Сайлау күні 135 сәби дүниеге келді

Сайлау күні Түркістан облысында 135 сәби өмірге келді. Бір тәулік ішінде 63 ұл бала, 72 қыз бала туылды. Яғни бұл күні әдеттегіден екі есе көп бала туылды. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мұның бұрын-соңды болмаған жағдай екенін, осылайша, рекорд орнатылғанын мәлімдеді. Жаңа босанған аналар мен нәрестелердің жағдайы жақсы.

Саяси науқан күні дүниеге келген нәрестелердің көпшілігіне Сайлау, Сайлаугүл, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт есімдері қойылыпты. Жалпы өңірдегі перзентханалардың бәрінде сайлау орындары әзірленген. 300-ден астам жүкті және босанған әйел өздерінің азаматтық міндеттеріне немқұрайлы қарамай, сайлауға қатысты.

– Бір тәулікте 100-ден аса нәрестенің дүниеге келуі бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Еліміздің саяси өміріндегі айтулы күндердің бірінде осындай қуанышты жаңалықтың орын алуын жақсы ырымға баласақ болады. Өңірімізде бұрын бір тәулік ішінде 50-60 шақалақ дүниеге келетін, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Жалпы, Түркістан облысында жылына 100 мыңға жуық сәби дүниеге келеді екен. Бұл көрсеткіш жөнінен де өңіріміз өзге облыстардан оқ бойы озық тұр.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз