«Оң қол» ойға жетелейді

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Иә, адам
баласы қанша өмір сүрсе де көріп-білуден, үйреніп-игеруден жалықпайды. Әсіресе,
өзін қоршаған ортаны, мың құбылған қызылды-жасылды дүниені танып білуге жаны
құштар жастар жағы көп ізденеді. Ізденгенде, әрине, білгісі келетін дүниелерін
ұстап көруге, қолы жетпегенін оқып тануға талпынады. Бұл тұрғыдан алғанда
кейбіреулердің айтатын «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген сыңаржақ пікірінің
күл-талқанын шығаруға болады. Қалай болғанда да мүлдем оқымай қою мүмкін емес.
Мәселе, тек кітап, журналда ғана емес, мәселе нені, қалай оқып жүргенде...
Біреу тек
әдеби дүниелер, тағы біреулер тарихи, публицистикалық кітаптар оқуы мүмкін. Ал,
біреулердің бүйрегі танымдық-тағлымдық дүниелерге қарай бұрып тұрса, енді
біреулер әйтеуір сол сәтте көңілі қалағанын іздеп, әлеуметтік желілерді
«аралап» кетеді. Бір сөзбен айтқанда, бәрібір оқып біледі, көріп таниды.
Иә, қолы қалт
еткенде рухани байлық сыйлайтын ілім-білім іздеп кететіндер көп. Тек олардың не
оқып жүргені жайлы көп айтыла бермейді. Бәлкім, насихат жетіспейді. Алдыңғы
толқын арасында оқыған кітаптарын айтып, өзара пікір алмасып жататындар аз
емес. Міне, мұның өзі жақсы шығармаға жасалған жарнама! Сол себептен, біз де
өзіміз оқыған кітаптарды ортаға салып, алған әсерімізбен бөлісе отырайық деп
шештік.
«Жер бетінде
бүкіл тіршілік атаулы жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді елестетіп
көрші. Мұндайда өлім қорқынышты емес, керісінше тірлігің қорқынышты болмақ».
Оқыған адамын еріксіз ойға жетелейтін бұл сөйлемдер жазушы Төлен Әбдіктің «Оң
қол» шығармасынан үзінді. Рас, бұған дейін де бұл шығарма жайлы аз айтылған
жоқ. Оқыған дүниесін әсірелеп, әдемі жеткізе білетін құрбыларымыздың айтқанының
да әсері аз болған жоқ, бірақ кітапты қолға алып оқып шыққаннан кейінгі әсер
тіпті бөлек. Бір деммен оқылатын дүние ә дегеннен-ақ оқушысын өзіне үйіріп
әкетеді. Бірінші бетті ашқаннан-ақ, кітаптың ішіне еніп, құдды бір оқиғаны өз
көзіңмен көріп жүргендей күй кешесің. Жүйке жүйесі сыр берген науқастар жататын
ауруханада жұмыс істейтін дәрігердің әңгімесін жазушы асқан шеберлікпен,
керемет жеткізе білген. Шығармадағы басты кейіпкер – Алма. Алма – өмірге
құштар, кең жүректі, өте әдемі қыз. Бірақ, Алманың өз-өзін оң қолымен
қылқындыра беретін кеселі бар. Жазушы күнделікті тіршілікте көз үйренбеген
оғаштау оқиғаны әңгімелей отырып, оқырманын Алманың тағдыры арқылы өмірге
ынтықтыра түседі. Кітаптың соңы жантүршігерлік трагедиямен аяқталады.
Біріншіден, автор жанның дертіне шалдыққан науқастардың жалғыздығын, оларға
адами махаббаттың жетіспейтіндігін көркемдікпен кестелей білген. Расында да,
сондай адамдарды көргенде алыстан айналып жүруге тырысамыз. Жалғыздықтың
өлімнен де қорқынышты екенін осындай кейіпкерлердің жан дүниесін сипаттау
арқылы жеткізе білген суреткерді, шын мәнінде де, адам жанын зерттеуші деуге
болады. Екіншіден, бұл әңгімеден түйгенім, жазушы қорқынышты эпизодтарды
суреттей отырып оқырман жүрегіне жол табуға тырысады. Яғни қорқыныш билеп
отырса да оқи түскің келеді. Енді шығарманың ең негізгі талабы – оқырманға
берері не дегенге келсек, ол – ой! Ойланып отырып, бойыңда жанашырлық сезімі
оянады. Рас, бастапқыда бойыңды белгісіз бір қорқыныш билейді. Кейін адам
өмірінің қаншалықты қымбат екенін түйсінесің. Дәрігердің өз кәсібіне деген
адалдығы мен адамгершілік қасиетін жоғары қоя білгендігі де еріксіз разы етеді.
Оқырманға ерекше әсер қалдыратын тұсы – махаббат хикаясы. Дәрігер Алмаға ғашық
болғаннан кейін оны қалай да емдеп алудың жолын іздестіре бастайды. Оның өмірге
құштарлығын қайта оятқысы келеді. Нағыз шынайы махаббаттың, ғашығы үшін
күрескен жанның бейнесін көре аласыз.
Қалай болған
да, автор өзінің әу бастағы миссиясын толық орындап шыққан деуге болады.
Ендеше, «Оң
қолды» сіз де оқи отырыңыз.
Төлен оқырманы
????????????
Ұлболсын
Түйінін жазып жібересің ба