Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Қазақстан Президенті сапар барысында Мақтаарал ауданының Мырзакент ауылында, Арыс, Түркістан қалаларында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.

 

ТҰРҒЫНДАР КӨП ҰЗАМАЙ ҮЙЛЕРІНЕ ОРАЛАДЫ

Қазақстан Президентінің Түркістан облысына сапары Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа шағынауданның құрылысымен танысудан басталды.

Апат салдарынан 4 мыңға жуық тұрғын зардап шегіп, 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынды. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа шағынаудан бой көтерді, әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден берілді. Өргебас, Фирдоуси ауылдарын қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны жақсы.

Құрылыс барысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен кездесті. Президент су тасқыны кезінде мемлекет шұғыл шешім қабылдап, ауданды қалпына келтіру үшін қазынадан қаржы бөлінгенін, осындай сын сәтте бүкіл халқымыздың ұйымшылдық танытқанын атап өтті.

– Жаңа шағынаудан салынып жатыр. Зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Әрбір тұрғынның жағдайын ескердік. Жаңа баспанаға көшем деген адамдар осында қоныс аударады. Көп ұзамай барлығы өз үйлеріне оралатын болады. Өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті аудандағы ахуалды тікелей өзі қадағалап отырғанын жеткізді.

Сапар барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Республикасымен бірлесіп су тасқынының салдарын жою, алдағы уақытта мұндай апатты болдырмауға қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты нәтижелі жалғастыра беру керек деп тапсырды.

 

АРЫС ТОЛЫҚТАЙ ҚАЙТА ЖАҢАРДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Былтырғы Арыс қаласында болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі теміржол бекетінің ғимараты болатын. Президент Түркістан облысына сапары барысында «Арыс -1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалымен, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті.

– Шын мәнінде, орасан зор жұмыстар атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

– Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген елдер зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл – ең алдымен, дәрігерлердің еңбегі. Шұғыл шаралардың нәтижесі. Дегенмен, әлі де сақтық шараларын ұстануымыз керек. Босаңсуға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тұрғындар жарылыс болған күні шұғыл түрде түнделетіп ұшып келіп, халықпен кездесіп, жағдайды үнемі бақылауда ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын айтты. Жергілікті халық Арыс қаласы толықтай қайта жаңарғанын, бұл дер кезінде қабылданған шешімнің нәтижесі екенін, осындай сындарлы сәтте мемлекеттің қамқорлығын сезінгендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

 

* * *

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен, біз ендігі жерде мұндай жарылыстың қайталануына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

– Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуға тиіс, – деді

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

 

ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Мемлекет басшысы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралау барысында күмбездің тарихи келбетін сақтай отырып жүргізілген жаңарту жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Атап айтқанда, кесененің желдеткіш қабаттары реттеліп, күмбез етегіндегі сегіз қырлы қосындыға гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағындағы тарихи орындар қайта қалпына келтіріліп, кесене алдына туристер демалатын қалың бау-бақшалы алаңқай салынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілгені жөнінде баяндалды.

Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы «Сапар орталығының» жұмысына қанықты. «Сапар орталығы» – өңірдегі биыл іске қосылған маңызы зор нысан.  Қазақстан Президентіне туристік нысандарды бірыңғай электронды билетпен қамту жүйесі, туристерге ұсынылатын маркетингтік ақпарат және аудиогид материалдары жөнінде баяндалды.

Жалпы көлемі 2092 шаршы метр аумақты алып жатқан орталықта 54 адам жұмыс істейді. Олар Түркістанға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, қажетті материалдармен қамтып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ хандығы» атты залда орналасқан экспозициялармен танысты. Сонымен қатар Президент қолдан тоқылған көне кілемдердің көрмесін аралап көрді.

Қазақстан Президенті Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Мемлекет басшысы Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарының қолдауымен салынған, жалпы аумағы 32 гектар жерді қамтитын «Жібек жолы» саябағына барды. Онда қаладағы іске асырылып жатқан жобалармен танысты.

Шара барысында Қазақстан Президентіне Түркістан халықаралық әуежайының құрылысы жайында ақпарат берілді. Әуежай жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қасқасу» тау шаңғысы кешенін дамытуға байланысты және өңірдегі су ресурстарына қатысты жобалар туралы мәлімет берді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысына облыс орталығын дамыту, Түркістан қаласындағы мәдени-рухани жобалардың жүзеге асырылуы, шаһарға тартылған инвестиция көлемі жөнінде баяндады. Сондай-ақ, Президентке өңірдегі COVID-19 инфекциясына қатысты жағдай және оған қарсы қабылданған шаралар, облыстық ахуалдық орталықтың жұмысы жайында баяндады.

Сапар соңында Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімшілік-іскерлік орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Akorda.kz.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз