«Мен тұнжырап жүрмеймін»

Еңлік ҚАЙЫП, «Ońtústik Qazaqstan».

Сөз жоқ, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз. Тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі ахуал өте ауыр болғаны баршаға белгілі. КСРО тарады. Экономикалары бір-біріне сабақтастырыла жасалған одақтас республикалар бірінен кейін бірі дағдарысқа ұшырап жатты. Міне, осынау қиын-қыстау кезеңде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жас мемлекетті аяғынан нық тұрғызу үшін күндіз күлмеді, түнде ұйықтамады.

Қазір тұңғыш Президент туралы бірнеше деректі, көркем фильмдер түсірілді. Ең алғаш «Маңызды мәселелер Назарбаевпен» («С Назарбаевым о главном») атты деректі фильм жарық көрген болатын. Мұнда Елбасымен бір сағатқа жуық сұхбат жасалады. Н.Назарбаев ашық әңгімелеседі, көпшілікті толғандырып жүрген сауалдарға толыққанды жауап береді. Түрлі тақырыпта ой өрбітеді. Сонымен қатар аталмыш фильмде Н.Назарбаев жайлы қазақстандық саясаткерлердің пікірлері берілген. Осы арқылы Елбасының саяси тұлғасы айшықтала түскен.

Тұңғыш Президент туралы ең ауқымды кинотуынды – бес фильмнен тұратын «Елбасы жолы» атты эпопея. 2011 жылы «Балалық шағымның аспаны» фильмі жарық көрді. Кейін осы фильм – «Отты өзен», «Темір тау», «Тығырықтан жол тапқан» деген атаулармен жалғасын тапты. Бұл кинотуындыларда Н.Назарбаевтың балалық, жастық шағы, саясаткер ретінде қалыптасу жолдары баяндалады. Фильмдерді қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашов түсірді. Аталмыш фильмдерде Елбасы бейнесін актер Нұрлан Әлімжанов сомдағаны баршаға белгілі. Негізінен Әлімжановтың барлық рөлдері шынайы шықты. Ол өзін нағыз актер ретінде таныта білді. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атанды. Бірнеше сыйлықтың лауреаты болды. Парламент сайлауында «Nur Otan» партиясынан депутаттыққа да ұсынылды.

2013 жылы «Назарбаев. Live!» атты фильм түсірілді. Мұнда Н.Назарбаевтың тұлғалық қасиеттері әнгіме өзегіне айналады. Журналист Ярослав Карсиенко мен актриса Әсел Сағатова біз өзімізше танып-білген Н.Назарбаевты басқа қырларынан көрсетеді. Фильм авторларының Елбасыны Ақордадағы жеке кабинетінде де, резиденциясында да емес, үйінде түсірген көріністері көрерменді шынайылығымен баурайды. Әрине, елдегі бірінші тұлғаның жеке өмірі әркімге де қызықты. Сонда да Елбасымен бір дастарқан басында отырып, емен-жарқын сұхбаттасудың жөні де, жосығы да бөлек қой. Біз экраннан қонақжай да қарапайым Елбасыны көреміз. Фильм түсірушілер Президенттің туған жері Шамалғанға, еңбек жолын бастаған Теміртауға, Қарағандыға да барды. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны толық баяндалады.

Бұдан кейін «Уақыт өзі таңдаған» («Избранный временем») атты деректі фильмі шықты. Онда Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынасы мәселелері көрсетіледі. Тәуелсіздіктен кейінгі қиын кезеңдерді бастан өткізіп, аяққа тұрған еліміздің өткені мен бүгіні сөз болады. Фильм Леонид Млечиннің «Назарбаевпен түсірілген топтық портрет» кітабының желісі бойынша түсірілген.

Алдынғы фильмдерде Тұңғыш Президентіміздің өмір жолы екінші жақпен баяндалса, «Елбасы» («Глава государства») фильмінде оқиғалар Нұрсұлтан Әбішұлының ауызымен баяндалады. Қазақстанның тарихи орнын, көшпенді түркілердің дамуын, Ақмоланың қалай Астана болып қалыптасқанын жан-жақты айтып береді.

2016 жылы «Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі – «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі жарық көрді. Фильм Қазақстан мен Ресейде түсірілді. Фильмдерді ресейлік режиссер әрі сценарист Сергей Снежкин түсірді. Айта кетерлігі, жаңа фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі аса қызықты кезеңді, Елбасының 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне тағайындалып, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі кезеңді қамтыды.

Елбасы рөлінде ойнаған Берік Бөшенұлы Айтжанов 1979 жылы Қызылорда облысында туған. Бала кезінен актер болуды армандапты. Берік Айтжанов көпшілікке Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» телехикаясы арқылы жақсы таныс. «Жоюшы» фильміндегі Арсен рөлі үшін ол 2011 жылы «Құлагер» сыйлығына ие болды.

«Ел назарында жүрген, жүріс-тұрысына дейін таныс, тіпті кірпік қағып, сөйлегеніне дейін көз алдымызға еркін елестете алатын Елбасының рөлін қалай ойнамақпын? Жауапкершіліктің үдесінен шыға аламын ба? Қобалжу мен қорқыныштың арасында жүріп бейнесынаққа түсуге барғанда да рөлге бекітілетініме сенген жоқпын. Аталмыш фильмге барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарадық. Фильмнің премьерасынан кейін түсіру тобының төрт-бес адамнан құралған шағын тобы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуге шақырылды. Бәріміз бірге түскі ас іштік. Президент қалжыңдап отырып, фильм туралы жылы пікірін айтты. Нақты өзіме қарата айтқаны: «Әй, Берік, сен фильмде қабағың қатулы, тым салмақтысың. Мен өмірде сен сияқты тұнжырап жүрмеймін. Мен әзілді жақсы көремін, әнді жақсы көремін.Өмірде күліп жүретін адаммын» деді күліп. Біз емен-жарқын әңгімелесіп отырдық» дейді актер.

Иә, Елбасы жолы – пайым мен парасаттылыққа толы күрделі жол. Біз осы кинотуындылар арқылы өмірлік сабақ аламыз. Елбасының жүріп өткен жолы жастар үшін үлгі-өнеге. Олай болса, Елбасы жолы ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек.

 

 

Пікір қалдырыңыз