Қоныс құтты болсын, мақтааралдықтар!

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
МЫРЗАКЕНТТЕ ЖАҢА ШАҒЫНАУДАН АШЫЛЫП, 386 ҮЙ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Иә, апат айтып келмейді. Биылғы мамыр айы мақтааралдықтар үшін жайсыздау басталғаны белгілі. Су тасқынынан болған тосын жағдай тек сол өңірдің тұрғындарын ғана емес, сонымен бірге бүкіл елді алаңдатқаны рас. Сардоба су қоймасының зардабы біздің елге де аз шығын келтірген жоқ. Шекараға жақын орналасқан бес ауылды су басып, 851 үй бүлініп, 6127 адам баспанасыз қалды. Отыз мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, ауызбіршілік танытқан ел бұл ауыртпалықты да бірге еңсерді.
Міне, бүгін Мырзакент қалашығының шығыс беткейінен бой көтерген жаңа шағынауданнан үй алған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Қоныс иелерінің қуанышымен бөлісу үшін Мақтаарал ауданына арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары Р. Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев тұрғындарды құттықтап, баспана кілттерін табыстады.
Алғаш боп сөз алған ҚР Премьер- министрінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Роман Скляр мақтааралдықтарды құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде ерекше қызметімен көзге түскен бірқатар азаматты ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пен Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар.
Жаңа шағынаудан тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қиындықтың артта қалғанын айта келе, әр отбасы үшін баспаналарының берекелі болуын тіледі. «Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Осы тосын жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын. Жаңа қоныстарыңыз жайлы да берекелі болуына шын жүректен тілектеспін» деді облыс әкімі.
Міне, осылайша төтенше жағдай орын алғаннан бергі бес ай тынымсыз еңбектің, қыз-қыз қайнаған құрылыстың алаңына айналған мекен аз уақыттың ішінде көрер көз сүйсінетін әдемі ауылға айналып шыға келді. Оған үлес қосып, демеушілік жасағандардың да, қол ұшын беріп, қамқорлық танытқандардың да есімі ескерусіз қалмады. Облыс басшысы жаңа шағынауданның құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға ҚР Президентінің Алғыс хатымен құттықтап, «Халық алғысы» медалін табыстады.
Иә, кешегі уайым мен қорқыныштың орнын бүгін қуаныш пен шаттық алмастырғандай. Бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болған елдің көңіл-күйі осыны аңғартады. Елдің бірлігі мен ынтымағын білдіретін игі істердің қасында «Nur Otan» партиясы мен қоғамдық қорлар, ірі кәсіпкерлердің жүргенін де айта кетейік. Апатты жағдайдан кейінгі алғашқы күндердің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер ағылып жатты. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, апатты аймаққа бас-аяғы 700 тоннадан астам азық-түлік пен киім-кешек, медициналық құрал-жабдықтар жеткізілген. Су басқан аймақтағы әрбір тұрғын республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат алды. Болат Өтемұратов қоры зардап шеккендерге үй салып беру үшін алты миллионнан астам АҚШ долларын бөлді. Ресей кәсіпкері Әлішер Усмановтың қорынан эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 миллион АҚШ доллары аударылды. Бұл қаржы 5 202 отбасына (30 420 адам) 1000 АҚШ долларынан үлестірілді.
Жаңадан бой көтерген 386 үйдің 196-сы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен, 150 үй Болат Өтемұратов қорының қаржысына салынды. 40 баспана «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» және «Салиқалы ұрпақ» қорларының қолдауымен бой көтерді. «Біздің қорымыздың құрылтайшысы Болат Өтемұратов қазақстандық меценаттар ішінен алғашқы болып көмек қолын созды. Қордан бөлінген 6 миллион АҚШ долларына 150 үй салынды. Осылайша өзіміздің қор есебінен қомақты үлес қосып, тұрғындардың қуанышын еселегеніміз үшін біз де қуаныштымыз. Жобаны іске асыру барысында біз ең жақсы материалдарды таңдап, жұмыс сапасын қатаң қадағаладық. Пандемия мен карантинге байланысты қиындықтарға қарамастан, төрт айдың ішінде жобаны ойдағыдай орындап шықтық» деді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Тұрғындардың қуанышын бөліскен Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баспаналы болған екі отбасының шаңырағына кіріп, құтты болсын айтты.
Жетпіс гектар жерде орналасқан жаңа шағынаудандағы 386 үй Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындарына берілді. Мұнда барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ, жаңа шағынауданда 1 200 орынды мектеп пен балабақша және дәрігерлік амбулатория салынуда. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағынауданның көркіне көрік қосып тұр.