Жаңаауылдағы жылы ұя

Сәбит
ҚАЛДЫБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Жетісай
ауданы, Жаңа ауыл елді мекеніндегі «Зувайда ана» балалар бақшасы 200 орынға
ыңғайластырылған. Алайда, қазір пандемияға байланысты ата-аналардың өтінішіне
сәйкес тек бес жасқа толған 30 бүлдіршін үш топқа бөлініп, оларға тәлім-тәрбие
берілуде.
Мұнда
кіреберісте антисептиктер қойылған. Әрбір балаға бетперде беріліп, санитарлық
талаптар қатаң сақталуда. Санитарлық нормаға сәйкес парталар арасындағы
арақашықтықты сақтауға баса назар аударылып отыр.
Мектепалды
даярлық тобының тәрбиешісі Гүлсанай Бабаеваның айтуынша, негізгі оқулық ретінде
«Әліппе» кітабы қолданылады. Өйткені, оны оқу балалар үшін жеңіл, ыңғайлы.
Мұнда негізінен тәжік ұлтының балалары оқиды. Бірақ, олар қазақша жақсы біледі,
қазақ тілінде өлеңдерді жатқа айтады. Мемлекеттік тілге деген құрмет балалық
шақтан басталғанына біз де қуандық.
«Ақбота-1»,
«Ақбота-2», «Балауса» топтарында оқитындар интерактивті тақтамен, теледидармен
қамтылған. Балаларға телеарнадан танымдық бағдарламалар да көрсетіледі.
Заманауи
үлгіде салынған балабақшада 40 қыз-келіншек жұмыспен қамтылған. Балабақша
құрылтайшысы Бақтияр Қазыбаев мекеме қызметкерлеріне барлық қолайлы жағдайды
жасап отыр. Мәселен, бір қызметкер білімін жетілдіру үшін жоғары оқу орнына
ақылы оқуға түссе, олардың бір жылдық оқу ақысын өзі төлеп береді. Жыл сайын
туристік қалаларға саяхат ұйымдастыру дәстүрге айналған. Соңғы екі жылда ұжым
Түркістан, Самарқан қалаларына саяхаттап қайтты.
Бұл ауылда көп
балалы отбасылар жетерлік. Қазірдің өзінде 200-ден астам бала кезекте тұр.
Көршілес ауыл тұрғындары да балдырғандарын осында әкелуге ынталы.
Жетісай
ауданы.