Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданы құрылады

Түркістан облысының картасында жаңа аудан пайда болады. Кентау қаласы мен оның ауылдық округінің тұрғындары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «Сауран» ауданын құру туралы бастамасын қуанышпен қолдады. Өңір басшысының Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа аудан құру жөніндегі ұсынысы ҚР Президенті тарапынан қолдау тапты. Елеулі оқиғаны ел құлағына жеткізу үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына арнайы келіп, тұрғындармен жүздесті.

«Бүгін біз өздеріңізбен үлкен тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Кентау қаласындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлгенімен, ары қарай дамыту бағыттары мені көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, Кентау қаласы шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округтің Кентау қаласында орналасуы қала деңгейін аудандық деңгейге көшкенін көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуі, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қамтылуы, қала орталығының ауылдық елді мекендерден шалғайда орналасуы, сондай-ақ, Кентау қаласы өз тарихында полиметалл рудасын өндіретін өнеркәсіптік қала ретінде дамығандығын ескерсек, Кентаудың аудандық орталыққа айналуы іс жүзінде қала дамуының баяулауына және ауылға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүмкін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, мен жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құрылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп «Шорнақ» елді мекенін бекітуді орынды деп санаймын» деді облыс әкімі.

Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» аты беріледі. Өйткені, ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты. Шорнақ елді мекені жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып қалыптаспақ.

Жақсы жаңалыққа жергілікті халық бек қуанды. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қолдады.

«Барлығымыздың көкейімізде жүрген маңызды мәселені көтеріп, оны шешуге ұйытқы болғаныңыз үшін сізге алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл жүрекжарды жаңалық, оны жоғары жаққа жеткізіпсіз. Жаңа құрылатын ауданның өркендеп дамуын ел болып қолдап, үлес қосуға дайынбыз. Бұдан алдын Шорнақ Фрунзе ауданының орталығы болды. Кейіннен Түркістан қаласына біріктірілді. Ал, Түркістан облыс орталығы болған тұста қалаға қарасты 12 ауылдық округ Кентауға берілді. Бүгін тағы бір жақсы жаңалық естіп отырмыз. Шорнақ бұрынғыша өз алдына дербес аудан болып құрылатын болды. Жалпы, бұл бұрыннан халықтың ойында жүрген мәселе еді. Өз бастамаңызбен қолға алыпсыз, оған рахмет. Арысқа жаңа қала салдыңыз, Мақтааралға жаңа ауыл тұрғыздыңыз, Төлебиді де түгендедіңіз. Міне, бүгін Түркістан облысында жаңа аудан құрылуына өз үлесіңізді қосудасыз. Сізге үлкен рахмет» деді Оразкелді Егізбаев қария.

Жаңа аудан құру және онда аудандық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ.

Сауран ауданы келер жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында ашылатын болады. Ал, Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дами отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне үлес қоспақ.

– Сауран – ескі ежелгі тарихи мекен. Ал, Шорнақта бүгінгі күні 12000 адам тұрып жатыр. Ең бастысы, бұл мәселе саяси жағынан қолдау тауып отыр. Бір-екі айдың ішінде есеп-қисап жасалса, жаңа ауданды құру жөніндегі жұмыстар іске асады. Кентау өндірісті қалаға айналады. Ал, Шорнақта ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жаңа техникаларды ендіріп, жаңа деңгейге шығарамыз. Мәдениет үйі, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, дамудың даңғыл жолына түседі, – деді облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев.

Сауран ауданының орталығы — Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда бүгінде 12 мың халық тұрып жатыр. Құрамына енетін ауылдық округтерді қосқанда аудан халқы саны 100 мыңнан асады. Бірлігі берекелі, тірлігі табысты ауыл. Шорнақ – 2000 жылдық тарихы бар мекен. Мұнда есімдері елге танымал өнер қайраткерлері мен спорт саңлақтары, елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Кеңес Одағының Батырлары шыққан. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер елдің дамуына үлестерін қосып келеді. Әлеуметтік нысандар да тұрақты жұмыс істеуде. Ал, мұнда туристерді тартатын тарихи орындар көптеп саналады.

Кентау қаласына жасаған сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңадан пайдалануға берілген Кентау қаласындағы емханада болды. Жедел жәрдем көрсету стансасымен бір ауысымда 500 науқас қабылдайтын қалалық емхана соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Жобаға облыстық бюджеттен 838,8 млн. теңге қаралған. Бүгінде емханада амбулаторлық-емханалық, алғашқы медициналық, консультациялық-диагностикалық көмек, коронавирус инфекциясы бойынша сүзгі бөлімі және жедел жәрдем қызмет етуде. Қазіргі таңда мұнда 248 дәрігер және 906 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Емханада 32 мобильді топ құрылған.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.

 

 

2 пікір

  • роа
    роа

    орормааоачвсрп авма мвпгвп двалпр двлп дооавап

  • Ерлан Курманбеков
    Ерлан Курманбеков

    Кентауга косканда бир жеп, енди тагы акша болип тагы жеп жатыр ма?((( Бурын Туркистанга келгендер енди киналып калды ма екен? Кентаумен Туркистан арасы 20минутта жететин, транспорт та коп, жол да тегис. Арбир ауданды болип-косу, атын ауыстыру каншама каражатты кажет етеди. Ең болмаса кризистің кезінде акшаны унемдеп шын керек жерге жумсаса кайтеді?

Пікір қалдырыңыз