Жұлдызға қатысты бір жорамал

«Жұлдыз ағып түскен қас-қағым сәтте тілек тілеп үлгеру керек» деген бір ырым барын көбіміз білеміз. Қазақы ырым. Енді орыс ырымына келейік. Олар «егер жұлдыз ақса, демек, Құдайдың бұрын марқұм болған әлдекімнің жанын жерге жұмсағаны» деп сенеді. Осы кезде рақмет қақпасы ашық болады екен. Көнеславяндық – магиялық үрдісте тілек орындалуы үшін ағып бара жатқан жұлдызды көріп қана емес, осы аралықта өзінің басты арманын тілеп те үлгеруі керек.

Әрине, сол тілекті айту үшін алдын-ала дайындалып, таңғажайыпқа сенуің керек. Сенімге сәйкес сонда ғана Жоғары күш сөзіңе құлақ асады. Жұлдыздың ағуы – бұл белгі. Сол себепті Жаратқаннан белгі болған сәтте тілек тілеп үлгер.

Еуропа танымында ағып бара жатқан жұлдыз Жер мен Көктің бірер сәтке болса да жымдасуын сипаттайды. Өте сирек кездесетін осындай өзара ұштасу сәтінде тілек тілеп қалу өзіңе пайдалы болмақ дейді олар да.

Ертедегі қазақтар да көк күмбез астында тіршілік еткен әрбір адамның тағдыры аспандағы шырақтарға байланысты деп сенген. Әр жұлдыз әр адамның шырағы. Демек, бір адам туылса, бір шырақ жанады. Ол өмірден өтсе әлгі шырақ ағып түседі. Қазақта «Жұлдызы оңынан туыпты» дейтін де сөз тіркесі бар. Демек, жұлдызы оңынан туған жанның табысы еселейді, жұмысы ілгерілейді.

Негізі қазақта «Жұлдызды санама, аққан жұлдызға қарама» деген тыйым да бар. Яғни аққан жұлдыз өлген адамның белгісі. Сондықтан бабаларымыз жұлдыздың аққанын көрсе «Менің жұлдызым жоғары!» деп күбірлейтін. Осы сөзді қазір ұмытып барамыз-ау деймін.

Қайдағы бір ырымға сенгенше, өзімізге тонның ішкі бауындай жақын ғұрыпқа бас иейік те, ағайын. Көкек қанша рет шақырса, оны тыңдап тұрған адам сонша жас жасайды екен деген де бос сөз. Ең бастысы, ата-бабаларымыздың салып кеткен ырым-тыйымдарын өзгелердікімен шатастырып алмайық. Сонда ғана қазақтығымыз қалпында тұрмақ.

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ.

 

 

1 пікір

  • Айнура 2006
    Айнура 2006

    Аққан жулдыз тілек тілесе орындалады деп ойлаймын

Пікір қалдырыңыз