Туынды тағлымы

(М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесін қайта оқығанда...)
«Жұрнақ көке жынданып кетіпті деген хабарды біз көктемгі каникул кезінде естідік». Осылай басталған әңгіме сюжеті оқырманын өз иіріміне тартып әкетеді.
«Өзінің өзегінен жарып шыққан жас ұрпақты жау тұтатын да жаһаннам жүйелі қорқау қоғам бола берерін біз қайдан білейік ол кезде» дейді автор бала кейіпкер ойымен. Қоғамның безбүйректік танытқан бейнесін кәнігі шебер суреткер табиғат көрінісімен астарлай береді. «Сексен жетінші жылғы қаңтардың өзінде Қонақбай ағайды ауданға қайта-қайта шақыртқан. Онда қысқы каникул еді... Алғаш аяз қысып тұрды дағы, кенет Қазығұрттың қойнауларын суық үнді суыл кернеп, бөрі-боран ұлып қоя берді. Текемет кентінде төрт-бес күндей жарық болмай қалды. Бағаналар құлап, ұзынынан түсіп сұлап жатты».
Мұндағы «қар» – суықтық, Желтоқсан көтерілісіндегі жастарды баудай түсірген жоғары билік тарапынан болған саясат қысымы, бөрі-боранша атойлаған жастарға кінә қоя сайраған бұқаралық ақпарат құралдары, сол жалған жаладан құлаған бағанадай жастардың алаңда соққыдан сұлап жатқаны ащы шындық болатын. Ал, осындай қырғынға кездейсоқ тап болған Жұрнақтың ауыр күйі әкені де сең соққан балықтай сансыратып жіберген еді.
«...Екі беті бірдей үсікке ұрынған. ...қалжыраңқы Қонақбай ағайымыздың жайшылықтағы жылуарлы жанарының бұрынғы нұрынан жұрдайлығы еді». Әке Қонақбайды осыншалықты күйге түсірген өзегін өртей қинағаны жалғыз ұлы Жұрнақтың, Мәскеудегі ірі оқу орнын бітіруіне алты ай қалғанда Желтоқсан қырғынына ілігіп кетіп, жазықсыз сотталып, ауыр соққыдан ақыл-есінен айырылып дімкәс жанға айналғаны болатын. Жарты жылға жуық азап пен тозақтың арасында жүргендей күй кешкен кейіпкер Қонақбай ақыры бала күйігінен мезгілсіз ажал құшады.
Бұл қаралы сәтті автор оқушы кейіпкер көзімен былай суреттейді: «Бәріміз бір-бірімізбен біздің үйде құшақ айқастырып үлкендерше көрістік. Неге екенін кім білсін, өкіре дауыстап, шер тарқатқымыз келгенімен, үнімізді шығармай әлдекім әлдеқайда барып айтып қоятындай-ақ қысылып, қыстығып жыладық». Тіпті, «мектеп мұғалімдері мен оқушыларының баруына тыйым салынып, жаназасының өзін жасырын шығаратындай Қонақбай ағайдың жазығы не еді?» деген сұрақ көкейде тұрары анық.
Иә, ол уақыттарда бұл сұрақ талайдың жүрегін ауыртқанмен, барлығы оны сыртқа шығаруға қауқарсыз еді. Қоғамды ауыр үнсіздік басып, бір-біріне деген сенімсіздіктің де өршіп тұрған тұсын кейіпкер Қонақбай ағайдың оқушыларының үнсіз жылап көріскенінен бағамдайсың...
Жалпы, сол жылдардағы уақыт шындығын оқушы-кейіпкер көзімен баяндауы суреткер тарапынан сәтті ұйымдастырылған тәсілдің бірі деуге болады. Себебі, қорқып-үркіп қалған құлдық психология шырмауынан арылып болмаған қазақ үшін де оқиғаны ересектер көзімен емес, әлі өмірге араласа қоймаған бейкүнә бала көзімен беру шығарманы шынайыландыра түскендей.
