Қауіп-қатерлердің қайталанбауы үшін қайтпек керек?

Облыс басшысы Үкімет сағатында өңіріміздің су қауіпсіздігі мәселесін ортаға салып, оны шешу жолдарын баяндады.
Кешегі жұма күні ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман және жергілікті мемлекеттік органдар басшылары мен су мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысқан алқалы жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев күн тәртібіндегі мәселеге байланысты толымды баяндама жасады.
«Өздеріңізге белгілі, 2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, соның салдарынан Мақтаарал ауданының бес елді мекенін су басып, төтенше жағдай орын алды» деді Ө.Шөкеев өз баяндамасында. – Төтенше жағдай салдарынан 1030 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 денсаулық сақтау, 10 сауда объектілері, автомобиль жолдары, 1 көпір, 5 695 гектар егістік пен жайылым жерлер су астында қалды.
Су басқан аумақтың ситуациялық картасы жасалып, жедел және авариялық көмек көрсету қызметтері жұмылдырылды. Су басқан және су басу қаупі бар елді мекендерден 30 606 адам және 15 171 үй жануары қауіпсіз жерге көшірілді. Жалпы, 11 млн. 798 мың литр су қауіпсіз аумаққа қашыртылды. 931 үй жануарларының өлекселері судан шығарылып, жойылды. 2,8 млн. шаршы метр аумақ залалсыздандырылды».
Апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысқанын айтқан өңір басшысы бұл жағдай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң бақылауында болғанын да атап өтті. «Төтенше жағдайға байланысты ҚР Үкіметі тарапынан әр тұрғынға 100 мың теңге, кәсіпкер Алишер Усмановтың қоры есебінен су басқан бес және эвакуацияланған сегіз елді мекендегі 5 318 отбасыға 1000 АҚШ доллары көлемінде 2,2 млрд. теңге берілді. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына арнап Мырзакент кентінде жаңадан бой көтерген шағынауданда 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, кілттері табысталды. Ал, Фирдоуси мен Өргебас елді мекендеріндегі 504 үйдің 494-нің құрылысы толық аяқталды, қалған он үй де таяуда бітіп, пайдалануға берілмек».
Жаңа шағынауданда әлеуметтік нысандар да бірінен соң бірі бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 1200 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек пункті ел игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Фирдоуси ауылында 600 орынды мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек пункті, Өргебас ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт те қайта қалпына келтірілді. Жаңа аудандағы мектеп пен балабақша келесі жылға өтпелі болса, қалған нысандардың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Міне, осылайша апат орын алғаннан бергі жеті айда қыруар жұмыстардың атқарылғанын айтқан облыс әкімі өз баяндамасында «Алдағы уақытта мұндай қауіп-қатерлердің қайталанбауы үшін қайтпек керек, не істеуге болады?» деген сияқты өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.
«Сардоба су қоймасының бұзылуы 31,7 млрд. теңгеден астам шығын келтірді, – деді Өмірзақ Естайұлы. – Бір қуанарлығы, адам шығыны жоқ. Дегенмен, сақтық керек. Осы орайда, Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судан болатын қауіп-қатерлердің алдын алу және ағын суларды тиімді пайдалану үшін бірқатар өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
Бірінші, сыйымдылығы 5,2 млрд. текше метр болатын Шардара су қоймасының проблемасына тоқталар болсам, су қоймадан Арнасай су торабын қоса есептегенде жиынтығы секундына 2570 текше метр (м3/сек) су тастай алады. 1969 жылы секундына өтімдігі 4210 текше метр (м3/сек) су келіп, апатты жағдай орын алған. Осындай жағдай қайталанса Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерін, яғни Түркістан облысында тұратын 60 мыңнан астам тұрғын мен Қызылорда облысының 200 мыңнан астам тұрғынын су басып қалу қаупі туындайды. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының оң жақ жағалауынан өтімдігі секундына 1500 текше метр (м3/сек) болатын апатты су қашыртқысын салу қажет!
Екінші, республикадағы суармалы жерлердің үштен бір бөлігі Түркістан облысына тиеселі екенін ескеруіміз керек. Аймақта 72 мың агроқұрылым тіркеліп, 180 мың адам жұмыспен қамтылған. Суармалы жерлердің көлемін одан әрі ұлғайту, агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыру мақсатында бірқатар жобаларды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, облыс орталығы Түркістан қаласын суландыру үшін Түркістан магистральдық арнасына күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға 2021 жылға 7 млрд. теңге қажет. «Кеңсай – Қосқорған-2» су қоймасының құрылыс жұмыстарына ағымдағы жылға 1,2 млрд. теңге бөлу мақұлданды. Бұл келер жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде су қоймаға 10 млн. текше метр (м3.) ағын су жинауға мүмкіндік береді. Әрі қарай су қоймасы жұмысын аяқтау үшін 2021 жылға 1,8 млрд. теңге қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ, «Арыс – Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасының құрылысын бастауға 2021 жылға 7 млрд. теңге қажет».
Облыс әкімі бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен қолға алынған жобаларды да таныстырды. Отырар ауданындағы Шошқакөл көлдер жүйесін жаңғыртуға құны 2,3 млрд. теңге қаралған болса, қосымша 34,7 млн. текше метр (м3) ағын су беретін 134 тік ұңғыманы қайта қалпына келтіру үшін 2,7 млрд. теңге бөлініп, жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп жатыр.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында облыстың дамуына мультипликативтік нәтиже беретін ірі жобаларды да атап өтті. Шардара ауданындағы «Жаушықұм алқабын игеру» жобаларының құрылысын бастауға, Арыс қаласындағы «Қожатоғай массивін игеру» мен «Қызылқұм магистральды каналының 3-ші, 4-ші кезеңінің құрылысы үшін жобалық құжаттама әзірлеуге (ТЭН, ЖСҚ) қаржы қарастыруды ұсынды. «Егер бұл жобалар жүзеге асатын болса, 97,7 мың гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылып, қосымша жыл сайын 175 млрд. теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Кентау қаласындағы Мырғалымсай кен орнының жұмысы тоқтауы салдарынан, шахталар суға толып, су тасқыны кезінде жер асты сулары деңгейі көтеріліп, соның салдарынан Кентау қаласындағы ғимараттар мен тұрғын үйлердің шөгуі, іргетастардың зақымдануы орын алуда. Болжамдық есеппен шахтадан су деңгейін 440 метрден 394 метрге дейін төмендету қажет. Шамамен 40 млн. текше метр (м3) жер асты суын шығаруды қажет етеді. Бұл шахталы жер асты суын Түркістан қаласын суландыру мен егін шаруашылығына пайдалануға мүмкіндік бар» деді Өмірзақ Естайұлы.
Міне, осылайша өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев ҚР Парламентінің жоғарғы палатасында өткен алқалы жиында өзекті мәселелерді айта келіп, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, апаттың алдын алу жолдарын қарастыруды парламенттік тыңдаудың қорытындылары бойынша әзірленетін ұсынымға енгізуді сұрады. Елдің қауіпсіздігі үшін де, әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де тиімді саналатын бұл жобалар алдағы уақытта халық қалаулылары тарапынан да қолдау табады деген сенім бар.