ҚИЫНДЫҚТЫ БІРЛІКПЕН ЖЕҢГЕН ЕЛМІЗ

Алдағы екі апта ел тағдыры үшін өте маңызды кезең болғалы тұр.

Күні кеше мемлекет басшысы кезекті үндеуін жариялап, өз сөзінде бірқатар мәселелер мен қиындық тудырған жағдайларды атап өтті. Оның ішінде әлемдегі және еліміздегі пандемия, адамзат шегіп отырған қайғы, тынбай жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің еңбегі, отандық медицинаның ахуалы, төтенше жағдайға байланысты жалған ақпарат таратушылар мен оларға қолданылатын жаза, биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен әр аумақ әкімдерінің жұмысы сынды қазіргі кезеңдегі маңызды мәселелер бар. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Расында, ауру қайдан, қалай пайда болса да, оны бізге біреу жұқтырмайды. Демек әр адам жағдайдың күрделі екендігін түсініп, ең алдымен өзін сақтау арқылы өзгелердің де өміріне зиян тигізіп алмауды ойлауы қажет. Бүгінде сақтық шаралары, карантин талаптарын білмейтін жан жоқ деп ойлаймын. Ал, дәрі-дәрмек тапшылығына келсек, жетіспеушілік байқалып жатқаны рас. Ол жайлы ел Президенті «Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі» - деп атап өтті.

Тағы бір ел ішінде дүрбелең туғызып жатқан мәселе – жалған ақпарат. Бұл бір жүйемен жасалып жатқан жұмысты жоққа шығарып, билік пен халық арасында сенімсіздік тудыратыны рас. Дегенмен көпе көрнеу ақпарат таратқандар анықталып, жауапқа тартылып жатыр. Бастысы мұндай істен аулақ болып, барынша пайдалы ақпараттармен бөлісейік.


Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, алдағы екі апта ел тағдыры үшін өте маңызды кезең болғалы тұр. Сондықтан, барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жақынымызға жанашыр болайық! Біз кез келген қиыдықтан бірліпен жеңген халықпыз! 


                                                                                                        Амалбек ӨМІРТАЙ,

                                                                                                        Түркістан облысы "Жастар ресурстық орталығының" директоры.

Пікір қалдырыңыз