ТҮРКІСТАН және НҰРСҰЛТАН

Тарихи шаһардың жаңа дәуірі басталды

Түркістан – шежірелі шаһар. Ол бүгін ғана Түркістан бола қалған жоқ. Археологиялық қазбалар арқылы табылған жәдігерлер шаһардың тарихы тіпті сонау сақ-ғұн дәуірінен басталатынын растайды. Содан да бұл киелі мекен ерте дәуір, орта ғасыр және жаңа заман тарихында ерекше орны бар, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген мекен саналады. Ол – түркілердің текті төрі, рухани қарашаңырағы. Және солай болып қала бермек. Бұл тұрғыда Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап Түркістанды қайта түлетуді мақсат еткен Елбасы «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» деген болатын.

Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Түркістан облыс орталығына айналды. Осы кезеңнен оның жаңа дәуірі басталды десек болады. Жаңа Түркістанды Елбасының төл идеясы десек қателеспейміз. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Түркістан түгел түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жан-жақты, жасампаз даму жолына түсті. Сан ұлт пен ұлыстың ұйытқысына айналған шаһарға қазіргі таңда әлем халқының назары ауды.

Айта кету керек, облыс орталығы мәртебесін бергеннен кейін Елбасы Түр­кістан қаласын дамыту тұжы­рымдамасына және «Turkistan» арнаулы экономикалық аймағын құру туралы екі бірдей маңызды құжатқа қол қойған болатын. Соған сәйкес ауқымды шаралар қолға алына бастады. Бүгінде Түркістан қаласы бірнеше бағытта көркейіп келеді. Заманауи үлгідегі жаңа ғимараттар алыстан менмұндалайды. Қазіргі уақытта мұнда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қыруар жұмыстар атқарылуда.

Қаншама мыңжылдық өркениеттердің торабы болғанымен, Түркістанның бұдан екі жыл бұрынғы келбеті, шындығы керек, тым жұтаң көрінгенін жасырып қайтеміз?! Құдды аудан орталығы іспетті кескін-кейпі туристерді тартпайтын. Туристер мұнда тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу ету үшін ғана арнайы ат басын бұратын. Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі барша мұсылманның, түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Киелі Түркістанның қасиетті топырағында 170-ке жуық тұғыры биік тұлғалардың асыл сүйектері жатыр. Қазақтың 21 ханы, 19 биі, 52 батыры, 8 сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңына жерленген.

Басқаны айтпағанда, сол туристерді қабылдайтын қонақүйлердің өзі заманауи талаптарға жауап бермейтін, шетелдік қонақтарға қызмет көрсетуге дайын емес еді. Ал, бүгінде мұнда қонақүй бизнесі қарқынды дамуда. Түркістанға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету үшін биыл ашылған «Сапар» орталығының алып жатқан аумағы – 2092 шаршы метр. Мұнан бөлек, Түркістанды туристік, білім орталығы ретінде дамыту үшін арнайы Туризм және меймандостық университеті ашылды. Шаһарда бұрын да іргелі жоғары оқу орны бар болатын. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізген кезеңде Елбасы Н.Назарбаевтың жобасымен тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Сонымен қатар Елбасы кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Шаһарды рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін 2019 жылы 9 әлеуметтік нысан тапсырылса, биыл 20 нысан құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік орталығы, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, Олимпиада резерві спорт мектебі, автовокзал ашылды. Сонымен қатар, «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені де атап өтуге тұрарлық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Sembol construction» түрік компаниясы қолға алған әлемде теңдесі жоқ туристік кешенде заманауи қонақүйлер, Шығыс базары, мейрамханалар іске қосылып, жасанды көл пайда болмақ. Бұл жобаның құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Бұдан өзге де қаланың ажарын аша түсер жаңа нысандар көптеп бой көтереді.

Түркістанның дамуы жолында Елбасының қосқан үлесін санамалап айтып тауысу мүмкін емес. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы бір жиында сөйлеген сөзінде былай деген екен: «Біз құлақ естіп, көз көрмеген тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Түркістанның бұлай өркендеуі Әмір Темірдің Ясауи бабамыздың басына кесене соққан кезде де, Абылай хан Түркістанды Қазақ хандығының астанасы жасаған кезде де болмаған болуы керек. Түркістан жыл санап емес, күн санап өсіп келе жатыр. Түркістанның жасарып, жаңғыруының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тұр. Мың жылдан кейін де 3020 жылы Ясауи кесенесін Әмір Темір тұрғызған десе, Түркістанды тұңғыш облыс етіп, оның орталығын Түркістан жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы деп айтылады. Түркістан мен Нұрсұлтан қазақ тарихына ажырамайтындай болып енгені дәлелді қажет етпейтін дүние...» Сірә, бұдан өткен айшықты теңеу болмас. Елбасының еңбегіне берілген әділ баға осындай-ақ болар.

Түркістан – түркі әлемінің бойтұмары. Ендеше, оның өсіп-өркендеуі тек Қазақ­станның мәртебесін көтеріп, әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін биіктетіп қана қоймайды, күллі түркі дүниесінің абыройын асқақтатады. Киелі шаһарды қайта түлету – уақыт талабы.

 

 

Пікір қалдырыңыз