Трамптың биліктен айырылғысы жоқ

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Қараша айында АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Соған байланысты мерзімінен бұрын дауыс беру шарасы ұйымдастырылып, оған 10 миллионнан астам адам қатысты. «Бұл 2016 жылғы сайлауға қатысқан азаматтардың 7%-ы» делінген сенімді ақпарат көздерінде.

Биылғы додадан американдықтардың қандай үміт күтетінін кім білсін, әйтеуір көптеген штатта сайлау учаскелерінің алдында ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Ал, Виргиния, Флорида және Джорджия штаттарында келушілер саны рекордтық деңгейге жетіпті. Тек Джорджияның өзінде мерзімінен бұрын дауыс берудің алғашқы күні 130 мыңдай адам өз таңдауын жасаған.

Бәріңізге белгілі, таққа талас Дональд Трамп пен Джо Байден арасында болып жатыр. АҚШ-тың қазіргі президенті Д.Трамп есімі жалпақ жұртқа мәлім. Ал, Джо Байден деген кім? Ол 1973 жылдың қаңтарынан бастап Барак Обама президент болып сайланғанға дейін 36 жыл сенатор болған. Осы жылдар ішінде ол Сенаттың Соттар комитеті мен Халықаралық қатынастар жөніндегі комитетін басқарған. Кейін ол АҚШ-тың вице-президенті боп сайланып, сегіз жыл осы лауазымды атқарды. Яғни бұрынғы вице-президент. Бұған дейін ол екі рет өзін президенттікке ұсынған. Екеуінде де әлдебір себептерге байланысты кейін өз кандидатурасын алып тастаған.

29 қыркүйекте қос үміткердің арасында бетпе-бет дебат өтті. Аталған пікірсайыстың бірінші раундында Байден жеңіске жетті. Әрине, АҚШ-тағы осы президенттік сайлаудың нәтижесін ешкім нақты болжай алмайды. Алайда, белгілі болғаны, алғашқы сайлау дебаты биліктің бейбіт жолмен берілмейтінін көрсетті. Бұған себеп, Трамптың сайлаудың ресми нәтижелерінің дұрыстығы туралы алаңдаушылығы ең алдымен пошта арқылы дауыс беруге бағытталғаны еді. Негізі АҚШ-та пошта арқылы дауыс беру бірнеше онжылдықтар бойы қолданылып келеді. Бұл сайлау учаскелерінде жеке дауыс бере алмайтын адамдар үшін ұйымдастырылған. Трамп пошта арқылы дауыс беру сайлауда бұрмалаушылық тудырады деген пікірде. Ал, сайлау бойынша сарапшылар пошта арқылы сайлаушылар арасында айтарлықтай алаяқтық жасау қиын дейді. Байден де Трамптың пошта арқылы жалған дауыс берілуі мүмкін деген айыптауларының негізсіз екенін айтты. Трамптың пікірсайыс кезінде айтқан осындай пікірлері биліктің бейбіт жолмен ауысуына, әрине, күмән тудырады. Американдықтар 2000 жылғы сайлауда кімнің жеңетіні белгісіз болған кезде де сайлау өз ережелерімен өркениетті жағдайда өткенін айтуда. Ал, 2019 жылы 13 мамырда Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозерді қабылдаған болатын. Сол кезде Мозер Назарбаевқа АҚШ президенті Дональд Трамптың «билікті бейбіт жолмен тапсырғаны үшін алғыс айтқан» хатын тапсырғанынан жұрт хабардар.

Әдетте сайлау науқаны алдында әлеуметтанушылар жергілікті тұрғындар арасында сауалнамалар жүргізеді. Бұл, әрине, сайлау нәтижесінің нақты көрінісі емес десек те, сауалнамалар арқылы сайлаушылардың көп бөлігінің бүйрегі кімге бұратынын ептеп аңғаруға болады. Дегенмен, жыл басынан бергі ел ішілік сауалнамаларда Джо Байден Трамптан озып келеді. Соңғы апталарда оның рейтингі 50%-ға жетті. Дей тұрғанмен де, бірнеше күннен бері Трамптың жағдайы да оңалып қалды. Би-би-си жариялаған (жалпыхалықтық сауалнамалар нәтижесіне сүйеніп) сауалнаманың 15 қыркүйектегі нәтижесі бойынша Трамп 43% көрсеткішке ие. Кім білсін, бәлкім, бұл көрсеткіштер сайлау кезінде өзгеріп шыға келер.

Кесте бойынша екінші дебат 15 қазанда Флоридада өтуі тиіс еді. Бірақ, екі үміткер де бұл жолы бетпе-бет кездесуден гөрі, өз сайлаушыларымен екі қалада жүздесуді жөн деп тапты. Сонымен, қазіргі президент, «Республикашылдар» партиясы атынан кандидат болған Дональд Трамп Майамиге, Флорида штатына аттанды. Ал, «Демократиялық» партиядан үміткер Джо Байден Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында өз жақтастары мен оппонентерінің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап түрінде өтетін кездесу екі жақта да бір мезгілде басталып, бір-біріне бәсекелес екі телеарнадан көрсетілді. Флорида штатында іс-шараны ұйымдастырушылар осы кездесуге келетіндердің барлығынан бетперде тағуды, сондай-ақ, іс-шара барысында бір-бірінен алыс тұруын талап етті. Мұның барлығы елдегі карантиндік шаралардың сақталуына байланысты ескертілді. Десе де АҚШ президентінің көп жердегі кездесулерінде бетпердесіз, өзгелермен бәз-баяғыша емен-жарқын қол алысып амандасып жүргені белгілі.

Ал, үміткерлердің үшінші кездесуі Нэшвиллде (Теннеси) 22 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Сонымен, АҚШ-тың келесі президенті кім? Мұны дәл қазір тап басып айту қиын. Дегенмен, елде коронавирус індетінің өршуі Трамптың орнында қалу немесе қалмау мәселесінде негізгі фактор болуы мүмкін. Мұнан бөлек, полицияның Джордж Флойдты өлтіруінен туындаған бүкілхалықтық наразылықтар да президентті сынға ұшыратты.

The Economist журналының соңғы болжамына сәйкес, өз ұстанымын әрқашан ашық айтатын тәжірибелі саясаткер Джо Байден сайлаушылар коллегиясының көпшілік дауысын 91 пайыз ықтималдықпен алады. Ал, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың жеңіске жету мүмкіндігі 9 пайызды ғана құрайды деседі. Кім білсін?! Әзірге демократ Джо Байден президенттік сайыста көш бастап келеді.

 

 

Пікір қалдырыңыз