйі туралы отбасылық досы «ол жай ғана үйге қайтқысы келеді» деді. Иә, ол күйеуінің қайтадан сайланғанын қалаған жоқ, саясаттағы түрлі қитұрқылықтарды басынан тағы да қайтып өткергісі келмеді. Бұрынғы модель үшін Флоридадағы үйі әлдеқайда ыстық. Интерьер дизайнері Канналихам Трамптарға 2017 жылы Ақ үйдегі жеке бөлмелерді безендіру үшін жалданған еді. Ал, 2020 жылдың соңында ол Палм-Бичтегі резиденцияда жұмыс істеп, ерлі-зайыптылардың оралуына дайындалды. Бәлкім Мелания Трамп, 2017 жылдағыдай, алдымен ұлының оқу жылының аяқталуын күтіп, көшіп келуге асықпайтын шығар. Дегенмен, енді оның Палм-Бичтегі өмірі бұрынғыдай болуы екіталай. «Ол күйеуінің қызметінен кеткеннен кейін тыныш өмір сүріп, естелік жазатын немесе майлы суреттер жинайтын экс-президент емес екенін жақсы түсінеді» дейді ақпарат көздері.

Мелания енді бұрынғы бірінші ханымдар сияқты кітап шығару туралы ойланып жүр. Мишель Обаманың «Becoming. Менің әңгімем» мемуары қазірдің өзінде бестселлерге айналды. Лора Буш та Ақ үйдегі өмірі туралы естеліктерін шығарды. Шындығы керек, Трамп ханымды мәтіндік формат қызықтырмайды, сондықтан ол фотосуреттері көп сыйлыққа арналған басылым шығаруы ықтимал.

Мелания өзінің Be Best жобасымен қоштасқысы келмейді. Алайда, американдықтардың көпшілігі Мелания төрт жыл бойы не істегенін түсіне алмады және оның бастамалары қандай да бір нәтижелермен есте қалмады деп есептейді. Қалай десек те, Мелания Трамп өзгеше типтегі бірінші ханым болды. Ол бұрынғы ханымдар сияқты күйеуінің кітапханасында не жеке қорында жұмыс істеуге ынтызар болуы немесе американдық қоғамның игілігі үшін қызмет етуді жалғастыруы екіталай. Енді елдегі бірінші ханым мәртебесінің жүгі иығынан түскен соң, жасөспірімнің анасы және ықпалды күйеуінің әйелі ретінде бұрынғы өміріне қайта оралатыны сөзсіз.

 

 

Пікір қалдырыңыз