Әңгімедегі – қаралы күй үстіндегі «үнсіздікте» терең мән, астарлы сыр бар. Тағы кері шегініс жасасақ: Көп жылдар Желтоқсандағы көтеріліс теріс бағаланып, алаңға шыққан жастарға «нашақорлар» деп қара бояу жағылды. Көпшілігі оқудан шығарылып түрмеге тоғытылды. Аман қалғандары денсаулығынан айырылып, тіпті бастан алған ауыр соққыдан Жұрнақ секілді делқұлыға айналды. Ал, жастық жалыны алаулаған қазақ жастарының қынадай қырылуына жол беріп қойған біздің үнсіздігіміз, сол уақыттарда үлкен билік басында отырған қаны қазақ билеушілердің үнсіздігі, яғни үлкендердің кінәсі деген авторлық ой ұшқыны қылаң беретіндей. Оралхан Бөкей шығармаларынан да қасат қар тұмшалап алған табиғат көрінісі мен ауыр үнсіздік орнаған кеңістік әлемді жиі кездестіреміз. Әрине, оның шығармада белгілі бір көркемдік жүк көтеріп тұрғаны да белгілі.
– Міне, сөйтіп бір кездегі ел біліміне қызыға қарайтын, Мәскеуде оқитыны елге аңыз боп тараған есіл азамат «жынды Жұрнақ» болып еліне оралды. «Жынды Жұрнақ». Ол осылай атанды да кетті» дейді автор. Жұрнақ келе-келе делқұлы ахуалынан үлкеннің де, кішінің де мазағына айналады. Жадынан да мүлде айырылған Жұрнақтың сана түкпірінде өз басынан өткен қайғылы көріністердің еміс-еміс елесі қалғандығын автор бірер детальдармен ашады. Оның бірі – арматура, екіншісі – өрт сөндіргіш машинаны көруі. Автор кейіпкерді қалыпты жағдайдан ауытқыта отырып, ессіз, делқұлы кейіпте бір кездегі қазақ жастарының басына нәубет болып келген Желтоқсан оқиғасының қасіретін көркем тілмен жеткізеді. Бұл тұрғыдан алғанда Жұрнақ типтік образ деуге болады. Бір кездегі асқақ арманы, биік мақсаты бар Жұрнақты осыншалықты қор қылған қиянатшылдарға лағынет айтпасқа амалың жоқ. Автор сөзімен айтсақ: «Жынды дей алмайсың. Дегің келмес. Кесілгір тілің тартынбайды, алайда. Көке де дей алмайсың. Шіркін-ай, дейсің жаның ашып. Тағдыр-ай, деп жас тығылар тамаққа. Жұрнақ, мынау мүсәпір халдегі жынды Жұрнақ, сол Жұрнақ па, шынымен?! Сезім сорлының сенгісі келмес, сана бейшараның қабылдағысы жоқ. Сенесің де, көнесің де. Қабылдамай қайда барасың!».
Міне, автордың жанайқайы, тіпті бар болмысымен егілген жан күйзелісі.
«Көз жасымыз қарға дыбыссыз тамады». Жұрнақ қайтыс болған сәттегі бұл қайғылы сөйлемде көп астар бар. Желтоқсан кезінде қаншама жастың көз жасы мен қаны төгілді. Тіпті, сол бейкүнә жастарды қорғай алмай шарасыздық жібіне байланған кей ұлтжанды ағаларымыздың да көз жасы ма? деген ой да қылаң береді.
М.Байғұт табиғатты сөйлете білуге шебер. «Сол қыстың соңы да сексен жетінші жылғыдай қақап тұрған. Екі күн бойы Қазығұртыңыздың қойнау-қойнауларын суық үнді суыл мен уіл кернеп, пәлен жылда бір айналып соғып кететін бөрі-боран ұлыған түнге қарата уіл мен суыл саябырсып, сықырлаған аяз бен сүйек сырқыратар суық жел алмаса алысқан». Мұндағы суықтық ажалдың символикалық бейнесі іспеттес. Жұрнақтың кенеттен болған қазасын алдын-ала меңзегендей. Әрі сол кезеңдегі уақыттың да саяси ызғарын астармен жеткізгендей.
