КАМЕРА ТӘРТІП БҰЗҒАНДЫ КЕШІРМЕЙДІ

Жыл басынан бергі 7 ай ішінде бейнекамералар арқылы 88 173 құқықбұзушылық анықталған.

Түркістан облысында жыл басынан бері 466 жол-көлік оқиғасы орын алып, 120 адам ажал құшқан. 596 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Жалпы, Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жылдамдықты анықтайтын 17 фото-радарлы комплекстері жұмыс істейді. 


 Әрине, әр бейнекамераның қызметі әртүрлі. Мысалы, жолдың екі бағытын бақылауға қауқарлы «Трафиксканер» көліктің басқару жылдамдығы мен жолдың қарама-қарсы бағытына шығу сияқты құқықбұзушылықтарды анықтаса, «Интегра» көше қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісін, тоқтау сызығын басу, қарама-қарсы бағытқа шығу сияқты құқықбұзушылықтарды қалт жібермейді. Ал, «Крис-П» және «Арена» құралдары республикалық маңызы бар жолдарда жылдамдықты асырғандарды қадағаласа, «Скат ПП» атты фото-бейне камерасы көліктің жылдамдығын анықтау, тыйым салынған жерге тоқтау, жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен жүру, қарама-қарсы бағытқа шығу, артқа қарай жүру сияқты құқықбұзушылықтарды анықтайды.

-Жыл басынан бергі 7 ай ішінде аталған құралдар арқылы 88 173 құқықбұзушылық анықталып, шығарылған ұйғарымдар бойынша 2 475 304 052 теңге айыппұл салынған. Оның бүгінге дейін 819 662 075 теңгесі өндірілген», - дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков.


«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз