Теріскейде тындырымды тірлік көп

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болып, халықты газ, жарық, жылумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалармен танысты.

 

Күн электр стансасы іске қосылды

Таукент кентінде орналасқан «Уран Қуат» ЖШС жылу маусымына дайын. Таукент және Қыземшек кентін жылумен қамтамасыз ететін орталық 4 мекеме, көпқабатты 39 тұрғын үй мен 180 жеке үй, 9 бюджеттік мекемені мазут отынымен жылытып отыр. 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі Шолаққорған ауылындағы АГТС магистральды газ құбыры тармағын салу жобасының жұмысымен танысты. Газ құбырының ұзындығы – 43,809 шақырым. Созақ ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

Созақ ауданындағы тағы бір ауқымды инвестициялық жоба Шолаққорған ауылында орналасқан «ЮКСЭС-50» ЖШС күн электр стансасын іске қосты. Күннен қуаттанатын стансаға аудандағы индустриалды аймақтан 120 гектар жер берілген. Қауіпсіз энергия көздерін дамытуға бағытталған үлкен жоба аясында жүзеге асқан жаңа стансада заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар қойылған. Жоба құны 24 млрд. теңгені құрайды. Өндірістік қуаты – 50 мВТ. 30 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған жұмыс сапарында «Жастар ресурстық орталығының» жаңа ғимаратының ашылу салтанатына да қатысты. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген ғимарат соңғы үлгіде салынған. Облыс басшысы жаңа орталықтың ашылу салтанатына орай шаңырақ көтерген жас жұбайларға салтанатты түрде неке куәліктерін табыс етті.

 

Түйе шаруашылығын дамыту жанданып келеді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Созақ ауданында төрт түліктің төресі – түйені көбейту қолға алынған. Облыс басшысы ойсылқара тұқымын көбейту арқылы өзге өңірлермен бәсекелес болуға қауқарлы ауданға осы кәсіпті мықтап қолға алуды тапсырған еді. Осы мақсатта түйе түлігін асылдандыруға 2000-ға жуық аналық мал сатып алынды. Оның жартысы жеңілдетілген несие алу арқылы, қалғаны азаматтардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Өмірзақ Естайұлы ауданға арнайы жұмыс сапары барысында түйе шаруашылығымен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты.

Өңір басшысы аялдаған Шолаққорған ауылында түйе шаруашылығын өркендетіп отырған «Бағдат» шаруа қожалығында 350 түйе бар. Шөлге шыдамды төрт түліктен көктем айларында 256 тонна түйе сүті сауылып6 «Golden Саmеl Group LTD» ЖШС зауытына өткізіледі.

Ірі мал тұқымын асылдандырумен айналысатын «Қанжарбек» шаруа қожалығында 110 ірі қара, 1150 уақ мал мен жүзге жуық жылқы бар. Мал шаруашылығын дамытуда Созақ ауданы межелі табыстарға қол жеткізуде. Атап айтқанда, ауданда 40 мыңға жуық ірі қара, 341 471 қой-ешкі мен 14 мыңға жуық түйе, 25 мыңнан астам құс өсірілуде. 2020 жылдың 8 айында 7 546,1 тонна ет, 11 321,6 литр сүт, 2 129,7 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі едәуір өскені байқалады.

Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары жасалынды. Жоспарға сәйкес, Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында биылға қосымша 3962 інген сатып алынып, соның нәтижесінде өндірілетін сүттің көлемін он бес пайызға арттыру жоспарланған.

 

 

Пікір қалдырыңыз