Судан тапшылық жоқ

Назгүл Назарбекова, «Ońtústik Qazaqstan».

«Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі науқан кезінде егін алқаптарын сумен қамтамасыз етудің барысын таныстыру үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.

Шара барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аймақтағы жиын-терім науқаны қалай жүріп жатқанын, өңірді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын өз көздерімен көріп қайтты. Жұмыс тобы Түлкібас, Созақ және Отырар аудандарында болып, ондағы су жүйелерімен танысты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс бойынша 574 мың гектар суармалы алқап бар. Ал, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі соның 313 мың гектарын сумен қамтып отыр. «Қазсушар» бөлімшесі бастығының айтуынша, негізінен тік дренажды ұңғымалар қазу, сорғы бекеттерін орнату және су бөгеттерін салу арқылы өңір шаруалары сумен қамтылған.

«Биылғы вегитациялық кезең су тапшылығына байланысты күрделі болды. Бізге жыл сайын келетін су мөлшері биыл шамамен 30 пайызға азайды. Осыған орай Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевпен, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірнеше мәрте көршілес Өзбекстан еліне барып, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде трансшекаралық Достық, Ханым, Ачинау каналдарында суды әділетті бөлу туралы келісім жасалды. Айта кету керек, Өзбекстан қиын кезеңге қарамастан өз уәдесінде тұрып, суды келісім бойынша жіберіп отырды. Ал, біздің Түркістан облыстық бөлімшесі тәулік бойы жұмыс істеп, шаруаларды барынша сумен қамтыды» деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Денис Коновалов.

Сондай-ақ, биыл өңірде күріш дақылының көп егілуіне байланысты өзге дәнді дақылдарға су жетіспеушілігі байқалған. Әсіресе, Жетісай мен Отырар аудандарында су жетіспеді. Тығырықтан шығу үшін бөлімше мамандары автоматты су бөгеттерін салып, аймақтағы барлық егін алқаптарын құрғақшылықтан аман алып қалған. Нәтижесінде мақта, күріш, көкөністер мен жемістер бітік шыққан.

Бүгінгі таңда өңірдегі суару науқаны 95 пайызға аяқталыпты. Нәтиже жаман емес. Қазір Сырдария өзенінің сағасы бойынша ағатын су мөлшері секундына 42 текше метрді құрайды. Ол Шардара су қоймасына жинақталуда. Демек, су жеткілікті деп айтуға толық негіз бар дейді мамандар.

Қазіргі таңда бөлімше суармалы жүйелерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мәселен, осындай шаралардың бірі Түлкібас ауданында жүзеге асырылуда. «Қазір өңірдегі суару жүйелері шамамен 63 пайызға жұмыс істеп тұр. Сондықтан біз бірнеше бағдарлама бойынша жұмыс жүргізбекпіз. Барлық каналдар жерді қазу арқылы тартылған. Ол, біріншіден, судың сіңіп кетуіне себеп болса, екіншіден құм құрамы да үгілгіш болып келеді. Сондықтан жылына 1-2 мәрте арналарды тазартып отырамыз. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен арналарды бетондаймыз» деді Д.Коновалов.

«Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Серік Пірімқұловтың мәлімдеуінше, өңірде 6 нысан қайта жаңғыртылуда. Оның екеуі – Түлкібас ауданында. Нәтижесінде аудандағы ауылдардың біріне баратын 5 бөгет және 13 магистральды канал қайта іске қосылмақ. Бұл жұмыстарға 300 техника жұмылдырылған. «Бұл каналға үлкен үміт артып отырмыз. Егін егуіміз үшін бізге бірінші кезекте су керек. Ауыл шаруашылығына қажетті жем-шөптің мол болуы да осы суға байланысты. Ауылдықтар арнаның іске қосылатынын естіп, қатты қуанып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстарды да көзбен көріп отырмыз» деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ержан Әбдіхалық ақсақал.

Айта кетейік, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының балансында 18 су қоймасы, 11 су бөгеті, 87 магистральдық канал және 1792 шаруашылықаралық және ішкішаруашылықаралық каналдар бар. Сонымен қатар, оған 3095,12 шақырымды құрайтын 408 қашыртқы мен 1143 тік дренажды ұңғымаларды қосыңыз. Ал, оның ішінде жұмыс істеп тұрған тік дренажды ұңғымалар саны – 345.

 

 

Пікір қалдырыңыз