Рухани жаңғырудың бұлағы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемдегі стратегиялық мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деген еді. Демек, ел билігі білім саласына ерекше назар аударып отыр.

Бүгінде елімізде сапалы маман даярлайтын жоғары оқу орындарының қатары көп. Заман талабына сай техникалық, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша, ақпараттық технологиялар, энергетика, телекоммуникациялар және қаржы экономикалық құрылымдары үшін кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Мұнда білім алатын студенттерге де барлық жағдай жасалған. Университетке оқуға қабылданған жастар студенттер үйінде тұру мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, үздік оқитын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандар үшін түрлі әлеуметтік шәкіртақылар мен жеңілдіктер қарастырылған.

Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» бүгінгі таңдағы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен ондағы білім сапасын арттыру, студент-жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстары ел ішінде тың серпін туғызғанын атап өтуіміз қажет.

Заман мен технология қарыштап дамыған кезеңде біздің уақыт пен күшке қарап отыруға хақымыз жоқ. Себебі, заман ағымына ілесіп, көштен қалмауымыз керек. Осы орайда инновациялық технологиялар мен еліміздің цифрландыру саясаты еске түседі. Өйткені, әлем бізді күтіп тұрмайды. Жаңа жобалар мен бастамалар жасауға, үнемі жаңашылдыққа ұмтылып отыруымыз қажет.

Рухани жаңғыру мен эволюциялық даму үшін жоғары бәсекелік қабілет пен прагматикалық ойлау, ұлттық бірегейлікті сақтау, жаңалықтар мен тың өзгерістерге ашық болу және білімді бар істің бастамасы ету маңызды. Тек рухани дүниесі кемел, білімі жетік азамат қана үлгі боларлық іс атқарады. Мұндай азаматтардың есімі бір әулеттің немесе ұжымның, өлкенің, мемлекеттің тарихында сақталады. Сол себепті, әр азамат қандай істі қолға алса да, кемелдікке ұмтылғаны абзал.

Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше қадап айтқан.

Ұлы даланы мекен етіп, кең-байтақ жерге билік жүргізіп келе жатқан халқымыз қашан да білімнің қадірін білген. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу халқымыздың қанында бар игі қасиет. Сондықтан да рухани жаңғыруды жүзеге асыру жұмысы оқу-біліммен, ғылыммен, жаңа технологиялармен тығыз байланыста атқарылатын жүйелі үдеріс. Мұны бүгінгі уақыт пен көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан жаңа әлемнің бейнесі көрсетіп беруде.

Ғани БЕСБАЕВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының доценті.

 

 

Пікір қалдырыңыз