Әңгімеде назар аударатын көркемдік деталь бар. Ол – Қамбар ата кесенесінің сыртында жататын ақшылтым тас. «Таста тамыр жоқ» деген нақылды ескерсек, «тас» сөзі қашан да мейірімсіздіктің, қатыгездіктің, қатқылдықтың ұғымын береді. Тас, тасбауыр, тасжүрек сияқты сөз тіркестері бары белгілі. Жұрнақ та осындай тасбауыр, тасжүрек қоғамға кез болды. Соның құрбанына айналды. Сол тас екеш тастың өзі Жұрнақ үшін қымбат, күнделікті нәпақасын табар күнкөріс көзіне айналған-ды. Жұрнақтың тазалауымен тастың жалтырап айналаға сәуле шашуы кейіпкердің адамнан көрген қатыгездік пен қорлығын сәл де болса еріткендей. Ең қайран қалдырғаны Жұрнақ қайтыс болған түні сол ақшылтым тастың қарайып кетуі. Жаны жоқ тастың өзі қайғыдан қарайып кеткендей болса, онда Жұрнақ секілді талай жас өскінді сергелдеңге түсірген, жас өмірін өксікке айналдырып жіберген зұлымдық иелерінің жүрегі қарайып, ар сотына түсіп жатпасына кім кепіл?! Сезімтал жазушының «Жұрнақтың өліміне де, өмірінің соңында көрген жан төзгісіз қорлықтарына да өзімізді кінәлідей сезініп жүрдік» деп кейіпкер ойымен беруінде терең мән бар. Әңгіме атауының өзі «Жоғалған Жұрнақ». Ең алдымен жұрнақ деп өзінің тілдік мағынасында жеке сөздердің түбіріне жалғанып бірде жаңа мағыналы сөз, бірде жалғанған сөздердің формасын ғана өзгертетін сөз бөлшегін атаса, кейіпкер атауы да осы мағынадан алыс кетпейді.
«Қарауыта қоңырайған Қазығұрттың көлбеп жататын жоталы жоны шорт кесіліп түскендей» деген бейнелі орамда суреткерлік терең ой бар. Жұрнақсыз жаңа сөз туындамайтыны секілді, атадан балаға өтіп келе жатқан қазақи рух, сабақтастық, үндестік, ұлттық намыс жойылып кетуге шақ қалғанда сол рухты қайта тірілткен Желтоқсан көтерілісі. Қарауыта қоңырайған Қазығұрт тауы бейнелі түрде «қазақ ұлты» деп түсінсек, ал, оның шорт кесіліп түскен жоны қыршынынан қиылған, алаңға шыққан – қазақ жастары. Әңгімеде Жұрнақтың қайғылы өлімінің басына жиналған оқушы-балаларға кейіпкер Сағыныш апайдың: «Балалар... – Жоқ, сендер бала емессіңдер енді... Есейдіңдер ғой сендер... Бәрін кеш түсінетініміз, кешігіп ұғынатынымыз қандай өкінішті... Жұрнақты есте сақтаңдаршы...» деген сөзінің шындығы бар. Себебі, кеш те болса Желтоқсан оқиғасы ақталды. Тәуелсіздігіміз Жұрнақ секілді жастардың жазықсыз төгілген көз жасымен, жазықсыз құрбандығымен келді. Өкінішке қарай, біз көп Жұрнақтарды жоғалттық...
М.Байғұт жай қарапайым кейіпкер болмысы арқылы үлкен қоғамдық мәселелерді қозғап, Адам. Қоғам. Уақыт деген ірі философиялық категорияларға биік интеллектуалдық тұрғысынан өзінше келеді. Суреткер адамгершілік өлшемімен келіп, адами асыл мұраттарды жоғары көтереді. Әр кейіпкер болмысынан қазақилықтың иісі аңқып, шындық, адалдық, тазалық есіліп тұратыны тағы бар. Сол негізде қоғамның қасиеті мен қасіретін шебер, көркем тілмен жеткізеді.
Жадыра ОРАЗАЛИЕВА.