Ең бірінші кезекте – ел саулығы

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі көшпелі баспасөз конференциясында коронавирустық инфекцияның екінші ықтимал толқынына дайындық барысын да баяндады.

Дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс

Өңір басшысының айтуынша, Түркістан облыстық медициналық ұйымдарын дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 2,1 млрд. теңге қаралған. Аталған қаржыларға дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен дезинфекциялық ерітінділер сатып алынған. Қажетті заттардың 70%-ы медициналық мекемелерге үлестірілген, қалған 30%-ы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында сақтаулы. Емдеу мекемелерінде қазір дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар.

«Өңірде тұрғындардың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бөлшек-сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылып, облыс бюджеті есебінен 317,0 млн. теңге бөлінді. Облыс аумағындағы 557 бөлшек-сауда дәріханаларының жартысына жуығымен бірге жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Бұл тұрғыда ел көлемінде салынып жатқан 13 жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасының біреуі Түркістан қаласында бой көтеруде. 200 төсек- орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы таяуда пайдалануға беріледі. Коронавирустық инфекцияның өршуі ықтимал жағдайында өңірдегі медициналық ұйымдарда төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, инфекциялық стационарларда науқастарды қабылдауға 600 төсек-орын әзірленген. Бұған 340 орынды карантиндік стационар қосылды.

 

Қоржында алтын да, күміс те, қола да бар

Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда өңірде 640 мыңға жуық адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады, жалпы халықтың спортпен қамтылуы 31,4 пайызға жетті. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен баспасөз-мәслихаты барысында мәлім етті.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2020 жылдың 10 айында облыс аумағында 1085 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 140 мыңға жуық азамат қатысқан. Тұрғындарды дене шынықтырумен шұғылдануға тарту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жалпы сомасы 9 млрд. 600,0 млн. теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылуда.

Облыс аумағындағы аудан, қалаларда 68 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері жұмыс істеуде. Облыс спортшылары биыл спорттың 56 түрі бойынша ел чемпионаттарына қатысып, 66 алтын, 59 күміс және 67 қола медаль жеңіп алды. 2020 жылдың 10 айында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының 28 спорт шебері, 116 спорт шеберіне үміткер спортшылар даярланды. Түркістан облысынан 2021 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 21 үміткер анықталып, олармен тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыс аумағында 7 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді қосымша спорттық үйірмелерге тарту бағытында 17 спорт ұйымы мемлекеттік жекешелік-әріптестік тетігі арқылы ашылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде 21 спорт түрі бойынша 370 спорт секциясында 4442 жасөспірімге оқу-жаттығу сабақтары жүргізілуде.

 

Спорт нысандары көптеп салынуда

Түркістан облысында биыл 10 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Алдағы 2021-2024 жылдар аралығында Түркістан қаласында Б.Саттарханов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат колледжі ғимаратының құрылысы, жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебінің және облыстық дәрігерлік дене шынықтыру диспансері ғимаратының, Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін қайта құрумен қатар, көрермендерге арналған 320 орынды қосымша ғимарат салу, халықаралық теннис орталығы мен орталық атшабар, Шардара су қоймасы аумағында желкенді спорт, байдарка және каноэ есуге бағытталған спорттық база салынатын болады.

Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистерге арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Түркістан облысында бұл күндері 4458 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, республикалық және халықаралық жарыстарды, сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін 7 мың орынды орталық стадион «Самұрық-Қазына» ҰӘА қоры АҚ демеушілігімен салынды.

Облыс орталығында бой көтерген тағы бір аса маңызды нысан – бассейні бар Спорт сарайы. Спорт кешені жүзу спортын дамытуға бағытталған. Бассейннің ұзындығы – 50 метр, ені – 25 метр, тереңдігі – 2,5 метр. Ойын және жаттығу залдарымен жасақталған Спорт сарайы республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

 

 

Пікір қалдырыңыз