Көзілдірікті жастар көбейіп барады

Адамның қос жанары – жанның жасырын камерасы. Көзімізбен жан-жағымызда не болып жатқанын көреміз, ақпарат аламыз, түйсінеміз. Алайда, осы сыртқы дүниені көзілдіріксіз көру мәселесі қиындап барады. Әсіресе, жастар арасында. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 32,3 пайызының көзінде ақау бар. Бүгінде алыстан және жақыннан көру қабілеті нашар, көзілдірік тағатын, линзаға тәуелді жастардың саны өсе түсуде.

Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Көз ауруының күн санап жасарып бара жатқанына түрлі себеп бар. Соның бірі компьютер мен смартфонға көп үңілгеннен болса керек. Иә, ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялар дамыған дәурен. Барлығы жаңа жүйеге, интернетке тығыз байланысты. Елімізде әлемді жайлаған пандемияның салдарынан наурыз айынан бастап карантин енгізілді. Оқу орындары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Оқушылар, студенттер үйде отырып телефон, компьютердің көмегімен білім алуда. Бұл жағдайдың өзі де көз жанарына көп салмақ түсіруде.

– Бізге көз жанарының нашарлауына шағымданатындар көп. Оның көбісі 19-35 жас аралығындағы азаматтар. Күніне отыздан астам науқас қабылдаймыз. Оларға негізінде көзді жиі демалдырып, таза ауада серуендеп, көзге арналған түрлі жаттығулар жасау жөнінде кеңес береміз. Әртүрлі витаминдер ішіп, дұрыс тамақтану да керек, – дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігер-офтальмологы Гүлрух Гаипова.

Көз – нәзік мүше. Көзі нашар көрсе де, бейқамдықпен дәрігерге бармай жүрген адамдар қаншама?! Егер сіз аурудың бастапқы белгілерін сезінсеңіз, мамандардың айтқанына жүгінсеңіз, аурудың алдын аласыз. Кейбір жастар көзілдірік тағуға қысылады. Есесіне, линза тағады. Бұл қаншалықты дұрыс?

Бұл жөнінде Гүлрух Бахадырқызы былай дейді:

– Линзаға қарағанда көзілдірік тағу пайдалы. Себебі, көзілдірік бірте-бірте көзді емдейді, ең бастысы, ыңғайлы және де зияны жоқ.

Иә, қалай айтқанда да көзге күтім керек. Ендеше, ертелі-кеш алақандай смартфонға үңілгенше, бір мезгіл табиғат аясына шығып, өзімізді де, көзімізді де тынықтырған дұрыс болар.

Ұлас ҮСЕНБАЙ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 4-курс студенті.

 

 

Пікір қалдырыңыз